БҮГІН БАС БАПКЕРДІҢ ТУҒАН КҮНІ!

 

Құрамаев Қуанышбек Мәшірұлы – 1970 жылы Тараз қаласында дүниеге келген.  1987 жылы еркін күрестен «КСРО спорт шебері» атанды. Жамбыл облысының «Грек-рим және еркін күрес» федерациясында жаттықтырушы болып жұмыс істеді.  2007 жылы  Дулатов  атындағы Тараз  мемлекеттік педагогикалық институтын дене шынықтыру мамандығы бойынша бітірген.

Қазақстанда командалық көкпар спортының қалыптасуына ерекше үлес қосқан танымал көкпаршы, тәжірибелі бапкер.Көкпардан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, «Көкпардан Қазақстан Республикасының спорт шебері» (2005), Көкпар спортынан «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» (2009).

ҚУАН ҚҰРАМАЕВ ҰЛТТЫҚ СПОРТҚА ҚАНДАЙ ЕҢБЕК СІҢІРДІ?

                Құрамаев Қуанышбек Мәшірұлы – Ұлттық спорттың дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген азамат. Біз барлығын болмаса да, ұлттық спорттың бас бапкері атқарған қыруар еңбектің өзіміз білетін біршама деректерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

1996 жылдары Жамбыл облысында құрылған көкпар командасының белді мүшесі болған Қуанышбек Құрамаев 2003 жылдан бастап көкпардан Қазақстан Ұлттық Құрама командасының бас бапкері қызметінде.

Қуанышбек Құрамаев жетекшілік жасаған көкпардан Қазақстан Ұлттық Құрама командасы көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды. Атап айтқанда, Қазақстан көкпар командасы алғаш рет 2004 жылы Қырғызстан президентінің жүлдесіне арналған, бес мемлекеттің командасы қатысқан тұңғыш халықаралық көкпар турнирінің чемпионы атанды.

2012 жылы Түркияның Денизлі қаласында өткен халықаралық көкпар жарысында Қазақстан ұлттық құрама командасы жеңімпаз болды.

2013 жылы Астанада алғаш ұйымдастырылған, 8 мемлекет командасы қатысқан І Ашық Азия чемпионатының бас жүлдесін Қуан бапкер жаттықтырған Қазақстан ұлттық құрама командасы жеңіп алды.

2015 жылы Қазақстан ұлттық құрама командасы Қытайдың ШҰАР Іле-Қазақ автономиялы облысында ұйымдастырылған халықаралық көкпар турнирінің чемпионы болды.

2016 жылы Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан ұлттық құрама командасы күміс жүлдені иеленді.

2017 жылы Астанада 11 мемлекет командасы қатысқан көкпардан         І Әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрама командасы чемпион атанды.

Қазіргі кезде көкпардан Қазақстан ұлттық құрама командасындағы Азия, Әлем чемпионы атанған спортшылардың көпшілігі тәжірибелі бапкер, атақты көкпаршылар жаттықтырушысы Құрамаев Қуанышбектің шәкірттері.  Сонымен қатар, Қуанышбек Мәшірұлы тек көкпар командасы ғана емес, еліміздегі аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу сияқты ұлттық  спорт ойындарының дамуына, аталмыш ойын түрлерінің халықаралық деңгейге көтерілуіне үлкен үлес қосумен келеді.

2018 жылы Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатында, Теңге ілуден ІІ Азия чемпионатында спортшыларымыз бас жүлделерді иеленді.

2019 жылы Жастар арасында өткен І Азия чемпионатында біздің жастар Көкпар, Аударыспақ, Теңге ілу, Жамбы атудан чемпион атанды.

2019 жылы Жамбы атудан ересектер арасындағы І Әлем чемпионатында Айкөз Ералхан мерген чемпион атанса, Тулыбеков Абзал жүлдегер болды.

Ұзақ жылдар бойы елімізде ұлттық спорт түрлерінің жандануына, Қазақстан Республикасында ұлттық ойындардан халықаралық, әлемдік  чемпионаттардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы жолында өлшеусіз тер төгумен келген, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген  жаттықтырушысы Құрамаев Қуанышбек Мәшірұлының алдағы уақытта да ұлттық спорт саласында табысты қызмет атқара беруін тілейміз!

Құрметті Қуанышбек Мәшірұлы! Сізді мерейлі туғанкүніңізбен құттықтаймыз! Сіздің ұлттық спорт саласындағы  көп жылғы еңбегіңіз өлшеусіз. Он алты жылдан астам көкпардан ҚР Ұлттық құрама командасының тізгінін ұстадыңыз. Қазақстан көкпар командасы  Азия, Әлем чемпионаттарында жеңімпаз атанды. Көкпар ғана емес, басқа да ұлттық спорт түрлерінің республикалық, халықаралық деңгейге көтерілуіне ерекше үлес қосумен келесіз.  Сізге зор денсаулық, отбасыңызға береке-бірлік, ұлттық спорт саласындағы еңбектеріңіздің жемісті бола беруін тілейміз. Туған күніңіз құтты, ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын!

ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ҰЖЫМЫНЫҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары