ЕРАЛХАН МЕРГЕН  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕ  ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

 

Бүгін Мәскеуден сүйінші хабар жетті. Жуырда біздің мергендер ат үстінен садақ атудан  өтетін Ресейдің І халықаралық турниріне аттанған болатын. 18 мемлекеттің мергендері бақ сынаған осы халықаралық жарыста түркістандық сұрмерген Ералхан Айкөз садақ атудың қос стилі бойынша жүлделі орынды иеленіпті.

                Ат үстінен садақ атудан 11-15 шілде аралығында өтетін Ресейдің І халықаралық турнирі Мәскеу облысы Серпухов қаласында ұйымдастырылды. Ресей мемлекетінің тұңғыш ұйымдастырған бұл мергендік сайысында АҚШ, Франция, Германия, Канада, Иран, Түркия, Венгрия сынды, барлығы  18 елдің 32 таңдаулы спортшысы бақ сынаған.

Міне, осы айтулы мергендік сайысына қатысуға біздің елден жаттықтырушы Елдос Бадашевтің жетекшілігімен түркістандық Ералхан Айкөз бен тараздық Бақдәулет Бабажан аттанған еді. Қос мерген де биылғы жылы елімізде ұйымдастырылған халықаралық жарыстардың үздіктері. Бақдәулет – Алматыда өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионатының чемпионы, ал, Ералхан – Нұр-Сұлтан қаласында Жамбы атудан өткен «Алтын жебе»  І Әлем чемпионатының жеңімпазы.

Суретте (солдан оңға қарай): түркістандық мерген Ералхан Айкөз, жаттықтырушы Елдос Бадашев және тараздық мерген Бақдәулет Бабажан.

Әр споршы 200 еуро көлемінде жарна төлеп қатысқан Ресейдің І халықаралық турнирі дәстүрлі садақ атудың төрт стилі бойынша өткен. Атап айтқанда, дүниежүзі мергендері корей стилі, венгрия стилі, түрік стилі және қылыш пен садақты қатар қолданатын орыс-казак стилі бойынша бақ сынаған.   Біздің Ералхан мерген осы жарыста венгриялық стиль бойынша 3 орынды иеленсе, «Қабақ ату» атты түрік стилі бойынша 1 орынды жеңіп алған.

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары