Ел іші

БОРАНБАЙ БАЛУАН

 

1960-1970 жылдар аралығында Бүкілодақтық жарыстарда аударыспақтан чемпион атанған бір топ қазақ балуандары туралы табылған там-тұм деректер сұрастыру-іздестіру нәтижесінде молая түсуде. Кезінде тақымы тастай балуан атанған Боранбай Қасымбеков жеңіл салмақта әлденеше дүркін республика чемпионы, КСРО чемпионы атанған азамат.

       

Суретте: Боранбай ҚАСЫМБЕКОВ – жеңіл салмақта 1966 жылғы КСРО чемпионы (Ресей, Есентуки) 

1943 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, Жәпек батыр ауылында дүниеге келген Боранбай Қасымбеков ат жалын тартып мінгеннен бастап туған өңіріндегі жиын-тойларда додалы көкпар мен аударыспақ сайыстарында көзге түседі. Сол тұстарда көкпар мен аударыспақтан аудандық, облыстық жарыстар жиі ұйымдастырылған. Үздік шыққандар республикалық чемпионаттарға қатысады. Ал, елішілік чемпионаттың жеңімпаздары Қазақстан құрама командасына мүше болып, КСРО чемпионатына жолдама алады. Ал, КСРО чемпионаты дегеніңіз,  он бес республиканың ең таңдаулы спортшылары бақ сынайтын үлкен  жарыс. Міне, Қасымбеков Боранбай балуан осындай дүбірлі додада сан мәрте топ жарған саңлақтың бірі.

Қасымбеков Боранбай балуан жайлы нақты деректер өте аз. Бірақ, сіздердің назарға ұсынған мына сарғайған фотосуреттердің өзі көп жайттан сыр шертіп тұр. Суреттің бірінде Ресейдің «Железноводск қаласы, 1966 жыл» деген жазу тұр.  Ал, Боранбай Қасымбековтің 1966 жылы жеңіл салмақта КСРО чемпионы атанған нақты дерек кезінде республиканың көрнекті спорт басшысы болған Қаркен Ахметовтың кітабында жазылған.

Суретте: Алдыңғы қатарда сол жақта отырған жеңіл салмақта КСРО чемпионы Боранбай ҚАСЫМБЕКОВ. Артқы қатарда оң жақ шетте тұрған ауыр салмқта КСРО чемпионы Молжан Шалғынбаев. Фотосурет 1966 жылы Ресейдің Пятигорск қаласында түсірілген.

 

 

Сәті түскенде, бүгін ұлттық спорт жанкүйерлеріне аударыспақтың тағы бір балуанын таныстырдық. Бізге дерек беруші – балуанның туған қызы Гүлмира Боранбайқызы. Жас кезінде жекпе-жекте қарсыластарын қидай сыпырып ұтып, Кеңес одағының чемпионы атанған Боранбай балуанның кейінгі өмірі ауылшаруашылығы саласында өтіпті. Қырық жылдан астам Іле ауданының «Түймебаев» атындағы ауылда малшы болған. 2007 жылы дүниеден озған.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары