Сұқбат

Бас жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаев: Көкпар жігітті жаужүректілікке тәрбиелейтін құрал

-Қазіргі таңда еліміздегі көкпардың жағдайы қандай?

— Еліміз көкпары қазір даму үстінде. Оған «Самұрық-Қазына» ұлттық әлауқат қоры мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жақсы мән беріп отыр.  Елімізде 14 облыс, екі үлкен қала бар болса, соның ішінде:  Маңғыстау,  Атырау, Қостанай, СҚО көкпар кенжелеп қалған жайы бар. ОҚО, Жамбыл, Алматы облысы мен Алматы қаласы, ШҚО көкпар жақсы дамыған. Биыл көкпардан жастар чемпионатына Ақтөбе мен БҚО алғаш рет келіп қатыстып, жақсы ойын өрнегін көрсетті.

— Көкпардан ұлттық құрамада сапында штатқа алынған қанша көкпаршы бар?

— Ұлттық құрамада штат бойынша 12 көкпаршы, 12 ат болуы тиіс. Бірақ біз бұған сақтық ретінде 5 көкпаршы мен 5 атты қосымша алып жүреміз.

— Құрамадағы көкпаршыларға айлық төлене ме?

— Үкімет тарапынан арнайы айлық қарастырылмаған. Ұлттық спорт түрінен мектебі бар облыстар өз көкпаршыларына аздап тиын-тебен төлеп жүр және аттарға да жем-шөп жайы ойластырылған.

— Көкпардың атын қалай таңдап аласыздар?

— Көкпардың аты тай кезінен таңдалады. Өз басым көкпарға жақсы шабатын айғырларымды жыл сайын үйірге жіберіп, оның құлындарын  асықпай үйретіп, көкпарға зейіні бар ма, жоқ па соны байқап барып баулимын.

— Көкпардың аты үшін ең басты шарт қандай? Яғни, жылқының жылдамдығы ма, күштілігі ме, әлде ептілігі ме…

— Көкпардың  аты үшін ең басты қажеттілік – жүректі болуы. Былайша айтқанда, өлген-тірілгеніне қарамайтын өте жүректі жылқы ғана көкпарға жарайды. Одан кейін барып икемділігі, жылдамдығы болуы керек.

— Көкпаршы мен астындағы аттың үйлесімі жайлы не айтасыз?

— Көкпаршы мен ат тұтасуы керек. Бірін-бірі өте жақсы түсінуі қажет. Бұған өте көп еңбек және уақыт жұмсалады. Біздің кейбір азаматтар жылқының сыртқы тұрқы мен сипатына қарайды да, сатып алады. Бір-екі апта дайындап көкпарға салады. Ол жылқы шаппайды. Содан қайта сатады. Өзім көкпарға жылқыны екі жыл дайындаймын. Тайында үйретем, құнанында баптаймын,  жілік майы толғанға дейін көкпарға салмаймын. Одан кейін қысқы шілдеге отырғызам.

— Қысқы шілде деген не?

— Көкпардың атын баптағанда: жазғы шілде және қысқы шілдеге бөледі.  Жазғы шілде:  25-шілдеден бастап 5-тамызға дейінгі аралық. Қысқы шілде: 25-желтоқсаннан 5-ақпанға дейін созылады. Осы уақытта жылқыға екі мезгіл жем беріп, бордақылаймыз. Жемге сәбіз, жұмырқа қосамыз. Осылай шілдеге отырғызып, баптаймыз.

Көкпардың атын баптау өте күрделі. Екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал, бабы қанбаған жылқы шаппайды. Ерте көктемдегі көкпарларға бармақ қазымен шабады. Күн ыстықта етін түсіру керек.

Қазіргі таңда көкпардан Қазақстан құрамасы мініп, халықаралық додаларға түсіп жүрген аттардың бес-алтауы өзім баптаған, төл  жылқыларым.

— Қуанышбек мырза, сіз көкпарға салатын жылқыларым көп дедіңіз, осы жылқыларыңызды ауыл-аймақта дүркіреп өтетін жаппай-той көкпарларға да саласыз ба, әлде спорттық көкпар үшін арнайы баптап, сақтап отырасыз ба?

— Кейбір жылқыларымды жаппай той көкпарларға салам. Өйткені, жылқылардың бейімі әртүрлі. Жеке тартысқа үйренген жылқыларды спорттық көкпарға дайындаймын да, кейбір өлермен айғырларымды той көкпарға салам. Өзіме қарасты оншақты үйір жылқым бар. Үйірде 15-16 бие болады. Бір үйірге арабы айғыр, екіншісіне ағылшын айғыр, үшіншісіне қостанай тұқымы деген сияқты айғыр салып жеке-жеке бақтырып жүрмін.

-Көкпардың атын баптайтын жақсы атбегілер көп пе?

— Өте аз. Біздің елде бәйге атын баптайтындар көп, бірақ көкпардың атын баптайтын адам аз. Өйткені, көкпар атына бәрі керек.

— Жаппай көкпар мен спорттық көкпардың негізі айырмашылығы қандай?

— Жаппай көкпар тартыста серкенің салмағы мынадай болсын деген шарт жоқ. Теке тарта ма, тана тарта ма, өздері шешеді. Сосын қатысушыларға да шек қойылмайды. Мың ат шаба ма, екі мың ат шаба ма бәрі бір. Одан кейін соңғы жылдары салымды ат иесі мен шабандоз бөлісіп жүр. Жаппай көкпар негізінен оңтүстік өңірде жақсы дамыған. Өткен жылдары ОҚО-ның Бозай деген жерінде жаппай көкпар өтті. Сонда 32 машина тігілді. Өткен мамыр айында жамбылдық бір азамат жаппай көкпар берді, жүлде қоры 2 млн теңгені құрады.

Ал, спорттық көкпар дегеніміз – белгілі бір ережеге бағынған, ортада төреші бар, алаңның ені – 80 метр, ұзындығы – 100 метр, қазандықтың биіктігі – 1.20 метр,  тартатын серкенің салмағы 30-35 келі арасында болуы керек деген тәрізді…

— Жаппай көкпарда қазандық жоқ. Дөңгелетіп сызып қойған шеңберге шабады. Спорттық көкпарда қазандыққа серке тастаймыз деп жігіттер ат-матымен соғылып, қирап жатады. Осы қазандықтың қажеті жоқ сияқты…

— 2001 жылы көкпардан алғаш рет Қазақстан біріншілігі өткен болатын. Сол кезде қазандық болмап еді. Одан кейін біздің елдің құрамасы 2001 жылдан бастап, 2004 жылға дейін Қырғызстан командасынан төрт жыл қазандыққа шауып оңбай ұтылдық. Содан кейін біздің жігіттерде қазандыққа дайындалып, 2005 жылы қырғыздарды ұттық. Сөйтіп қазандыққа шауып кеттік.

— Жас көкпаршыларды қалай дайындайсыздар?

— Көптеген облыстарда ұлттық спорт ойын түрлерін дамытатын клубтар немесе спорт-мектептері бар. Соларда жас көкпаршылар дайындалады. Бірақ ойдағыдай емес. Облыстық спорт басшылары көкпарды қолға алып, арнайы қадағаламаса дамуы қиын. Бір жылда ресми түрде үш жарыс өтеді. Біріншісі көкпардан жыл сайын Оңтүстік Қазақстан облысында өтетін Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнир, екінші көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты, үшіншісі ауыл спартакиадасы сияқты спорттық ойындар бар.

-Бірақ жаппай көкпар қатты дамып барады, ол қалай?

— Жаппай көкпар дамымай қайтеді. Мысалы, бізде спорттық көкпар жылына үш-ақ рет өтетін болса, жаппай көкпар оңтүстік жақта аптасына бір рет өтеді. Есептеп көріңіз жылына қанша жаппай көкпар шабылады. Оның сыртында жаппай көкпардың ең азында бір миллион теңге жүлде қоры бар.

— Солтүстік өңірде көкпар туралы ұғым жоқ, бұл бұрыннан болмаған ба, әлде орыстанып кетудің салдарынан жойылған ба?

— Солтүстік өңірде көкпар бұрыннан болмаған сияқты. Бірақ Астананың маңында жаппай көкпар шабыла бастады.

— Көкпар ер жігіттің рухын көтерді дейді, рас па?

— Көкпар жігітті жаужүректілікке тәрбиелейтін құрал. Жүздеген ат жан-жақтан кимелеп, тепкілеп жатқан майданнан көкпар алып шығу өте қиын. Оны басынан кешкен ғана біледі. Қазір көкпаршы десе көзқарас басқа.

Бекен Қайратұлы

Қауымдастықтың желідегі парақшалары