Ел ішінде

Берік Уәли: Ұлттық спорт – ұлт рухының жаршысы

Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы, «Құсбегілік» федерациясының басшысы Берік Уәли Ұлттық спорт үздіктерін құттықтады.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы «Алтын тұғыр» салтанатты рәсімі арқылы, әр жылы үздіктерді марапаттауды бұлжымас дәстүрге айналдырып келеді. Мемлекет басшысының Еуропа елдеріне жасаған ресми сапарына байланысты өзім қатыса алмаған кеште 15 номинация бойынша «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері марапатталды. Құсбегілік номинациясында ҚР чемпионы, маңғыстаулық Айшуақ Тайманов тұғырдың төрін алса, жамбылдық Бабажан Бағдәулет «Жыл жаңалығы» болды. «Алтын тұғыр» иегерлерін шын жүректен құттықтаймын! – деді ол өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.

Сонымен қатар ол ұлттық спортқа қызмет ету баршамыздың міндетіміз екенін айтты.

Ұлттық спорт – ұлт рухының жаршысы. Оның дамуына қызмет ету баршамыздың мақтанышымыз, міндетіміз деп ойлаймын. Амандық болса әлі талай дулы додалардың байрағын бірге көтеріп, қызығын көппен көрерміз. Ел аман болсын! – деді «Құсбегілік» федерациясының басшысы.

Қауымдастықтың желідегі парақшалары