ЕРТЕҢ І ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛАДЫ

Бүгін «Алтын жебе» Әлем чемпионатына қатысатын спортшылар  «Nur-sultan ethno fest»  мерекесі өтетін этно-қалашықта соңғы даярлық-жаттығуларын жасады.

Кешке қарай дүниежүзі мергендері ертеңгі бәсекеде жарыс жолына шығу реті бойынша этно-қалашықтың үлкен сахнасына жеребе тартуға жиналды.  Жарыс жеребесін тартудың салтанатты  рәсіміне ҚР Денешынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиев және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, ат үстінен садақ атудан І Әлем чемпионатын ашық деп жариялады.

Сондай-ақ, ҚР Денешынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиев «Nur-sultan ethno fest»  мерекесі аясында өтіп жатқан дәстүрлі садақ атудан республикалық турнирге қатысушы спортшылардың жаттығу-дайындық шарасына барып, ұлттық садақпен нысана атып көрді.

Еске салып өтсек, ертең басталатын «Алтын жебе» І Әлем чемпионатында 12 мемлекеттің 24 мергені бақ сынайды.

Ұлттық спорт ақпараты

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары