ЕРТЕҢ «АСТАНА КУБОГЫ»

 Ертең «Қазанат» атшабарында Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында бәйге түрлерінен  «Астана кубогы» өтеді

          Бұдан бұрын хабарлағанымыздай «Астана кубогы» үшін өтетін бәйге екі түрлі қашықтықта болмақ. Аламан бәйге – 25 шақырым. Екінші бәйге – 16 шақырым. Қос бәйгенің де жүлделері қомақты. «Астана кубогының» жүлде қоры – 20 миллион теңге. Бүгінгі күні еліміздің барлық өңірінен келген кіл жүйрік тіркеуден өтті. Бұйыртса, ертең бәйгенің екі түрі бойынша алпыстан астам сәйгүліктің шабысын тамашалаймыз. Аламан бәйгеге алғаш тігілген «Астана кубогы» қай өңірдің тұлпарына бұйырмақ? Бас бәйге – 20 мың доллар кімнің қанжығасына байланады? 16 шақырымдық бәйгенің бас жүлдесі – 10 мың доллар. Бұл жүлдені кім олжалар екен?

Ертең осы сауалдардың жауабы анықталмақ. Сонымен қатар, ертең «Қазанат» атшабарында жанкүйерлер  ҚР чемпионатының ең ұзаққа созылатын көкпар бәсекесін қызықтайды. Бес күн бұрын басталған көкпаршылар сайысы да мәреге таяп қалды. Он бес өңір командалары арасынан бірнеше күнгі іріктеу ойындарында топ жарған төрт команда ақтық кездесулерге жолдама алды.

6 шілде күні «Қазанат» атшабарында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының көкпар командалары ҚР чемпионатының биылғы бас жүлдесін сарапқа салады. Ал, Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының көкпаршылары қола жүлде үшін сынға түседі.

Сондай-ақ, күні ертең «Қазанат» атшабарында Аударыспақ, Теңге ілу, Жамбы ату, Көкпардан жеңімпаз, жүлдегер атанған спортшыларды марапаттау және ҚР чемпионатының жабылу салтанаты өтеді.

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ЖАРЫСТАРЫ ӨТЕТІН УАҚЫТ КЕСТЕСІ

Көкпардан ҚР ХVIII чемпионатының ақтық бәсекелері

14.00-15.00 – ІІІ орын үшін (Маңғыстау – Қызылорда)

15.00-16.00 – І, ІІ орын үшін (Жамбыл – ОҚО)

16.00-16.30 – ҚР чемпионаты жеңімпаздарын марапаттау

 

Бәйге түрлерінен «Астана кубогы»

17.00-17.30 – Жарыстың салтанатты ашылуы

17.40-18.10 – Бәйге

18.10-18.20 – Концерттік бағдарлама

18.20-19.00 – Аламан бәйге

19.00-19.10 – Ұлттық ойын көрсетілімі

19.10-19.30 – Жеңімпаздарды марапаттау  және  жарыстың жабылу салтанаты.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары