ЕРТЕҢ І АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛАДЫ

Ертең Талғар ауданы Панфилов кентіндегі атшабарда сағат 12:30-да Ұлттық ат спорты түрлерінен Жастар арасындағы І Азия чемпионатының салтанатты ашылуы өтеді.

               Чемпионатқа Қазақстан, Ресей, Қытай, Венгрия, Монғолия, Малайзия, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан секілді жалпы жиыны 11 мемлекеттің ең үздік спортшы жастар командалары көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан бақ сынайды. Бүгін командалар ертеңгі жарысқа даярлық кезеңінен өтуде.

Сондай-ақ, алдын ала бекітілген бағдарламаға сәйкес бүгін сағат 17.00-де Алматы қаласындағы Желтоқсан көшесінде  орналасқан «Астра» қонақ үйінде мандат комиссиясы мен төрешілер алқасының отырысы өтеді.

Айта кетейік, Жастар жылы аясында өтетін байрақты бәсекенің жалпы жүлде қоры 16 000 000 теңгеге жуық қаражатты құрайды. Жылдың айтулы спорттық шарасына  (TIKA) Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі де қолдау білдіріп отыр.

Чемпионатты Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастыруда. Бас серіктес – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры.

Бүгінгі мандат комиссиясы отырысынан соң ертеңгі бәсекеде қай ел командалардың кімдермен қарсылас болатыны анықталады. Жарыс кестесі туралы ақпараттарды қосымша жариялайтын боламыз.

Ұлттық спорт ақпараты

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары