АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ БАСТАЛДЫ

Ұлттық спорттан Жастар арасында Алматыда өтетін І Азия чемпионатына қатысуға үміткер  көкпаршылар Тараз қаласында оқу-жаттығу жиынын бастап кетті.

         Жуырда Қызылорда облысында  өткен Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында көкпардан бас жүлдені Жамбыл облысының «Әулие-ата» жастар командасы жеңіп алған болатын. Екінші орынды Алматы облысы, үшінші орындарды Түркістан мен Қызылорда облысының командалары иеленген.

Көкпардан Республикалық бас төреші Нұрдәулет Момынов берген мәліметтерге қарағанда Тараз қаласында басталған І Азия чемпионатының оқу-жаттығу  жиынына жиырмаға жуық жеткіншек қатысуда. ҚР Жастар ұлттық құрамасын жаттықтырушы – ҚР Жастар мен жасөспірімдер командасының аға бапкері Атамекен Рүстемов. Оқу-жаттығу жиынына жоғарыда аталған командалардың әрқайсысынан 4-5 үздік ойыншылары шақырылған. Екі апталық оқу-жаттығу жиынан соң көкпардың білікті мамандары шешімімен көкпардан ҚР Ұлттық   жастар құрама командасы жасақталады. І Азия чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар есімдері де сол кезде белгілі болмақ.

Ал, ұлттық спорттың Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілуден І Азия чемпионатына даярлық үшін өтетін оқу-жаттығу жиыны 3 сәуір күні басталады.

Тараздағы аталмыш оқу-жаттығу жиынына бірер күнде Ауғанстан Жастар құрама командалары  келіп қосылады деп күтілуде.

Еске салып өтсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастыруымен өтетін  Жастар арасындағы І Ашық Азия чемпионаты (көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату) 14-22 сәуір күндеріне белгіленген.    Қазақстан, Венгрия, Ресей, Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан мемлекеттерінің жастар командалары бақ сынайтын халықаралық жастар бәсекесі елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отыр.

Ұлттық спорт ақпараты

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары