Ел ішінде

Елорда кобогы Қамбарға бұйырды

Есіл жағасындағы ерке қала 25 жылдық мерейтойын атап өтті.

Ширек ғасыр тарихында әлемді аузына қаратып үлгерген астанамыздың даңқы жеті қиыр-шартарапқа кетті. Осының құрметіне «Қазанат» атшабарында 21 шақырымға созылған аламан өтті. Еліміздің түкпір-түкпіріне сауын айтып, Атырау мен Алтайдың, Қызылжар мен Қаратаудың арасынан аузымен құс тістеген не бір саңлақтар жиналды. Жылда 25-30 ат қатысатын «Елорда кубогына» биыл 20 ат тізгін түйістірді. Аз болса да, саз дегендей небір саңлақтар көргеннің көзін сүйсіндірді.

Бұған дейін жүлде алып, елге танылған сәйгүліктер де, быил ғана даңқы шығып, дақпырты жайыла бастаған бітеу аттар да келді. Әсіресе Алматы облысының Талхизі мен Қараталы, Оралдың Батыс-Қазынасы мен Атыраудың Тастемірі, Ақмоланың Ақсүңгүлі мені Ханторысы бұған дейін өз жерінде талай бәйгенің дәмін татқан тарландар.

Бұған дейін жазғанымыздай Қостанай жылқысы тұқымынан шыққан жүйріктер бір бөлек, жалпы аламан бір бөлек өтті.

Сонымен 21 шақырым аламанда топ жарған 5 атқа бәйге берілді. Жүлдегерлер қатарында маңдайы жарылып келген алғашқы бестікпен таныс болайық:

І орын – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданынан келген Қамбар атты 7 жастағы ағылшын тұқымды қарагер айғыр. Шабандозы – Мейір Нұрболатов, бапкері – Жандарбек, ат иесі – Дулат Байешев. Жүлдесі – 5 млн теңге.

ІІ орын – Алматы облысынан келген Жұмбақтас атты ағылшын тұқымды қара дөнен айғыр. Шабандозы – Арнат Мұратхан, бапкері – Нұржігіт Табылдиев, ат иесі – Мерхат Бұлғынов. Жүлдесі – 3 млн теңге.

ІІІ орын – Алматы облысы Беріктас ауылынан келген әйгілі Талхиз атты ағылшын тұқымды торы дөнежінге бұйырды. Шабандозы – Серікжан Жақсылық, бапкері – Нұр-Әділет Ноқатай, ат иесі – Нұрсұлтан Жоламанов. Жүлдесі – 2 млн теңге.

IV орын – Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғаған Алғыр атты таза қанды торы дөненге бұйырды. Шабандозы – Манар Әлішер, бапкері әрі ат иесі – Берік Оразалиев. Жүлдесі – 1 млн теңге.

V орын – Павлодар облысы Баянауыл ауданынан келген Қазына атты таза қанды 7 жасар қаракер айғырға бұйырды. Шабандозы – Исламнұр Ертас, бапкері – Бірлік Әлиасқар, ат иесі – Сәкен Кәрімов. Жүлдесі – 500 мың теңге.

Мұнан соң аламан алаңына 16 шақырымдық топ бәйгенің саңлақтары шықты. 14 жүйріктен сурылып шыққан алғашқы бесеуіне бәйге берілді:

І орын – Абай облысынан келген Нарқызыл атты 5 жасар күрең айғырға бұйырды. Шабандозы – Аңсар Арыстан, бапкері – Қуат Әбсаләмов, ат иесі – Жарқын Темірбаев. Жүлдесі – 2 млн теңге.

ІІ орын – Нұр-Сұлтан қаласының Айка атты таза қанды 6 жастағы қара бетдеуіне бұйырды. Шабандозы – Тимур Харитон, бапкері – Арман Даваров, ат иесі – Арман Төлеуов. Жүлдесі – 1 млн теңге.

ІІІ орын – Түркістан облысынан келген Ботакөз атты ағылшын тұқымды қаракер дөнежінге бұйырды. Шабандозы – Арнұр Санатұлы, бапкері – Серік Қазыбеков, ат иесі – Айдар Әшірбеков. Жүлдесі – 700 мың теңге.

IV орын – Маңғыстау облысынан келген Құралай атты таза қанды торы биеге бұйырды. Шабандозы – Мадияр, бапкері – Айдос Тәжиев, ат иесі – Лұқпан Әбілмансұр. Жүлдесі – 500 мың теңге.

V орын – Атырау облысынан келген Бүркіт атты ағылшын тұқымды 5 жасар айғырға бұйырды. Шабандозы – Расул Дүйсекен, бапкері – Арал Сатаев, ат иесі – «Отбасы» ШҚ. Жүлдесі – 300 мың теңге.

Даланы дүбірге толтырған аламанда тұяғын жетілтіп, тақымын жазған тағы бір жарыс өтті. Ол – құнан бәйге болатын. 9 шақырымға созылған бәйгеге 8 құнан қатысып, 5 жүйрікке жүлде берілді.

І орын – Алматы облысынан келген Айтұмар атты ағылшын тұқымды жирен құнанға бұйырды. Шабандозы – Арнат Мұратхан, бапкері – Нұржігіт Табылдиев, ат иесі – Мерхат Бұлғынов. Жүлдесі – 1,5 млн теңге.

ІІ орын – Қостанай облысынан келген Фоварит атты күрең құнан алды. Шабандозы – Әлішер Кәмелов, бапкері – Ескендір Белдібаев, ат иесі – Нұрбол Әбдірахманов. Жүлдесі – 1 млн теңге.

ІІІ орын – Атырау облысынан келген Лашын атты ағылшын тұқымды байталға бұйырды. Шабандозы – Әділхан Құбайдолла, бапкері – Арал Сатаев, ат иесі – «Отбасы» ШҚ. Жүлдесі – 700 мың теңге.

IV орын – Қарағанды облысынан келген Азарт атты күрең құнанға бұйырды. Шабандозы – Аманер Ерасыл, бапкері – Айбас Елекеш, ат иесі – Айнар Нығметов. Жүлдесі – 500 мың теңге.

V орын – Қарағанды облысынан келген Ақмоншақ атты қаракер байталға бұйырды. Шабандозы – Мейір Нұрболатов, бапкері – Ақжол Сейітжанов, ат иесі – Дүйсен Егісов. Жүлдесі – 300 мың теңге.

BAQ.KZ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары