ЕКІНШІ КҮНГІ ЕЛІШІЛІК ЧЕМПИОНАТ ОЙЫНДАРЫ

Жамбылдық жанкүйерлер бүгін Қазақстан чемпионатының екінші күнгі бәсекесін тамашалауда. Көкпар додасында жеңіске жеткендер мен жеңілістің ащы дәмін татқандардың қатары көбейіп келеді.

           Екі күндік ойын нәтижесіне қарасақ, Алматы қаласы, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының командалары кешегі мен бүгінгі ойындарда жолы болмай, екі реттен жеңіліс тапты. Ал, кеше шығысқазақстандықтардан ұтылған Нұр-Сұлтан қаласының командасы бүгін ақтөбеліктерді 9:5 есебімен жеңіп кетті. Керісінше, кеше ширақ ойнаған шығысқазақстандықтар бүгін Түркістан облысы командасынан оңбай жеңілді. Есеп – 15:2. Әзірге түркістандық «Құлагер», тараздық «Әулиеата», атыраулық «Нарын» және Қызылорда облысының командалары жеңіліссіз ойнап келеді.

Кеше шығысқазақстандықтарға есе жіберген «Астана» бүгін сол кемшіліктің орнын толтыруға барын салды. Ақтөбелік «Әлім-ата» командасының ойыншыларын емін-еркін еңсерді.  Ойынның алғашқы кезеңінде есеп – 3:2-ге жетті. «Астана» командасының бүгінгі ойын өрнегі өте келісті шықты. Кездесу 9:5 есебімен аяқталды. Жеңісті Нұр-Сұлтан қаласының командасы иеленді.  Салым иелері:  «Астана» командасынан – Қазыбек Амангелдинов 2 салым, Нұрболат Қартқожақ 1 салым, Ерлан Қанапин 5 салым және Арслан Қабжанов 1 салым. «Әлімата» командасынан – Нұрлан Бейсенбиев 3 салым, Елдос Өркен 2 салым.

Ал,  Түркістан облысының «Құлагер» командасы мен Шығыс Қазақстан облысының командасы арасында өткен ойын 15:2 есебімен аяқталды. Бұған дейін де елішілік чемпионаттың бірнеше дүркін чемпионы атанған «Құлагер» қазіргі екпінінен танбаса биылғы чемпионаттың да бас жүлдесін жеңіп алуы әбден мүмкін. Бұл кездесуде салым салғандар: Шығыс Қазақстан облысынан – Артур Бикинин – 1 салым, Дарын Ахмадиев – 1 салым.

«Құлагер» командасынан – Бақтыбай Шырынқұлов – 1 салым, Әділет Мамыт – 2 салым, Абылайхан Нышанбеков – 1 салым, Асланбек Сайдулла – 3 салым, Нқржігіт Мырзабаев – 1 салым, Темірхан Айтбаев – 1 салым, Әбуғали Әбдіжаппаров – 2 салым, Мейірбек Болысбек – 1 салым, Жорабек Ақбаев – 2 салым, Бәйдібек Сабыров – 1 салым.

Жыл сайын ақтық сынға жеңіліссіз шығатын команданың бірі – Жамбыл облысының «Әулие ата» командасы. Бүгін осы тараздық көкпаршылар Алматы қаласының командасын 8:0 есебімен жеңді.

Қызылорда командасы Батыс Қазақстан облысы командасынан 7:5 есебімен басым түсті. Салым салғандар: Қызылорда командасынан: Асхат Мырзагелдиев – 3 салым, Наурызқожа Әмзиев – 2 салым, Нұржан Қамбарбеков – 1 салым, Нұрлыбек Асқаров – 1 салым. Батыс Қазақстан облысы командасынан –  Бақдәулет Сейдәлиев – 2 салым, Мұхит Әмірәлиев – 1 салым, Бекнұр Әбдірахманов – 2 салым.

Атыраулық көкпаршылар да екінші кездесуді жеңіспен аяқтады. Атыраулық «»Нарын» командасы маңғыстаулық «Адай-ата» командасын 8:1 есебімен ұтты. Салым салғандар: «Адай ата» командасынан Шынболат Ақбаев – 1 салым. «Нарын» командасынан Айбек Болатов – 2 салым, Қайыржан Сүлейменов – 3 салым, Алмат Жүнісов – 2 салым, Александр Пупенко – 1 салым.

Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысының арасындағы кездесу 9:0 есебімен аяқталды. Сөйтіп, Қостанай командасы да чемпионаттағы екінші жеңістеріне қол жеткізді.

Павлодар облысының «Сәтті» командасы бүгін алғаш рет алаңға шығып, Ақмола облысының командасымен сынға түсті.  Кеше қарағандылықтарды айқын басымдылықпен ұтқан ақмолалық көкпаршылар бүгін керекуліктердің де адымын аштырмады. Есеп – 8:1. Салым салғандар: Павлодар облысы командасынан –  Мадияр Бағлан – 1 салым. Ақмола облысының командасынан: Манас Мұхамедқали – 1 салым, Абылайхан Тоқабаев – 2 салым, Әлихан Қалибаев – 3 салым, Бекзат Темірбек – 1 салым, Жандос Қалымтаев – 1 салым салды.

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары