Құсбегілік

ЕРТЕҢ ҚҰСБЕГІЛІКТЕН ЖАСТАР ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛАДЫ

24-27          қаңтар күндері Түркістан облысы Төлеби ауданында Құсбегіліктен Жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өткізіледі.

          Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен «2019 жылға арналған Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбелік жоспарына» сәйкес ұйымдастырылып отырған аталмыш чемпионат биыл ХІ рет ту көтеруде. 21 жасқа дейінгі жас құсбегілер бәсекесінің нақты өтетін мекені – Төле би ауданындағы «Киелі тас» ауылдық округі. Жарысты ұйымдастырушылардың хабарына сүйенсек, бүгінгі күнге дейін Түркістан, Атырау, Павлодар, Алматы облыстары, Алматы мен Астана қалаларының командалары жарысқа тас-түйін дайын. Жамбыл облысы болса, бұл чемпионатқа қос командамен қатыспақшы. Әзірге жарысқа қыран құстарды ең көп әкелген Алматы облысы екен.

Оқырманымызға мағлұмат үшін айтып өтейік, елімізде құсбегілер бәсекесі таяу күндерде бірінен соң бірі өткізілмек. Мысалы, ертең Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылының іргесінде «Салбуырын-2019» ашық республикалық турнир басталады. Өткізілетін күні – 24-28 қаңтар. Сондай-ақ, 1-4 ақпан күндері Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай  ауданында ересектер арасындағы Құсбегіліктен Қазақстан Республикасының ХІІІ чемпионаты өткізіледі.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен бұған дейін жас құсбегілер сайысы да аз өткізілген жоқ. Соның нәтижесінде, қазіргі кезде олардың қатары қалың.

Суретте: 2018 жылғы Құсбегілердің  ІІ Азия чемпионатындағы қаршыға бәсекесінде  чемпион атанған Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы).

Суретте: 2018 жылғы Құсбегілердің  ІІ Азия чемпионатындағы қаршыға бәсекесінде  қола жүлдені иеленген Бексұлтан Сейітжан (Алматы облысы).

Жас құсбегілеріміз  елішілік қана емес, халықаралық жарыстарда да олжа сала бастады. Мәселен, өткен жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған Құсбегілердің  ІІ Азия чемпионатындағы қаршыға бәсекесінде  14 жастағы Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы) чемпион атанса, 10 жастағы Бексұлтан Сейітжан (Алматы облысы) ІІ Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді.

Ал, жастар чемпионаты туралы еске салып өтсек, 2018 жылғы Құсбегіліктен жастар арасындағы  Х чемпионат Тараз қаласында ұйымдастырылды. Өткен жылғы бүркітшілер бәсекесінде – Сармат Қошқаров (Атырау облысы), қаршығада – Паң Төлемырза (Түркістан облысы, Шымкент қаласы), ителгіде – Махмұтхан Сағи  (Түркістан облысы, Арыс ауданы) жеңімпаз атанған болатын. Құсбегіліктен ХІ ҚР Жастар чемпионатының қорытындысы 27 қаңтар күні жарияланады.

Ұлттық спорт ақпараты    

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары