Көкпар

ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРҒЫЗҒА ЕСІМІ МӘШҺҮР КӨКПАРШЫ

Кеңес одағы тұсында дода көкпардың думанын қыздырып, көкпаршы атағы алысқа кеткен азаматтар  аз болған жоқ. Сондай даңқты көкпаршының бірі – Нәби Момынов. Жамбыл өңірінде ғана емес, ауылы іргелес қырғыз ағайындар ұйымдастырған көкпардың бел ортасында жүріп, тақымы тастай көкпаршы ретінде танылған Нәби ағамыз туралы аңызға бергісіз әңгімелер көп.  Нәби көкпаршының қайраты қабындап тұрған шағында тақымына басқан серкені екі-үш жігіт қолдаса тартып жұлып ала алмайды екен. Лауазымды қызмет атқарып жүрсе де өмір бойы көкпар десе ішкен асын жерге қоятын Нәбекең төңіректе көкпар сиреп кетсе, додашыл атын баптап мініп, қырғыз өлкесіндегі жаппай көкпарға тартып кете беретін болған. Қырғыз көкпарын сан мәрте шекара асырып,  ауылға алып келе беретін  Нәби көкпаршыға еліктеп, жаппай көкпарда аты шыққан шәкірттері мен ізбасар інілері де аз болмапты. 1946 жылы 4 ақпан Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қаратау бөлімшесінде дүниеге келген Нәби Момынов 2010 жылы 14 сәуірде өмірден озған.

Негізінде, Жамбыл облысындағы командалық көкпар ойынын алғаш дамытушы, 2001 жылы жасақтаған «Әулие-Ата» ат спорты клубының ірге тасын қалаушы да осы Нәби Момынов еді. Ол кісі 1996-2003 жылдар аралығында көкпардан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы қызметін атқарды. Нәби бапкер жаттықтырған ұлттық құрама командасы 2003 жылы көршілес 5-6 мемлекет командасы қатысқан, Тараз қаласында өткен «ЕуроАзия» Кубогының жеңімпазы атанды. Ол кісі іргетасын қалаған Жамбыл облысының «Әулие-Ата» командасы Қазақстан чемпионатының 10 дүркін чемпионы атанды.

Нәби Момынов сынды ұлт көкпарының шын жанашыранан тәлім-тәрбие алған ұлдары да көп жылдардан бері ұлттық спорт саласында өлшеусіз тер төгуде. Мысалы, Нұрдәулет Нәбиұлы көкпардан Қазақстан Республикасы чемпионатының 9 дүркін жеңімпазы,          «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының 2 дүркін жеңімпазы (2003, 2013 жылдар), «ЕуроАзия» Кубогының иегері (Тараз, 2003 жыл), Ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестивальдің 3 дүркін жеңімпазы (2004, 2011, 2015 жылдар), Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері (2016 жыл),  «Қазақстан Республикасының спорт шебері» және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Әулие Ата» кәсіпқой клубының» басшысы, Жамбыл облысының ұлттық ат спорты түрлері федерациясының президенті. Көкпардан ҚР жастар мен жасөспірімдер ұлттық құрама командасының бас бапкері.

Сондай-ақ, Атамекен Нәбиұлы көкпардан Қазақстан Республикасының 7 дүркін жеңімпазы,  Қазақстан Республикасының Президентінің жүлдесі үшін өткен халықтар ойындарының жеңімпазы (2006 жыл), «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының күміс жүлдегері (2009 жыл), Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері фестивалінің 2 дүркін жеңімпазы (2011, 2015 жылдар), аударыспақтан Қазақстан Республикасының Президентінің жүлдесі үшін өткен халықтар ойындарының күміс жүлдегері (2006 жыл), көкпардан Әлем чемпионатының жеңімпазы (2017 жыл). Көкпардан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері және аударыспақтан «Қазақстан Республикасының спорт шебері». Бірнеше жыл ҚР Ұлттық құрама командасы негізгі құрамының мүшесі болды. Қазіргі кезде Атамекен Нәбиұлы ҚР ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы.

Төлеген Жәкітай

Қауымдастықтың желідегі парақшалары