ҚАЗАҚ КӨКПАРШЫЛАРЫ АУҒАНСТАН КОМАНДАСЫН ҰТТЫ

І Азия чемпионатының көкпар спортынан өткен бүгінгі күнгі үшінші ойынында  Қазақстан мен Ауғанстан командалары бақ сынады. Қазақстанның жастар командасы кешегі екпінін бәсеңдеткен жоқ. Айқын басымдылықпен жеңіске жетті.

             Дұрысын айтқанда, атшабарға жиналған жанкүйер бүгін екі ойынның ғана куәсі болды.  Ресей мен Тәжікстан арасындағы кездесу өткізілмеді. Себебі, Тәжікстан командасындағы  спортшылар жастарының чемпионат талабына сәйкес келмеуіне байланысты төрешілер жеңісті Ресей командасына тиесілі деп шешті.

Сөйтіп, жанкүйерлер Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тартысты бәсекені тамашалады. Б тобында жұпсыз  болғандықтан, кешегі күні ойыннан тыс болған ауғанстандықтар чемпионаттағы ойынын бүгін ғана бастаған-ды. Ауғанстан көкпаршыларының алғашқы кездегі ойындары жүйелі басталып еді. Екінші нөмірлі ойыншы Пахлаван Сефаттулла мен жетінші нөмірлі ойыншы Карими Масуд  кездесудің сегізінші, тоғызыншы минуттарында едел-жедел екі салым салып, бапкерлерінің көңілін көтеріп-ақ еді. Тіпті, ойынның бірінші кезеңіндегі есеп – 4:2 болды.  Бірақ, содан кейінгі уақыттарда олардың шабылдары сәтсіз аяқтала берді.

 

Біздің жас көкпаршылар екінші кезеңде қарсыластарына жалғыз салым салуға ғана мүмкіндік берді. Сөйтіп, бұл кездесу 10:3 есебімен аяқталды. Қазақстан-Ауғанстан кездесуінде салым салған көкпаршыларымыз: Құрманбек Тұрғанбек (2 салым), Жарылқасын Ернар, Камелхан Ернұр, Әзімбаев Ерсұлтан, Мамыт Әділет, Әбдірахман Асхат (2 салым), Асқаров Нұрлыбек, Қарқабат Бекзат.

Ұлттық спорт ақпараты

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары