Ел ішінде

Федерация кубогының ашылу салтанаты өтті (ВИДЕО)

Елімізде алғаш рет Жамбы ату және Теңге ілу федерацияларының кубогы өтіп жатыр. Осы шараның ашылу салтанаты барысында Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай сөз сөйледі.

Бүгін біз дәстүрлі спортымыздың тарихында тұңғыш рет жамбы ату және теңге ілу федерацияларының кубогіне арналған республикалық турнирдің ашылу салтанатына қатысып отырмыз. ​Өздеріңізге мәлім, жамбы ату және теңге ілу спорттары – бұл біздің жас, жақында ғана спорт қатарына қосылған ойындарымыз. Соған қарамастан, біздің спортшыларымыз ел ішінде ғана емес, әлемдік, халықаралық додаларда да бақ сынап, жетістіктерге жетуде, – деді Рахат Жақсыбай.

​Ол атап өткендей, жақында ғана Иран мемлекетінде өткен ат үстінде садақ атудан ХVI Әлем чемпионатында Қазақстанның ұлттық құрамасының мүшесі Айкөз Ералхан 3 стиль бойынша 1 алтын, 2 күміс медальды олжалап, елімізге абыроймен оралды.

​Бұған дейін 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Әлем чемпионатында біздің жігіттеріміз Тұлыбеков Абзал мен Бадашев Елдос әлемдік рекорд орнатып, топтық сайыста жеңімпаз атанған еді. ​Қазіргі уақытта Бадашев Елдос, Айкөз Ералхан, Тұлыбеков Абзалдың есімдері Қазақстанның спорт тарихында жазылып, біздің ұлттық спортымыздың абыройын асқақтатып келеді, – деп атап өтті Рахат Жақсыбай.

Еске сала кетейік, сайыста жеңімпаздарына бас жүлде – автокөлік, 2 орын – 1 миллион теңге, 3 орын – 500 мың теңге сый беріледі.

​Ол сөз соңында жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, бүгін таңғы 9-дан кешкі 17.00-ге дейін Жамбы ату мен Теңге ілуден іріктеу жарыстары өтті.

4 қазанда Жамбы ату мен Теңге ілуден ақтық бәсекелер болады. Сондай-ақ үздіктердің марапаттау рәсімі өтеді.

Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

Қауымдастықтың желідегі парақшалары