Жамбы ату

ҚАЗАҚ МЕРГЕНДЕРІНІҢ ҚАТАРЫ ҚАЛЫҢДАП КЕЛЕДІ

Ат үстінен садақ атудан тұңғыш ұйымдастырылған «Алтын жебе» Әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Қазіргі кезде оннан астам мемлекеттің мергендерінен «Алтын жебе» чемпионатына тапсырыс түсті. Ал, сонда осы дүниежүзілік мергендер сайысына қатысатын қазақ мергендері қатарында кімдер болуы мүмкін?

             «Алтын жебе» атауы әлем мергендеріне халықаралық турнир ретінде жақсы таныс.   Себебі, 2017 жылы және 2018 жылы Елорда төрінде «Алтын жебе» жарысы  халықаралық турнир деңгейінде ұйымдастырылды. Алғашқы жылғы бәсекеде 11 мемлекеттің 19 мергені, ал,  2018 жылғы «Алтын жебеде» 11 мемлекеттің 25 мергені бақ сынады. Қос турнирдің де бас жүлдесін румыниялық сұрмерген Михай Козмей жеңіп алды. Бірінші турнирдің күміс жүлдесін Айтбек Сарыбай, қола жүлдесін иеленген-ді. Екінші турнирдің күміс жүлдесіне  Ералхан Айкөз, қола жүлдесіне Абзал Тулыбеков қол жеткізген болатын.

Бұған дейін «Алтын жебе» турниріне Түркия, Венгрия, Малайзия, Польша, Финляндия, Румыния, Ресей, Монғолия, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, Жапония мергендері қатысқан еді.  Атағы осылайша кең жайылған «Алтын жебені» дүниежүзілік жарыс деңгейіне көтеру мақсатында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы биыл Жамбы атудан І Әлем чемпионатын ұйымдастыруды жөн көрді. Жамбы атудан І Әлем чемпионаты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес өткізілуде. Тұңғыш әлем чемпионатына шет мемлекеттерден екі спортшыдан, ұйымдастырушы ел тарапынан бес спортшыдан қатысады.

Сонда І Әлем чемпионатына Қазақ елі атынан қатысу бақыты кімдерге бұйыруы мүмкін? Әлі есімізде, Жамбы атудан 2015 жылы алғаш ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатына саусақпен санарлықтай ғана спортшы қатысқан. Арада өткен төрт жыл ішінде қазақ сұрмергендерінің  қатары кәдімгідей қалыңдап қалды. Мергендеріміздің алды Оңтүстік Кореяда өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы атанып үлгерді. Түркия, Венгрия, Иорданиядағы халықаралық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтады.  Биылғы елішілік чемпионатта республиканың әр өңірінен отызға жуық мерген бақ сынауда.

Жамбы атудан V мәрте өткізілген ҚР чемпионаты 26 мамырда аяқталады. І Әлем чемпионатына біздің елден кімдердің қатысатыны елішілік чемпионат қорытындысына қарай нақты айтылады. Алайда, біз бүгін осы уақытқа дейін Жамбы атуда суырылып көзге түскен үздік мергендеріміздің бірнешеуін жанкүйер назарына ұсынуды жөн көрдік.

І Әлем чемпиоантына қатысуы мүмкін қазақ мергендері

Суретте: Жамбы атудың атақты мергендері (оңнан солға қарай) : Ат үстінен садақ атудан Әлем чемпионы Абзал Тулыбеков, Жамбы атудан 2017 жылғы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері және 2018 жылғы Қазақстан чемпионы Талғат Омарбеков, «Алтын жебе» халықаралық турнирінің   күміс, қола жүлдегері, Жастар арасындағы І Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ералхан Айкөз, «Алтын жебе» турнирінің күміс жүлдегері Айтбек Сарыбай.

Абзал ТУЛЫБЕКОВ  –  Жамбыл облысы, Мерке ауданында 1996 жылы туған. 2017 жылғы Жамбы  атудан ҚР жастар арасындағы чемпионаттың жеңімпазы. Спорт шебері. ҚР құрама командасының мүшесі. ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирінің қола жүлдегері (2018), Венгрияда өткен халықаралық фестивальге қатысушы. 2018 жылғы  Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері, Оңтүстік Кореяда ат үстінен садақ атудан өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы (2018)

Ералхан АЙКӨЗ (Түркістан облысы) – І «Алтын жебе» халықаралық турнирінің қола жүлдегері (2017), ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері (2018), ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, 2019 жылы өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионатының күміс жүлдегері

Әлия КАМАЛОВА – 1997 жылы дүниеге келген. Алматы облысы Қарасай ауданында тұрады. Жамбы атудан Қазақстан құрама командасының  мүшесі. Әлия ең алғаш Жамбы атуды 2016 жылдан бастады.  Алматы қаласында 2016 жылы өткен «Алтын мерген»  турнирде чемпион атанды. 2017 жылы өткен  «Nurmaganbet expedition» турнирінің чемпионы. Ересектер арасындағы 2018 жылғы Алматы қалалық ашық  турнирінің чемпионы. Ұлы отан соғысы ардагерлеріне арналған Алматы облысының ашық турнирінің жүлдегері. Алматы қаласында өткен «Ұлы дала көшпенділер әлемі ойындарының» чемпионы. 2018 жылы Қырғызстанда өткен «Салбуурун» халықаралық жарысының күміс жүлдегері.

Айтбек САРЫБАЙ –  Түркістан облысындағы Төлеби ауданының тумасы. Жамбы атудан жастар мен ересектер арасындағы елішілік чемпионаттарда бас жүлдені иеленіп, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы болды. Спорт шебері. Жамбы атудан Қазақстан құрама командасының мүшесі. Тұңғыш рет ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері (2017). Төрт жылда бір өткізілетін «Ақбидай» ауыл спорты ойындары спартакиадасының чемпионы (2017 жыл, Ақтөбе). Венгрияда өткен халықаралық ұлттық садақ ату фестиваліне қатысушы (2017 жыл)

Талғат ОМАРБЕКОВ (Қарағанды облысы) – 2017 жылғы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, 2018 жылғы ҚР чемпионатының чемпионы, ІІ   «Алтын жебе» турниріне қатысушы

Бақдәулет БАБАЖАН (Жамбыл облысы) – Жастар арасындағы 2019 жылғы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, Жастар арасындағы І Азия чемпионатының жеңімпазы (2019)

Төлеген Жәкітай

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары