Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/vhosts/etnosport.kz/ethnosport.kz/wp-content/themes/ethnosport/single.php on line 19

АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНА 3 КҮН ҚАЛДЫ

Азия чемпионатының жүлдесін сарапқа салатын шетелдік аударыспақшылар қатарында кімдер бар? Теңге ілушілер сайысына кімдер қатысады? Дүбірлі дода басталар уақыт таяу қалған сайын жанкүйер көкейін осындай сауалдардың мазалайтыны анық. Әрине, бірер күн бұрын барлық спортшылардың тізімі жарияланды. Қазақ елінің намысын қорғайтын аударыспақшылар мен теңге ілу шеберлері жан-жақты таныстырылды. Біз бүгін қолымызда бар деректер бойынша шетелдік спортшылардың бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Әзірге, Моңғолия мемлекетінен Азия чемпионатына сайланып келетін спортшылармен таныс болыңыздар.

Ыдырыш Бағлан – аса ауыр салмақта сынға түсетін моңғолиялық балуан. Аударыспақтан Монғолияның 2 дүркін чемпионы, Азия чемпионатында 4 орын иеленген. 36 жастағы Ыдырыш Бағлан соңғы 5-6 жылдан бері аударыспақтан ұйымдастырылған халықаралық жарыстардың барлығына қатысқан тәжірибелі балуан. Ыдырыш Бағлан 2017 жылы Астанада өткен І Халықаралық турнирдің алғашқы айналымында қырғызстандық Нұрлан Молдақұловқа есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалған болатын.

Суретте: (оң жақта) 90 келіден жоғары салмақта 2017 жылғы І Халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанған Досжан Байысғалан.

 

Байысғалан Досжан – 90 келі салмақта сынға түсетін моңғолиялық балуан. Аударыспақтан Монғолияның бірнеше дүркін чемпионы. Осы жылы орда бұзар отыз жасқа толған Досжан Астанада 2017 жылы Аударыспақтан өткен Халықаралық турнирдің қола жүлдегері. Былтыр аса ауыр салмақта бақ сынаған Досжанның қарқыны қатты болды. Аса ауыр салмақта Халықаралық турнирдің алғашқы айналымдарында қарсылас шыдатпаған Досжан тек біздің Біржан Қосалиев пен Қытай Халық Республикасының балуаны Серік Үсеннен ғана ұтылып, турнирдің қола жүлдесін қанжығасына байлап қайтқан.

 

Суретте: 80 келі салмақта 2017 жылғы І Халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанған Жеңісбек Серікұлы.

 

Серікұлы Жеңісбек — 80 келі салмақта сынға түсетін монғолиялық балуан. Аударыспақтан Монғолияның 2 дүркін чемпионы, Қытайда өткен ІІ Азия чемпионатында төртінші орын иеленген, 2017 жылы Астанада Аударыспақтан өткен Халықаралық турнирдің күміс жүлдегері. Өткен жылы 80 келі салмақтағы біздің бас балуанымыз Рахматілла Есімханмен ақтық сында сайысқан өте әдісқой балуан.

 

Серікұлы Жанарбек – 70 келі салмақта сынға түсетін монғолиялық балуан. Серікұлы Жанарбек 1993 жылы туған жас спортшы. Ұлттық спорт түрлерінен Моңғолиядағы жарыстарға топ жарған балуан. 2018 жылы Моңғолияда өткен аударыспақтан іріктеу жарысының жеңімпазы.

 

Манахайұлы Жеңісбек – монғолиялық үздік Теңге ілуші. Монғолия чемпионатында Теңге ілу спортынан 2 дүркін чемпион атанған. 2018 жылғы республикалық Асау үйрету чемпионатының жеңімпазы.

 

Төлеген ЖӘКІТАЙ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары