Ел ішінде

Бекболат Тілеухан: Ұлттық кодты оятудың бір жолы – ұлттық спортты дамыту

Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен Ұлттық спорт қауымдастығы мен Моңғолия мемлекетінен келген этноспорт федерациясы өкілдерінің кездесуі өтті.

Кездесуге ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан және Ұлттық спорт өкілдері мен Моңғолия Этноспорт федерациясының төрағасы Энэбиш Мөнх-Очир, вице-президенті Ром Әуесхан, т.б. өкілдер қатысты.

Тілі, діні, дәстүрі мен мәдениетінің қатарында халықтың сипатын айқындап, болмысын танытатын құндылық – ұлттық спорт. Ұлттық кодты оятудың да бір жолы – ұлттың спортын таныту және оны дамыту. Өз ұлтының спортын, ойынын біліп өскен ұрпақ оның болмысын таниды, сол ұлтына деген құрметі оянады. Керек сәтте намысын жыртады, жас буынның тарихи санасын жаңғыртады. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отыра ілесіп, игі бастамаларға атсалысу – әрқайсысымыздың қастерлі міндетіміз екендігін еш ұмытпағанымыз жөн – деді Бекболат Тілеухан өз сөзінде.

Ол Ұлттық спортты дамыту міндеті сеніп тапсырылған 2013 жылдан бастап алдымына екі үлкен мақсатты қойғанын айтты.

Біріншіден, ұлттық спорт түрлерін танымал ету, яғни, бұқаралық сипат беру, жаппай қызығушылықты ояту. Екіншісі, ұлттық ойындарымызды спорттандыру. Яғни, кәсіби спорт ретінде дамыту. Оған халықаралық чемпионаттар ұйымдастыру, спортшыларымызды елдегі және шетелдегі жарыстарға қатыстыру, олардың кәсіби біліктілігін арттыру, оларды баптау әдістерін ғылымиландыру секілді жұмыстар кірді. Міне, біз күні бүгінге дейін дәл осы екі бағыт бойынша жұмыс істеп келе жатырмыз – деді ол.

Елбасының ұлттық құндылықтарды қолдап, дәстүрімізге ерекше мән беруінің арқасында көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу секілді ойын түрлері халықаралық деңгейге көтерілді.

Атап айтар болсақ, 2013 жылы сәуір айында Дәстүрлі спорт өкілдерінің басын қосқан халықаралық конференция ұйымдастырылып, алдағы ірі жарыстарды өткізу жоспары талқыға салынды. Нәтижесінде, 2013 жылы қыркүйек айында тұңғыш рет Көкпардан І Ашық Азия чемпионаты, қараша айында Бүркітшілердің І Халықаралық фестивалі өтті.

Одан кейін де аударыспақтан үш рет Азия чемпионаты (2014 жылы ҚР-да, 2016 жылы Қытай елінде, 2018 жылы ҚР-да), Теңге ілуден екі рет Ашық Азия чемпионаты (2015, 2018 ж.ж.), Құсбегіліктен екі рет Азия ашық чемпионаты (2016, 2018 ж.ж.), Жамбы атудан екі рет «Алтын жебе» халықаралық турнирі (2017, 2018 ж.ж.), бір рет «Алтын жебе» Әлем чемпионаты (2019 ж.), Көкпардан бір Әлем чемпионаты (2017 ж.) ұйымдастырылды. Сондай-ақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату түрлерінен Жастар арасындағы І Азия чемпионаты (2019 ж) өтті. Бұл халықаралық жарыстар ұлттық спортымыздың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін байқатты.

Осы аталған жарыстарға Моңғолия елі де ат салыса қатысып, жақсы өнер көрсетіп жүргендігінің куәсі болдық. Тіпті, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен жамбы атудан Әлем чемпионатында әлемнің түкпір-түкпірінен келген таңдаулы мергендердің ішінен Моңғолия спортшысы суырылып шығып күмістен алқа тағып, шын мергендігін дәлелдеді – деді қауымдастық президенті.

Баршамыз жақсы білеміз, қазіргі кезде дүниежүзінде ұлттық спортқа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Өйткені, бұл этноспорт түрлері әлемнің әр халқының өз ұлттық ерекшеліктерін әйгілейтін құралға айналды.

Осы тұрғыда айтарым, ұлттық спортты дамыту, насихаттау жолында талмай қызмет етейік. Келер ұрпақтың жарқын болашағы үшін, ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанатын саналы ұлдар мен қыздар тәрбиелеу үшін жасалып жатқан бүгінгі біздің қызметіміз – ертеңгі күні өз жемісін берері сөзсіз – деді Бекболат Тілеухан.

 

Жиын соңында ұлттық (дәстүрлі) спорт түрлерін Қазақстан Республикасында және бүкіл әлемдегі этноспорт саласын дамытуға үлес қосу, шет ел халқы арасында жылжыту және дәріптеу мақсатында Меморандумға қол қойды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елімізге Моңғолияның этноспорт федерациясының өкілдері келгені туралы хабарлаған болатынбыз.

BAQ.KZ.

Қауымдастықтың желідегі парақшалары