ЕЛІШІЛІК ЧЕМПИОНАТ АЯҚТАЛДЫ

Суретте: ХVІІІ ҚР Чемпионатының жеңімпазы атанған Түркістан облысының көкпар командасының қуанышты сәті.

Бүгін сегіз күн бойы Елордадағы «Қазанат» атшабарын дүбірге бөлеген Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Чемпионаттың жабылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уалиев, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.

Биылғы жылы Көкпар мен Аударыспақтан ХVІІІ рет, Теңге ілуден ХІІ рет, Жамбы атудан  ІV рет ұйымдастырылған елішілік бәсеке өткен жылғы чемпионатпен салыстырғанда өте тартысты өтті. Әсіресе, көкпар додасында Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған Жамбыл облысының командасын маңғыстаулықтар атынан аударып кете жаздады. «Әулие-ата» командасы мен «Адай-ата» командасының 4 шілде күнгі кездесуі 7:6 есебімен аяқталды.

Суретте: Маңғыстаулық ұлттық спорт жаттықтырушысы Қанағат Сүйебаев баптаған, биылғы жылғы ҚР чемпионатының қола жүлдесін иеленген  «Атай-ата» көкпар командасы. 

Жанкүйер көкейіндегі «осы жылғы чемпионаттың бас жүлделері қай өңірге бұйырды?» деген сауалға жауап берсек, Жамбы атудан бас жүлдені Қарағанды облысының мергені иеленді. Бұған дейін бірнеше турнирлерде жүлдегер атанған, өткен жылғы ҚР чемпионатында күміс жүлдені иеленген Омарбаев Талғаттың осы жолы жұлдызы жанды. Жебесін «Алтын жамбыға» он қадамнан дөп тигізген Талғат  мерген алғаш рет республикалық чемпионаттың жеңімпазы атанып, Қарағанды облысы ұлттық спорт мектебінің мерейін аспандатты.

Аударыспақта бес салмақ бойынша өткен жекпе-жектің үш бірдей алтынын Түркістан облысының балуандары, екі алтын жүлдесін Ақтөбе облысының балуандары жеңіп алды.

Теңге ілудің  бас жүлдесі Ақтөбе облысының ұлттық спорт жетекшісі Абат Айтмағанбетов баптап әкелген Иманғалиев Тимур шебердің қанжығасына байланды.

29 маусымда басталып, екі күндік үзіліспен 6 шілдеге дейін жалғасқан көкпар додасының ақтық сайыстарына төрт команда суырылып шықты. Негізінде, еліміздің 13 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан үздік шыққан 15 көкпар командасы төрт топқа бөлініп ойнаған болатын. Бұл чемпионаттан Алматы облысының командалары ғана сырт қалды.

«А» тобы «Б» тобы «В» тобы «Д» тобы
1 Батыс Қазақстан облысы Ақмола облысы Маңғыстау облысы Атырау облысы
2 Түркістан облысы облысы Ақтөбе облысы Астана қаласы Жамбыл облысы
3 Павлодар облысы Шығыс Қазақстан облысы Солтүстік Қазақстан облысы Қарағанды облысы
4 Алматы қаласы Қызылорда облысы Қостанай облысы

 

Бүгін тамашаланған түркістандық пен тараздық көкпаршылардың финалдық бәсекесі түркістандықтар пайдасына шешілді. Есеп – 4:3. Сөйтіп, «Құлагер» командасы ХVІІІ ҚР чемпионатының жеңімпазы атанды. Екінші орында «Әулие-ата» командасы. Ал, үшінші орын үшін сынға түскен маңғыстаулықтар мен қызылордалықтар жекпе-жегінде маңғыстаулық «Адай ата» командасының мерейі үстем болды.

Ұлттық спорт түрлерінен 2018 жылы өткен ҚР чемпионаты жеңімпаздары мен жүлдегерлері туралы толық мәліметтермен таныс болыңыздар.

  Аударыспақтан  XVІІІ ҚР  чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

60 келі салмақта:

1 орын –  Азамат Серғазин (Ақтөбе облысы)

2  орын –  Бейбіт Арон  (Батыс Қазақстан  облысы)

3  орын –  Азат Жұмаділов  (Жамбыл  облысы)

70 келі салмақта:

1 орын –  Шыңғысхан Ержанов  (Ақтөбе облысы)

2  орын –  Дәулет Ережепбаев   (Жамбыл  облысы)

3  орын –  Ерназар Байғонов   (Түркістан облысы)

80 келі салмақта:

1 орын –  Есімхан Рахматілла  (Түркістан облысы )

2  орын –  Нұржігіт Әмзеев    (Жамбыл  облысы)

3  орын –  Ермек Жәпішев  (Шығыс Қазақстан  облысы)

90 келі салмақта:

1 орын –  Сырым Ізбасаров  (Түркістан  облысы)

2  орын –  Ерлан Тойымбетов     (Алматы қаласы)

3  орын –  Алтай Сүйеубаев   (Ақтөбе  облысы)

+ 90 келі салмақта:

1 орын –  Біржан Қосалиев  (Түркістан  облысы)

2  орын –  Марғұлан Ескендіров     (Қарағанды облысы)

3  орын –  Мұратәлі Тезекбаев   (Алматы қаласы)

Теңге ілуден ХІІ ҚР Чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері:

1 орын – Тимур Иманғалиев (Ақтөбе облысы)

2 орын – Төлеген Серғазиев (Қарағанды облысы)

3 орын – Мағжан Жеңісов (Батыс Қазақстан облысы)

Жамбы атудан   ІV ҚР Чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері:

1 орын – Талғат Омарбаев  (Қарағанды облысы)

2 орын – Абзал Тулыбеков   (Жамбыл облысы)

3 орын – Дәурен Кеңесбаев (Ақтөбе облысы)

Көкпардан  XVІІІ ҚР  чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

1 орын – «Құлагер» командасы (Түркістан облысы)

2 орын – «Әулие-ата» командасы   (Жамбыл облысы)

3 орын – «Адай-ата» командасы   (Маңғыстау облысы)

 

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары