Ел ішінде

Биылғы Жастар чемпионатының үш ерекшелігі

Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай ХV жастар чемпионатының үш ерекшелігін атады.

 

Бүгін көкпардан жастар арасындағы дәстүрлі ХV чемпионат аяқталды. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының төрінде өткен бұл жарыстың бірнеше ерекшелігі болды. Біріншіден, пандемия уақытында бұл шара алдымен Павлодар облысынан Алматыға, ақырында Алматы облысынан сырғи-сырғи Сыр бойына келді. Екіншіден, соңғы жылдары чемпионат, турнирлерде үнемі алдыңғы орыннан көрініп жүрген Түркістан облысы «Құлагер» жастар құрама командасы биыл алғашқы үштікке ілінбей қалды. Түркістан құрамасы деңгейі түсті ме, өзге құрамалар деңгейі өсті ме, чемпионаттан соң, «разбор полетов» керек-ақ. Үшіншіден, бұл жолы жаңа командалар, жас командалар жүлде алды. Осылайша, алғашқы орынды дәстүрге сәйкес Жамбыл облысының «Әулие ата» құрамасына бұйырды. Екінші орынды Алматы қаласының құрамасы иеленсе, үшінші орынға Шымкент қаласының жаңадан құрылған жастар құрама командасы ие болды – деді ол.

Сонымен қатар ол бүгінгі жеңімпаздарды құттықтады.

Барша жеңімпаздарды құттықтай отырып, «Әулиеатамен» қатар шапқан Алматы және Шымкент қалалары құрамын айрықша атағым келеді. Командалар деңгейі өссе, бәсеке күшейеді. Бәсеке артса, спорт дамиды. Жаңа чемпион, жаңа жүлдегерлер болып жатса, біз де қуанамыз – деді Рахат Жақсыбай.

ҰСҚ баспасөз қызметі

Қауымдастықтың желідегі парақшалары