ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Бүгін Тараз қаласының іргесіндегі атшабарда ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

           Ұлттық спорттан еліміздің басты бәсекесінің  ашылу салтанатына  Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, командалық көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев және басқа да Ұлттық спорттың ардагерлері мен көкпар сүйер жанкүйерлер қатысты.

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөйлеген әкімнің орынбасары ұлттық спортты дамыту арқылы ұлттың денсаулығын сақтауға мол мүмкіндік барын айтты.  «Киелі Әулие ата жеріне қош келіпсіздер. Ұлттық спортты дамыту арқылы ұлттың денсаулығын сақтау, жақсарту біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі таңда еліміз бойынша ұлттық спортқа деген қызығушылық артып келеді. Барлық спортшыларға жеңіс тілеймін. Аттарыңыз сүрінбесін» – деді өз сөзінде Бекболат Орынбеков.

Ашылу салтанатындағы атты шеруге қатысқан спортшыларға КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев ақ батасын беріп, ақ жол тіледі. «Қазақстан чемпионаты алғаш басталған жылдары 5-6 команда ғана қатысушы еді. Бүгін міне, көкпардың өзінен 15 команда бақ сынап отыр. Бұл үлкен жетістік. Елімізде ұлттық спорттың дамуына ат салысып жүрген жігіттерге алғыс айтамын»,  деді ардагер көкпаршы.

Еске салып өтелік, биылғы Қазақстан чемпионатына еліміздің 13 облысы, 2 қаласынан келген жиыны 15 көкпар командасы қатысуда. Сондай-ақ, чемпионатта 20 теңге ілу шебері, 60 аударыспақ балуаны және Жамбы атудан 21 сұрмерген бақ сынайды. Елішілік бәсеке 26 мамыр күні аяқталады.

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары