Аударыспақ

АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН АРМАН БАЛУАН

Биылғы Қазақстан чемпионатының басталуына санаулы күндер ғана қалды. 19 мамырда Тараз қаласында ту көтеретін елішілік чемпионатқа әр өңір өз үздіктерін үкілеп қосуға даяр. Бір қуанарлығы, соңғы жылдары ұлттық спорт үздіктерінің қатары қалыңдай  түсуде. Солардың бірі – Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы чемпионы атанған ақтөбелік Арман Сағынбаев. Бүгін жанкүйерге осы Арман балуанды жақынырақ таныстыруды жөн көрдік.

               Аударыспақ спортында Ақтөбе облысының даңқы өткен жылы бір дүркіреген болатын. 2006 жылдан Ақтөбе облыстық ұлттық спортына жетекшілік жасаған тәжірибелі бапкер, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы  Абат Аймағамбетовтің үш шәкірті 2018 жылғы қос ірі жарыста бірінен соң бірі суырылып шықты. 60 келіде Серғазин Азамат, 70 келіде Шыңғысхан Ержанов Қазақстан чемпионатында да, ІІІ Азия чемпионатында да чемпиондық атақты жеңіп алды. Ал, 80 келі салмақтағы Арман Сағынбаев ІІІ Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы чемпионы атанды. Аударыспақтан 2014 жылғы және 2016 жылғы Азия чемпиондары, 4-5 жыл аралығында өткен ірі доданың ешбірінде жеңіліп көрмеген Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаровтан шеберлік асырып, Азия жеңімпазы болған Арман Сағынбаев сол кезде  қалың жанкүйерді шынымен де таң қалдырды. Егер салмағы бар-жоғы 80 келі тартатын Арман финалдық жекпе-жекте өзінен отыз келі ауыр, аударыспақтағы атағы жер жарған Біржан балуанмен тайсалмай тартысып, ұпай санымен жеңіп кетсе жанкүйер біткен қалайша таңданбасын?!

Суретте: ІІІ Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы чемпионы Арман Сағынбаев.

Суретте: ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ақтөбелік бапкер Абат Аймағамбетов ІІІ Азия чемпионы атанған жеңімпаз шәкірттерімен бірге

Суретте: Аударыспақ спортының даңқты балуандары (оңнан солға қарай) Шыңғысхан Ержанов, Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров, абсолютты салмақтағы чемпион Арман Сағынбаев, Есімхан Рахматілла және  Азамат Серғазин.

Арман балуан – қазақтың аударыспақ спортында осылайша жарқырап танылған жаңа есім. Сондықтан, орайы келгенде оқырманға бұл балуанды жақынырақ таныстыруды орынды көрдік.

Біздің қолда бар дерекке сүйенсек, Арман балуан 1995 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген.  Отбасындағы 5 баланың екіншісі. Жастайынан күреспен де, бокспен де шұғылданған. Бірақ, 2010 жылдан бастап аударыспақ спортымен тұрақты айналысқан. Аударыспақтан ҚР спорт шебері. ҚР Ұлттық құрама командасының негізгі мүшесі. Қазіргі кезде Батыс Қазақстан гуманитарлық және техникалық университетінде дене тәрбиесі және спорт мамандығы факультетінің  2 курсында оқиды.

Ал, Арман балуанның біз білетін  спорттық жетістіктері төмендегідей. 2012 жылы  70 келі салмақта жасөспірімдер арасындағы және жастар арасындағы ҚР чемпионатының жүлдегері  болды. 2013 жылы 80 келі салмақта ересектер арасындағы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 2014 жылы 80 келіде жастар арасындағы ҚР чемпионатының чемпионы атағын иеленген.  Сол жылы ересектер арасында А.Асқаров атындағы халықаралық турнирдің күміс жүлдесін жеңіп алған. 2016 жылы  «Астана жұлдызы» республикалық турнирінің финалында Біржан Қосалиевке ғана есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. 2015 жылы әскери борышын өтеді.  2016 жылы 80 келіден жоғары салмақта жастар арасындағы ҚР чемпионатының жеңімпазы болды және «Алтын тұғыр» иегері атанды.  2017 жылы «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының жүлдегері болды. 2018 жылы Елорда төрінде өткен ІІІ Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы чемпионы атағын иеленді.

Еске салып өтсек, 2014 жылы Астана қаласында аударыспақтан тұңғыш ұйымдастырылған Азия чемпионатының абсолютті чемпионы Біржан Қосалиев (Түркістан обл) болса, 2016 жылы Қытайдың Іле-Қазақ автономиялы облысында өткен ІІ Азия чемпионатының абсолютті чемпионы Сырым Ізбасаров (Түркістан обл). Сондай-ақ, 2017 жылы аударыспақ спортынан Елордада өткен  халықаралық турнирдің абсолютті салмақтағы бәсекесінде  Біржан Қосалиев жеңімпаз атанды.

Төлеген Жәкітай

 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары