Ел ішінде

Бүгін тек Қостанай жылқысы қатысқан аламан өтеді

Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный кентіндегі «Арғымақ» атшабарында тек қана Қостанай жылқысы қатысқан бәйге түрлерінен маусымашар аламан өтеді.

1889 жылы патшалық Ресей өкіметі қазақтың қазанатын негізге алып, Қостанайда жылқы зауытын құрады. Алпыс жыл үздіксіз селекция нәтижесінде 1951 жылы Қостанай жылқысы асыл тұқымды зауыттық жылқы шаруашылығы ретінде танылады. Қостанай жылқысы КСРО-ның ең үздік жылқы тұқымдарының қатарына қосылады.

Қазіргі таңда қазақтың қазанаты – жоғалудың аз-ақ алдында тұр. 1969 жылғы санақта 44 000-ға жеткен қостанай асыл тұқымды жылқысынан қазір саусақпен санарлық қана қалған.

2021 жылдың қыркүйек айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жетекшілігімен Қостанай жылқысының тұқымын сақтау және дамытуға арналған мемлекеттік жол картасы қабылданды. Ұлттық брендімізді сақтап қалу бағытындағы жобаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Sport Qory қолдау білдірді. Қостанай жылқысының жабық бәйгесі ретінде 2022 жылғы спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесіне республикалық 6 турнир қосылды. Соның аясында 2022 жылы Қостанай тұқымды жылқылар мен Қостанай будандары ғана қатысатын 22 бәйге өткізу жоспарланып отыр.

Биылғы маусымашар бәйге – «Қостанай жылқысы – қазақтың қазанаты бәйгесі» республикалық турнирі ертең, яғни 21 мамырда Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Заречное кенті, «Арғымақ» ипподромында өтеді.

Жарыс бағдарламасында Қостанай жылқыларының ұшқыр (1 км, 1,8 км), құнан (5 км) және аламан бәйгесі (18 км) бар.

Сондай-ақ, Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен және Қостанай бәйге федерациясының ұйымдастыруымен маусымашар шара аясында барлық санаттағы аттар қатысатын құнан (4 км) және аламан бәйге (16 км) өтуі жоспарланып отыр.

Қостанайдағы «қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры әрі осы аламанды ұйымдастырушылардың бірі Айгүл Амандықованың айтуына қарағанда жалпы аламанға 50-ге жуық жүйрік қосылады.

1000 метрге – 7 құнан

1800 метрге – 11 дөнен

5000 метрге – 12 құнан

18 000 метрге – 18 ат тіркелген.

Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық берілсе, 18 шақырымда бас жүлдеге автокөлік тігіліп отыр.

BAQ.KZ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары