ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ!

 

Бүгін Елордадағы «Қазанат» атшабарында ұлттық спорт түрлерінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Биылғы елішілік чемпионаттың жүлдесін сарапқа салу үшін  Астанаға еліміздің барлық өңірінің үздік командалары жиналды. «Қазанатқа»  келген ұлттық спорттың жанкүйерлері бүгін ҚР чемпионатының салтанатты ашылуы мен көкпаршылар  бәсекесін тамашалады.

Елордаға алыстан ат арытып жеткен 15 көкпар командаларының жеребе тарту рәсімі кеше өткізілген-ді. Сөйтіп, командалар төмендегідей төрт топқа бөлінген:

«А» тобы «Б» тобы «В» тобы «Д» тобы
1 Батыс Қазақстан облысы Ақмола облысы Маңғыстау облысы Атырау облысы
2 Оңтүстік Қазақстан облысы Ақтөбе облысы Астана қаласы Жамбыл облысы
3 Павлодар облысы Шығыс Қазақстан облысы Солтүстік Қазақстан облысы Қарағанды облысы
4 Алматы қаласы Қызылорда облысы Қостанай облысы

 

Еске салып өтелік, бұл Қазақстан Республикасының көкпардан ұйымдастырылған XVІІІ чемпионаты. Елішілік чемпионаттың алғашқы бәсекесі ақ жауынның астында басталды. Көкпаршыларымыз ауа-райының қолайсыздығын қаперлеріне алған жоқ. Бүгін жанкүйерлер жеті бірдей тартысты ойынның куәсі болды. Әсіресе, бір-екі ғана ұпай айырмашылығымен аяқталған Ақтөбе облысы командасы мен Ақмола облысының, Қостанай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысының кездесулері деңгейі шамалас командалардың тең дәрежедегі ойын өрнектерін аңдатты. Бұл бәсекелерде 4-5 есебімен Ақтөбе облысы, 3-5 есебімен Солтүстік Қазақстан облысы командалары жеңіске жетті.

Ал, командасы құрамында Азия чемпионатының, Әлем чемпионатының жеңімпаздары бар, бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы атанған Оңтүстік Қазақстан облысының көкпаршылары бүгінгі қарсыластары Батыс Қазақстан облысы командасын 15-2 есебімен қирата жеңді. Сондай-ақ, Алматы қаласының көкпаршылары да Павлодар командасын айқын басымдылықпен ұтып кетті. Бұл ойын да 15-2 есебімен аяқталды.

1 шілде күні Батыс Қазақстан облысы-Павлодар облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы-Алматы қаласы, Ақмола облысы-Шығыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы-Қызылорда облысы, Маңғыстау облысы-Солтүстік Қазақстан облысы, Астана қаласы-Қостанай облысы, Атырау облысы-Қарағанды облысы командаларының кездесуі өткізілмек.

Ертең «Қазанат» атшабарында  XVІІІ мәрте жалауы көтерілетін аударыспақ бәсекесі тамашаланады.  15 команда балуандары 60 келі, 70 келі, 80 келі, 90 келі және 90 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша белдеседі. Ал, 4 шілде күні Теңге ілу шеберлері мен Жамбы атудан сұрмергендер сайысы басталады. 1-6 шілде күндері аралығында күн сайын көкпаршылар бәсекесі өткізіледі. Демалыс уақытыңызда елішілік чемпионатты қызықтап, ұлттық спортыңыздың жанкүйері болыңыз, қадірлі ағайын!

Төлеген ЖӘКІТАЙ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары