Бәйге

 «БӘЙГЕ» СПОРТЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ

  1. Жалпы ережелер

1.1. Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы «Бәйге» федерациясы әзірлеген осы Ереже «Алтын тұлпар» (51 км), «Аламан бәйге» (25-31 км), «Бәйге» (Топ бәйге) (16-21 км), «Құнан жарыс» (7-9 км), жорға жарысы (7-9 км) бойынша Қазақстан Республикасында өткізілетін барлық ресми жарыстар мен турнирлерде қолданылады. Қостанай жылқы тұқымының бәйгесі арнайы баппен реттеледі.

1.2. Жарысты өткізу тәртібі регламентпен (ережемен) анықталады. Регламентті және қажетті құжаттарды жарысты өткізетін ұйым даярлайды.

1.3. Жарыс ережесі мынадай тараулардан тұрады:

– атауы;

– мақсаттар мен міндеттері;

– өткізілетін орны мен уақыты;

– жарысты өткізу жүйесі, жарысты басқару;

– қатысатын ұйымдар мен жарысқа спортшылар;

– спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және басқа да жарысқа спортшылардың тіркелген құрамы;

– жарысқа спортшылардың жасы мен жынысы;

– допингтік бақылаудан өткізу тәртібі;

– өтінім берудің мерзімі мен тәртібі;

– спортшы мен атты жарысқа жіберу ережесі;

– нәтижелерді бағалау тәртібі мен жеңімпаздарды анықтау;

– арыз бен наразылықтарды қарау тәртібі және осы жағдайларға байланысты шешім шығару;

– медициналық көмек, қоғамдық тәртіп және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

– қаржылық шығын;

– жарыстың бағдарламасы;

– жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау.

Регламенттің талаптары осы ережеге қайшы келмеуі тиіс.

1.4. Регламентке өзгертулер мен толықтырулар енгізуге рұқсат етіледі. Алайда бұл турал спортшыларға жарыс басталардан 14 күн бұрын хабарлама жіберу міндетті.

1.5. Жарыс ережесі жарысқа қатысуға шақырылатын ұйымдарға жарыс өтетін күнге дейін жолдануға тиіс уақыт:

– дене шынықтыру және спорт ұжымдарының жарыстары кемінде 2 ай бұрын;

– аудандық және қалалық жарыстар кемінде 3 ай бұрын;

– облыстық жарыстар 6 ай бұрын;

– республикалық жарыстар 6 ай бұрын;

– халықаралық жарыстар кемінде 1 жыл бұрын.

  1. Жарысқа спортшылар

2.1. Жарыстарға тиісті дайындықтан өткен және атты басқару дағдыларын жақсы игерген 8-15 жастағы спортшылар қатыса алады.

2.2. Жасөспірім спортшылардан ата-анасының рұқсат қағазы (нотариалды сенімхат), денсаулығына байланысты медициналық анықтама, сақтандыру полюсі талап етіледі.

  1. Аттарға қойылатын талаптар

3.1. Ұлттық ат спорты түрлері бойынша жарыстарға жылқының барлық тұқымы қатыса алады.

3.2. Жарысқа қатысатын аттың жал-құйрығы, кекілі сүзулі (жал-құйрығы, кекілі түйілуге тиіс) керек. Егер талапқа сай болмаса жарысқа жіберілмейді.

3.3. Төрешілер алқасына жарыстарға қатысатын әр атқа оны жарысқа қосатын ұйым мен ветеринарлық пункттің қолы қойылып, мөрі басылған анықтамасы ұсынылуы тиіс.

Анықтамада аттың фотосуреті, тұқымы, жынысы, туған жылы, түсі, лақап есімі және аттың жарысқа қатысуына берілетін ветеринар дәрігердің рұқсат қағазы болуы міндетті. Шыққан тегі туралы құжаттары жоқ аттар, шыққан тегі «белгісіз» деп есептелінеді. Қатысуға рұқсат беретін ветеринардың анықтамасы жоқ аттар жарысқа жіберілмейді.

  1. Мандаттық комиссиясы

4.1. Мандаттық комиссия төрешілер алқасынан, ветеринариялық және медициналық қызметкерлерден, сонымен бірге команда өкілдерінен тұрады.

  1. Төрешілер алқасы

5.1. Төрешілер алқасын ҚР Мәдениет және спорт министрілігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы тағайындап, бекітеді.

5.2. Төрешілер алқасы осы ережелерге және регламентке сәйкес жарыстардың жалпы қорытындыларын жинақтауға, нәтижелерін анықтауға, жарыстарды дайындау мен өткізуге жауап береді.

5.3.Төрешілер құрамы:

  1. Бас төреші
  2. Бас төрешінің орынбасары
  3. Бас хатшы
  4. Төрешілер
  5. Сөре төрешісі (стартер)
  6. Уақыт төрешісі
  7. Хабарлаушы төреші
  8. Техникалық төреші
  9. Мал дәрігері
  10. Дәрігер

Төрешілер алқасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтаудың дұрыстығына, көрсетілген уақытты белгілеуге, хаттама жүргізуге жауапты болады.

5.4. Бас төреші жарыстардың жетекшісі болады және осы ережелер мен жарыстардың регламентіне сәйкес өтуін қаматамасыз етеді.

  1. Өткізу тәртібі мен орны

6.1. «Алтын тұлпар», «Аламан бәйге», «Бәйге», «Ұшқыр аттар жарысы», «Құнан жарыс», «Тай жарыс», «Жорға жарыс» бойынша жарыстар сағат тілінің қозғалысына қарсы бағыттағы тұйық шеңбер бойынша тегіс алаңда өткізіледі. Жарыс алдында көрермендерге шабандоздар мен аттарды таныстырып, «Сөреге» (Накопитель) жинайды.

6.2. Ауа райына, өткізетін жердің ыңғайына қарай, тіркелген аттардың санына байланысты жарысты ұйымдастыратын, өткізетін ұжым қашықтықты ережеге сәйкес анықтайды.

  1. Тай жарыс – 3 шақырым;
  2. Құнан жарыс – 7-9 шақырым;
  3. Ұшқыр аттар жарысы – 1,0-3,2 шақырым;
  4. Бәйге (Топ бәйге) – 16-21 шақырым;
  5. Жорға жарыс – 7-9 шақырым;
  6. Аламан бәйге – 25-31 шақырым;
  7. «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі – 51 шақырым.

7. Шабандоз киімінің үлгісі

  1. Тай жарыс – жасыл;
  2. Құнан жарыс – қызыл;
  3. Ұшқыр аттар жарысы – арнайы киім;
  4. Бәйге – көк;
  5. Жорға жарыс – сары;
  6. Аламан бәйге – ақ;
  7. «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі – ақ.
  8. Шабандоздар белгіленген үлгіге сәйкес каска киюге міндетті.

Жарысты ұйымдастырушы тараптың мүмкіндігіне орай шабандоздың киім түсі өзгеруі мүмкін.

  1. Жүлделер тағайындау

Ұлттық ат спорты түрлері бойынша жарыс жеңімпаздарына тапсырылатын жүлделерді ұйымдастыру алқасы тағайындайды. Бірінші келген аттың жүлдесі бәйгені ұйымдастырушы тарапқа тапсырылған өтінімде көрсетілген ат иесіне беріледі.

  1. Өтінім беру

9.1. Жарыс басталардың алдында команда өкілдері ережеде көрсетілген үлгіде шабандоздың аты-жөні мен тегі және туған жылын көрсетіп өтінім береді. Сонымен қатар, өтінімде қашықтық, жылқының жынысы, жасы, түсі, лақап есімі, бапкері, ат иесі, дәрігердің рұқсаты қоса көрсетілуі міндетті.

9.2. Жарысқа спортшы шабандоздар жарыс өткізетін ұйым бекіткен ережеге сәйкес бірдей форма киюі тиіс.

9.3. Сөре – жарыс жолының барлық ені бойынша сызықпен белгіленеді. Шабандоздар төрешінің шақыруымен спортшылардың алдында сөре сызығына сапқа тұрады. Осы кезде аттың алдыңғы тұяғы сөре сызығынан асып кетпеуі тиіс. Жалауша көтеріліп «Назар сал!» бұйрығы беріледі. Осы бұйрық бойынша спортшылар аттарының тізгінін жинап, өте мұқият болуы тиіс. «Шап!» бұйрығы беріліп, жалауша түсірілген кезде спортшылар жарысты бастайды.

9.4. Жарыс кезінде шабандоз басқа шабандозға кедергі жасамауы керек. Басқа шабандоздың өзін немесе атын қамшымен ұруға болмайды. Жарыс барысында алаңдағы төрешілерден басқасына қашықтық бойымен спортшыға еріп жүруге рұқсат етілмейді. Осы және басқа ережелерді бұзған спортшы жарыстан шеттетіледі.

9.5. Қашықтықты ең қысқа уақытта өтіп, мәреге озып келген шабандоз жеңімпаз атанады. Егер спортшылар мәреде бірдей уақыт көрсеткен болса, онда атының басы, құлағы, ауыздығы сәл де болса алда болған спортшы жеңімпазы атанады.

Тай, құнан бәйгесінде шабандозға қамшы ұстауға рұқсат берілмейді.

Құнан бәйгесінде 15 мамырға дейін тісемеген құнан ғана қатыса алады.

9.6. Жорға жарысында спортшылар қашықтықтың басынан аяғына дейін бір қалыпты ырғақты жүрісін сақтау керек. Басқа аллюрға салуға, яғни ат жорғасының басқа жүріске ауысуының саны жарыс бойында 3 ретке дейін ғана рұқсат етіледі.

Ескерту: Жүрісті ауыстыру дегеніміз, аттың 4-тен 10-ға дейін жорғасын бұзып, шабыс жасауы. Ал, 11 және одан көп болса «шауып кету» деп саналады. Шауып кеткен ат жарыстан шеттетіледі.

9.7. Мәреден шауып немесе желіп өтіп озған аттың жеңісі есептелмейді.

  1. Наразылықтар

10.1. Наразылықтарды төрешілер алқасына спортшының жетекшісі тек жазбаша түрде және жарыс аяқталғаннан кейін 20 минуттан кешіктірмей табыс етуі тиіс.

Наразылықта спортшылар немесе төрешілер бұзылған ереже мен жарыс регламентінің тараулары мен тармақтарын көрсетуі тиіс. Бас төрешілер алқасы наразылықты қабылдап алуға, оны қарауға, сол бойынша шешім қабылдауға және оны өтініш берушіге барынша аз мерзімде жарыс қорытындылары бекітілгенге дейін міндетті түрде жеткізуге міндетті.

10.2. Бас төрешілер алқасы наразылықтар мен оның шешімдерінің мазмұнын барлық жарысқа спортшы командалардың жетекшілеріне жеткізеді.

10.3. Бас төрешінің наразылық бойынша шешімі кесімді және қайта қарауға жатпайды.

  1. Жарыс алаңына қойылатын талаптар

11.1. Бәйге ипподромдарда және қолайлы тегіс жерде, осы ережеде сипатталған параметрлерге сәйкес келетін орындарда өткізіледі.

11.2. Жарыс өтетін аумақта болуға тиіс міндетті инфроструктуралар:

– арнайы қоршалған көрермендер орыны мен трибуна;

– автомобильдер мен мамандандырылған техникаларға арналған орын;

– коментатор алаңы;

– аттарды жинауға арналған орын;

– төрешілерге арналған биік орын;

– фотофиниш;

– ақпарат таратуға арналған LED-экран немесе электротабло;

– аттарды тиеуге арналған мамандандырылған техника;

– спорттық-жаттығу алаңы;

Барлық аумақ біріктірілген коммуникациялық байланыста болуға тиіс. Жарыс өткізіліп жатқан кезде қоғамдық тәртіпті қамсыздандыру үшін ішкі істер қызметкерлерінің үнемі болуын, алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін медициналық қызметті, төтенше жағдайлар, ветеринарлық қызметтерді жарысты ұйымдастырушылар қамтамасыз етеді.

Аттарға арналған жарыс жолы шеңберінің ені 20 метрден кем болмауы тиіс. Жарыс жолының бұрылыс бұрыштары 10-15 градус, бірақ 20 градустан аспайтын ішке қарай қиыс бұрыш жасау ұсынылады. Жарыс алаңынынң ішкі жағына әртүрлі қашықтықтағы мәре мен сөрені көрсететін, сондай-ақ, өткен қашықтықтың учаскелерін белгілеуге арналған бағаналар немесе тақтайшалар орнатылады. Мұндай арнаулы белгілер атбегі мен шабандозға аттың шабыс күшін қашықтық бойы сауатты пайдалануға көмектеседі. Жарыс жолының барлық ішкі жағына бірін бірі көре алатындай қашықтықта алаң төрешілері тұруға тиіс.

Жарыс жолы топырағының жоғарғы қабаты алдын ала дымқылданған және арнайы техникамен қопсытылған, өңделген болуы тиіс. Топырақты өңдеу жарыс басталардан бір күн бұрын жүргізілуі керек.

Бәйгенің жарыс жолы көрермен трибунасынан 20 метр алыс болуы тиіс. Жарыс кезінде спортшылар мен көрермендер жарақат алмауы және оқыс жағдайға тап болмауы үшін ұйымдастырушылар мен ішкі істер органы қызметкерлері жарыс жолына бөгде адамдардың шығып кетпеуін қамтамасыз етуі қажет.

Жарыс төрешілері рация, ысқырық, секундомер, компьютер, принтер және тағы басқа аса қажетті техника, инвентармен жабдықталуы тиіс.

  1. Қостанай жылқы тұқымының жарыстарын өткізу шарттары

12.1. Жарыстың барлық түрлеріне таза тұқымды қостанайлық жылқылар және қостанайлық будандар қатысады. 2, 3, 4 және одан жоғары жастағы айғырлар, мериндер мен биелер жіберіледі.

12.2. Қостанай жылқы тұқымының  жарыстарына ресми расталған шығу тегі және тиісті сәйкестендіру құжаттары (жылқының асыл тұқымдық паспорты) бар жылқылар жіберіледі. Жарыстарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген вакцинациялау жүргізілгені туралы белгілері бар ветеринариялық паспорты бар жылқылар жіберіледі. Жылқының асыл тұқымдық паспортында көрсетілген адамның аты-жөні жарыстың өтінімінде «иесі»деген бағанында жазылады.

12.3. Жазба ат жарысына/бәйгеге дейін кемінде 2 күн бұрын жүргізіледі. Қатысушыларды тіркеу және жеребе тастау бір күнде жүргізіледі. Жеребе тастау рәсімі ат иелеріне, жаттықтырушыларға және шабандоздар қатыса алады.

12.4. Төрешілер алқасы жарыс алдында жарысқа қатысатын жылқыларды тексереді. Жылқыларды тексерудің мақсаты: клиникалық жағдайын бағалау, төлқұжаттарды сәйкестендіру.

12.5. Жарысқа қатысушылар

Жарысқа белгіленген үлгідегі біліктілік туралы тиісті құжаты, сондай-ақ медициналық анықтамасы мен сақтандыру полисі бар шабандоздар, жокейлер және жаттықтырушылар жіберіледі.

12.6. Допинг бақылау

Төрешілер алқасы қатысушы жылқылардың кез келгенінен кез келген ат жарысында немесе өз қалауы бойынша допинг бақылауға сынама талап етуге құқылы. Допинг-бақылауға оң нәтиже көрсеткен ат сынақ ережелеріне сәйкес орын, жүлде және рейтингтен айырылады. Иесі немесе жаттықтырушысы допинг-бақылаудан бас тартқан ат сынақ ережелеріне сәйкес орын, жүлде және рейтингтен айырылады.

12.7. Қостанай жылқы тұқымы жарыстарының қашықтықтары:

  1. Құнан жарыс – 5-7 шақырым;
  2. Ұшқыр аттар жарысы (2 жас) – 1-1,6 км.
  3. Ұшқыр аттар жарысы (3 жас және одан жоғары) 1,8-3,2 км
  4. Аламан бәйге – 18-20 км.
Қауымдастықтың желідегі парақшалары