БҮКІЛӘЛЕМДІК КӨКПАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫН ӨЗБЕКСТАН БАСҚАРАДЫ

 

Бүгін түстен кейін Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығы Ұлттық музейде  он мемлекет өкілдерінің басын қайта қосып,  ұлттық спортты дамыту бағытындағы кеңес өткізді.

           Бұл кеңесте де халықаралық көкпар ойынына  қатысты біршама  мәселелер талқыға салынды. Оқырманымызға қысқаша таныстырып өтер болсақ,  ойын алаңының көлемі – 220х70. Егер қажет болған жағдайда оның көлемі – 180х60 метрге дейін кішірейтілу ұсынысы  қабылданды.

Бір команда – 12 ойыншы, 12 аттан құралады. Алаңға шығатын ойыншылар саны төртеу. Серке орнына – муляж тартылады. Салмағы – 33-35 келі. Ойын ұзақтығы – 40 минут. 20 минуттан екі тайм ойналады. Үзіліс  – 10 минут.

Сондай-ақ, кеңесте Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығы атауының (бұрынғы атауы – Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы) өзгертілгені және қауымдастықтың жаңа логитипі жасалғаны мәлімделді. 2013 жылы құрылған бұл Қауымдастықтың президенті қызметін Бекболат Тілеухан атқарып келген-ді. Құрылтайшылары – Қазақстан, Қырғызстан, Монғолия, Венгрия және Өзбекстан елдері болған.

Бекболат Тілеухан осы кеңес үстінде Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының тізгіні ендігі жерде Өзбекстанға ұсынылатынын жария етті. Сөйтіп,  көпшілік дауыспен Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының презизенті болып Өзбекстан «Улак-купкари» федерациясының вице-президенті Эркин Абзалов тағайындалды. Ал, вице-президенттігіне Монғолияның Баян-Өлгей аймағындағы  ұлттық спорт федерациясының басшысы Ром Әуесхан мен Венгрияның «Аударыспақ-Хунгари» федерациясының басшысы Иштван Бенцзе сайланды.  Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының атқарушы директоры қызметіне Рахат Жақсыбай ұсынылды. Соңында жиынға қатысушы елдердің барлығы  Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының мүшелігіне қабылдану мақсатында ресми қол қою рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ, сәуір айында Алматыда көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан Жастар арасында өтетін Азия чемпионатын ұйымдастыру жайы да осы кеңесте біршама сөз қозғалды. Негізінен, 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтуге тиіс бұл бәсекеде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан командаларынан  басқаларға 25-26 жасқа дейін рұқсат берілуі мүмкін екендігі айтылды. Мұның себебі, көп елдерде аталмыш спорт түрлерінен әлі жастар командаларының  құрылмағандығынан деп түсіндірілді.

 

Ұлттық спорт ақпараты

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары