БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ӨТТІ

 

Бүгін Елордадағы «Орталық коммуникациялар қызметінің» мәжіліс залында баспасөз мәслихаты өтті. Баспасөз мәслихатының басты тақырыбы  ертең «Қазанат» ипподромында  басталатын ІІ «Алтын жебе»  халықаралық турнирі туралы.Сонымен қатар, мәжіліс барысында штаб-пәтері Оңтүстік Кореяда орналасқан Халықаралық ат үстінен садақ ату Альянсы мен Республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды.

 

ҚР Мәжіліс депутаты, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мен Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев жүргізген бұл жиында баспасөз өкілдеріне «Алтын жебе» турнирінен басқа да ұлттық спорт жаңалықтары  хабардар етілді.

Баспасөз мәслихатының спикері болған ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан өз сөзінде «Бүгінгі басқосудың негізгі үш-төрт жаңалығы бар. Біріншіден, 2018 жылдың 13-14 тамыз аралығында Түркияның Ыстамбұл қаласында ЮНЕСКО-ның этноспорт жөніндегі кешенді косультативті ІV кеңесі өтті. ЮНЕСКО-ның тұрақты өкілдері, қырықтан астам мемлекеттің Спорт министрлері, депутаттары мен лауазымды тұлғалары және халықаралық спорт федерацияларының басшылары бас қосқан осы кеңесте 2021 жылы Қазақстанның елордасы Астана қаласында тарихтағы тұңғыш Әлемдік этноспорт ойындарын өткізу шешімі жарияланды.

Әрине, І Әлемдік этноспорт ойындарын өз елдерінде өткізуге қызыққан мемлекеттер аз болған жоқ. Бірақ, Ыстамбұлдағы жиында «Қазақстан-2021» жобасын сәтті қорғап шығуымызға байланысты, ЮНЕСКО-ның кеңесі  тарихтағы тұңғыш Әлемдік дәстүрлі ойындарды Қазақстанда өткізу жайлы шешім шығарды. Бұйыртса, 2021 жылы осы дүниежүзілік ұлттық ойындарды өз деңгейінде өткіземіз деген жоспарымыз бар. Бұл ойындарды    Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы бірлесе өткізеді. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын мерекелі жылы Астанада жер жаһанның таңдаулы ұлттық ойындарынан өтетін спорт бәсекелері тамашаланатын болады.

Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткенімдей Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы атты  ұйым бар. Штаб-пәтері  Түркияның Ыстамбұл қаласында орналасқан. Жақында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы осы Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясына толыққанды мүше болып қабылданды. Бұл дегеніміз, ендігі жерде ұлттық спорттағы біздің жаттықтырушылардың, төрешілердің, спортшылардың халықаралық дәрежедегі тәжірибе алмасуына, білім алуына және болашақта спорттық классификацияларға қол жеткізуге арналған алғашқы қадам деп айтуға болады.

Үшінші жаңалығымыз деп, Халықаралық ат үстінен садақ ату Альянсы мен Республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы арасындағы Ат үстінен дәстүрлі садақ ату спортын насихаттау және дамыту жөніндегі ынтымақтастық Меморандумына қол қою дер едім. Бүгін осы жиынға қатысып отырған  Оңтүстік Корей Республикасынан келген қонағымыз, Халықаралық ат үстінен садақ ату Альянсының өкілі Ким Юнг Суп мырзамен бірге  осы ниеттестік хатқа қол қоямыз.

Бұйыртса, Республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы алдағы уақытта осы Халықаралық ат үстінен садақ ату Альянсы деп аталатын осы  ұйымға мүше болмақшы. Бұл ұйымға мүше болу – болашақты ат үстінен садақ ататын спортшыларымыздың жыл сайын ұйымдастырылып жататын дүниежүзілік ат үстінен садақ атудың чемпионаттарына ресми шақырту алып, халықаралық жарыстардан мол тәжірибе жинауларына септігі тиеді деп есептейміз.

Төртінші жаңалығымыз, алдымызда тұрған ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирі.  Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Алтын жебе» биыл екінші мәрте халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр.

Былтырғы «Алтын жебе» турнирінің бас жүлдесін ұтып алған румыниялық мерген Михай Козмей қазір Астанада. Ол биылғы «Алтын жебенің» бәсекесіне тағы қатыспақшы. Сондай-ақ, былтырғы турнирде жүлдегер атанған мажарстандық мерген Немати Кристоф Арпад деген азамат та бұл бәсекеге екінші рет қатысқалы келді. Ол да қазір Астанада.

Ал, енді ІІ «Алтын жебе» халықаралық турниріне келсек, дәл қазіргі кезде он бір мемлекеттен  жиырма бес мергеннің қатысатыны анық.

Биылғы «Алтын жебеге» әр елден екі-үш спортшыдан қатысады. Бүгінгі күнде жарысқа қатысатын мергендердің барлығы Астанаға келіп, қонақ үйге орналасты. Егер журналистерде шетелдік мергендермен сұхбаттасамын деген ықылас болса, споршылардың барлығы «Айша бибі» қонақ үйінде» дей келе, ертеңге «Алтын жебеге» қатысатын мергендер туралы, жалпы ұлттық спорт саласындағы жетістіктер туралы біршама әңгілеп, журналистер тарапына қойылған сауалдарға жауап берді.

Сондай-ақ, баспасөз өкілдері Халықаралық ат үстінен садақ ату Альянсы мен Республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы арасындағы Ат үстінен дәстүрлі садақ ату спортын насихаттау және дамыту жөніндегі ынтымақтастық Меморандумына қол қою рәсіміне куә болды.  Оңтүстік Корей Республикасындағы Халықаралық ат үстінен садақ ату Альянсының өкілі Ким Юнг Суп мырза ниеттестік хатқа қол қойылған соң сөз алып, этноспортты дамытуға ден қойған Қазақстан Республикасына деген өз ризалығын, болашақта ат үстінен садақ ату спортының әлем жұртының қызыға шұғылданатын ойын түріне айналатынына деген сенімін жеткізді.

Баспасөз қызметі

Қауымдастықтың желідегі парақшалары