Ел іші

ЕРАЛХАН МЕРГЕН

  Елордада Жамбы атудан І Әлем чемпионаты өтеді. Елімізде тұңғыш ұйымдастырылған дүниежүзілік бәсекеде ел намысын қорғайтын бас мергеннің бірі – Ералхан Айкөз. Бүгін жанкүйерге 2015 жылдан Жамбы ату жарыстарында үздік шыққан жас мергеніміздің жетістіктерін қысқаша таныстырып өтуді  жөн көрдік.

                Жамбы атудан І Әлем чемпионаты Елорда төріндегі «Хан-Шатыр» кешені маңында 30 мамыр мен 2 маусым аралығында өтеді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы бірлесе ұйымдастыратын  «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесі аясындағы «Алтын жебе» І Әлем чемпионатында жиырмаға жуық мемлекеттің қырықтан  астам айтулы мергендері бақ  сынайды.

Әрине, біздің елде ат үстінен садақ атуда есімдері жақсы таныла бастаған мергендер аз емес. Абзал Тулыбеков, Айтбек Сарыбай, Елдос Бадашевтар бұған дейін республикалық бәсекелерде ғана емес, бірнеше халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленді. 2017 жылы елішілік чемпионатта күміс жүлдеге қол жеткізген қарағандылық Талғат Омарбеков өткен жылы Қазақстан чемпионы атанды.  Биылғы Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында Жамбы атудан түркістандық Бекзат Жақсыбек  алдына қара салмады. Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер болған Бақдәулет Бабажан сәуір айында Алматыда өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.

Алдағы уақытта бұл мергендер  туралы мәліметтерді де ретімен таныстыратын боламыз. Бүгінгі ақпарат   Ералхан мерген жайлы.

Суретте: «Алтын жебе» халықаралық турнирінің екі дүркін жүлдегері, Жасөспірімдер және Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, Жастар арасындағы І Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ералхан Айкөз.

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Майбұлақ ауылында 1999 жылы дүниеге келген Ералхан Айкөз Жамбы ату спортымен шұғылдануды  2014 жылдан бастап, 16 жасында   алғаш рет чемпион атанды. Дәлірек айтсақ, 2015 жылғы Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының  жеңімпазы болды. Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің шәкірті 2017 жылы осы жетістікке тағы да қол жеткізді. Сөйтіп, ол Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионы атағын екі дүркін иеленді. Ал, 2018 жылы Жастар арасындағы елішілік чемпионаттың жеңімпазы, 2019 жылы күміс жүлдегері болды. Сондай-ақ, Ералхан Айкөз биылғы жылы Алматыда өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионатында күміс жүлдені кеудесінде жарқыратты.

Ералхан халықаралық жарыстың додасында да шыңдалып үлгерген мерген. Елордада 2017 жылы тұңғыш ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турнирінде ол қола жүлдеге қол жеткізді. Біле білсек, Әлемнің айтулы мергендері бақ сынаған мұндай ірі жарыста 18 жасар бозбаланың жүлде алуы үлкен жетістік. Алғашқы «Алтын жебе» турнирінің бас жүлдесі румыниялық Михай Козмейге, күміс жүлдесі біздің Айтбек   Сарыбайға бұйырған еді.

Суретте: «Алтын жебе» халықаралық турнирінің екі дүркін чемпионы румыниялық мерген Михай Козмей.

2018 жылы екінші мәрте өткізілген «Алтын жебе» халықаралық турниріндегі Ералханның шеберлігі әлі жадымызда. ІІ «Алтын жебе» тирниріне  әлемнің 11 елінің сұрмергені қатысты. Жарыс басталғаннан румыниялық Михай мерген суырылып  алға шықты. Сонда құйғыта шапқан қалпы бір нысанаға қос жебесін дарытып үлгеретін Михаймен үш кезеңде де үзеңгі қағыстыра алған жалғыз Ералхан ғана болды. Тіпті, «Түрік стилі» бойынша өткен бәсекеде Ералхан ат үстінен садақ атудан әлем чемпионы, Еуропаның бірнеше дүркін жеңімпазы Михай Козмей мен түріктің атақты мергені Алкан Ибрахим Алпереннен ұпай оздырып, бірінші орынды иеленді. «Қазақ стилінде» үшінші орынға табан тіреді. Алайда, «Азиялық стиль» бәсекесінде бірнеше мәрте оғы мүлт кеткен Ералхан қорытынды нәтижеде ІІ «Алтын жебе» турнирінің күміс жүлдесін қанжығасына байлады. Жиыны 169, 65 ұпай алған румындық сұрмерген Михай Козмей  тағы да бас жүлдені иеленді. ІІ «Алтын жебе» турнирінде Ералхан олжалаған жиыны 145,97 ұпай, егер салыстыра қарасақ, садақ атумен ширек ғасыр шұғылданған Михай мергеннен аса кем соғып тұрған жоқ. Мысалы, сол бәсекеде Халықаралық жарыстардың сан мәрте  чемпионы атанған, Венгрияда ат үстінен садақ ату мектебін ашқан ең тәжірибелі сұрмерген Немати Кристоф Арпад жинаған ұпай жүзден сәл ғана асты. Еске салып өтсек, бұл мажарстандық Немати Кристоф Арпад 2017 жылғы  «Алтын жебе» турнирінде бесінші орынды иеленген болатын.

Сондықтан, елімізде тұңғыш өтетін Әлем чемпионатында бұйыртса Ералхан мерген үздік өнер көрсетеді деген үміт мол. Бірақ, оны уақыт көрсетеді. Алда, Қазақстан чемпионаты тұр. Ересектер арасындағы биылғы чемпионатқа әр өңірдің таңдаулы мергендері мол жиналуда. 19 мамырда Тараз қаласында басталатын елішілік бәсеке мамырдың 26 күні аяқталады.

Төлеген Жәкітай

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары