ЧЕМПИОНАТҚА 3 КҮН, «АСТАНА КУБОГЫНА» 10 КҮН ҚАЛДЫ

 

Ұлттық спорттан өтетін елішілік басты бәсекеге үш күн қалды. 29 маусым күні «Қазанат» атшабарында таңертеңнен көкпар додасы басталады. Биылғы жылы көкпар мен аударыспақтан ересектер арасындағы ҚР чемпионаты XVІІI рет жалауын көтерсе, теңге ілуден ҚР чемпионаты ХІІ рет, жамбы атудан ҚР чемпионаты ІV рет ұйымдастырылмақ.

6 шілде күні «Астана кубогы» үшін республикалық ат бәйгесі өткізіледі.

 

Осы күні, еліміздің барлық өңірінде ұлттық спорт түрлерінен өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына даярлық аяқталып, спортшыларымыз ат басын Астанаға бұрып отыр. Биылғы чемпионатта 15 команданың бақ сынайтыны белгілі болды. Бұл елішілік жарыстан тек Алматы облысының спортшылары ғана тыс қалуы мүмкін.

Бұйыртса, 29 маусым күні таңертеңнен көкпар додасы басталып кетеді. Сол күні түс кезінде чемпионаттың салтанатты ашылуы өтеді.

30 маусым күні жанкүйерлер жамбы  ату, аударыспақ, теңге ілу бәсекелерін тамашалайды. Себебі, жамбы ату мен теңге ілу түрлері бойынша әр облыстан санаулы спортшылар ғана сынға түседі. Ал, аударыспақ 60, 70, 80, 90 және 90 келіден жоғары салмақ бойынша өтетіндіктен, жарысқа әр облыстан бес аударыспақшыдан қатысады. Жамбы  ату, аударыспақ, теңге ілу спорт түрлері бойынша жеңімпаз, жүлдегерлерді марапаттау да 30 маусым күні өткізіледі.

  

Ал, шілденің 6 жұлдызына дейін «Қазанат» атшабарының алаңы күн сайын көкпаршылар майданына айналады. 15 көкпар командасының бір-бірімен кездесуі, іріктеу жарыстары бір аптаға созылады. Тәулігіне 7-8 ойыннан тамашаланады.

Шілденің 5 жұлдызында чемпионаттың ширек финалының ойындары өтсе, шілденің 6 жұлдызында ақтық ойындар тамашаланады. Түс кезінде чемпионаттың салтанатты жабылуы болады.

          6 шілде күні түстен кейін ат бәйгесі түрлерінен «Астана кубогы» үшін өткізілетін жарыстың жалауы көтерілмек. Атсүйер қауым «Астана кубогында» бәйгенің екі түрін қызықтайды.

Бәйгенің бірі – 25 шақырым болса, екіншісі –  16 шақырым қашықтықта. Жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайтын «Астана кубогын» сарапқа салуға еліміздің барлық өңірінің жүйріктері қатыстырылады. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыстан әр бәйге түріне екі сәйгүліктен жіберіледі.

 

Баспасөз қызметі     

 

 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары