Көкпар

ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ АЯҚТАЛДЫ

19 мамыр күні Тараз қаласында басталған ұлттық спорттан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты бүгін аяқталды. Көкпар мен аударыспақтан ХІХ рет, теңге ілуден ХІІІ рет, Жамбы атудан V рет ұйымдастырылған елішілік жарыстың соңғы күні көкпар бәсекесінің финалдық ойыны тамашаланып, чемпионаттың салтанатты жабылуы өтті. Екі жыл қатарынан түркістандық «Құлагер» командасына есе жіберген Жамбыл облысының «Әулие-ата» командасы көкпардың бүгінгі ақтық бәсекесінде   чемпиондық атаққа  оныншы мәрте қол жеткізді.

            Сәл шегініс жасасақ, елішілік чемпионаттың 2017 жылы Алматы қаласында, 2018 жылы Елордада өткен  ақтық ойынында тараздық «Әулие-ата» командасы түркістандық «Құлагер» командасынан ұтылып, екі жыл қатарынан күміс жүлдені қанағат тұтқан еді. Бұл жолы «Әулие-ата» командасы сол өткен жылдарда кеткен есенің орнын толтырып, финалдық бәсекеде «Құлагер» командасынан басым түсіп, қарсыластарын 4:3 есебімен жеңіп кетті. Сөйтіп, көкпардың елішілік чемпионаты тарихында «Әулие-ата» командасы  10 рет чемпион атанды. Бұл бәсекеде салым салған көкпаршылар: «Құлагер» командасынан: Әділет Мамыт – 1 салым, Әбуғали Әбдіжаппаров – 1 салым, Бәйдібек Сабыров – 1  салым. «Әулие ата» командасынан: Ислам Рәт – 1 салым, Құрманбек Тұрғанбек – 3 салым.

Ал, чемпионаттың қола жүлдесі үшін болған бәсекеде атыраулық «Нарын» командасының жолы болды. Атырау облысының «Нарын» командасы Ақмола облысының «Жекебатыр» командасын айқын басымдылықпен ұтып, ойынды 10:0 есебімен аяқтады. Бұл ойында салым салған көкпаршылар: «Жекебатыр» – 0. «Нарын» командасынан: Ынтымақ Әліпбаев – 1 салым, Айбек Болатов – 1 салым, Ұлан Байтөреев – 1 салым, Қайыржан Сүлейменов – 3 салым, Алмат Жүнісов – 2 салым, Александр Пупенко – 1 салым, Нұржан Ерехан – 1 салым.

Ұлттық спорт жанкүйерінің жадына салып өтелік, биылғы жылы екінші орын алып қалған Түркістан облысының «Құлагер» командасы бұған дейін 6 рет, нақты айтсақ, 2004, 2008, 2012, 2015, 2017, 2018 жылдары чемпиондық атақты иеленген. Ал, «Әулие-ата» командасы 2001, 2002, 2005, 2007, 2009, 2010, 2013, 2014, 2016 жылдары Қазақстан чемпионатының жеңімпазы болған. Сондай-ақ, 2003 және 2006 жылы екі рет Алматы облысының командасы, 2012 жылы бір рет елордалық «Астана» командасы осы елішілік бәсекеде чемпиондық атаққа қол жеткізген екен.

Қазақстан Республикасының көкпардан ересектер арасында ХІХ рет өткен чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері:

1 орын – «Әулие ата» командасы  (Жамбыл облысы)

2 орын – «Құлагер» командасы (Түркістан облысы)

3 орын – «Нарын» командасы (Атырау облысы)

3 орын –   «Жекебатыр» командасы (Ақмола облысы)

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары