АУДАРЫСПАҚТЫҢ АЛЫПТАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

 

Бүгін «Қазанат» атшабарында Аударыспақ спортынан XVІІІ рет ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Бес салмақ бойынша өткен бәсеке биылғы жылғы елішілік басты  чемпионаттың  жеңімпаздары мен жүлдегерлерін  анықтады.

              Маусым  –  аударыспақ балуандарының жұлдызын оңынан тудырған ай болды. Осы маусымның 1-2 күндері дәл осы «Қазанат» атшабарында Аударыспақтан ІІ Азия чемпионатының жалауы көтерілгені спортсүйер қауымның жадында шығар. Азия чемпионатына қатысқан 9 мемлекет арасынан бес салмақ бойынша және абсолютті салмақта да бас жүлдені  тек қазақ спортшылары қанжығаларына байлады.

Енді міне, маусымның соңғы күні сол «Қазанат» атшабарында аударыспақтан республикалық чемпионат ту көтерді. Ала таңнан басталған аударыспақшылар сайысы бесін ауа мәресіне жетті. Барлық облыстың ат үстіндегі күрестен үздік шыққан кіл таңдаулы балуандары нағыз аударыспақтың қандай болатынына жанкүйер көзін бір жеткізгендей. Жекпе-жектің қай-қайсысы да қан қыздырар айқаспен өтті.  Тіпті, жекпе-жектің мұндай шиеленісті сәттерін жуырда өткен Азия чемпионатынан көре алмағанымызды несіне жасырайық. Бізге сенсеңіз, боз кілемдегі белдесулеріңіздің өзі ат үстіндегі айқастың қасында жіп есе алмай қалады. Әшейінде, теңеу ретінде жиі айта беретін  батырлық, ержүректіліктің спорттағы бір қырын көзбен көрем десеңіз осы аударыспақты тамашалау керек.

Орайлы тұста айта кетелік, аударыспақтағы сайыс үстінде балуанға адам ғана емес, қарсыластың астындағы аты да алдырмас қамал. Өз мінген атын тақымымен ғана басқарған балуан қарсыласының осал тұсын аңдумен бірге, оның  астындағы атына қарсы айланы  да қоса ойлауға міндетті. Жалпы, аударыспаққа үйретілмеген ат мініп алаңға шыққан қандай мықты балуаныңызды айқасқа төселген аты бар ортаңқол балуан  екі айналмай ерден сыпырып түсіреді.

Суретте: Ат үстіндегі айқаста қарсылас шақ келтірмейтін Сырым балуанның кезекті жекпе-жегі. 

Елішілік чемпионатқа әр өңірдің балуандары аударыспақ жекпе-жегінде иесімен бірге айқаса кететін кілең есті аттар әкелген. Кешегі жекпе-жекте біз балуандардың белдесуін ғана емес, көлемі 15 метрлік шеңберден қамшыласа шығып кетпейтін, иесі тақым қақпаса бейсауат қарға адым аттамайтын ақылды аттардың тамаша қасиеттеріне де  куә болдық.

Бұл чемпитонатта жанкүйер назарын айрықша аударған балуандар аз болған жоқ. Солардың бірі – аударыспақтан 70 келі салмақта ІІ Азия чемпионатының, бірнеше дүркін ҚР чемпионатының жеңімпазы,  шығысқазақстандық атақты балуан Ермек Жәпішев. Ермек соңғы бір-екі жол көлеміндегі ірі жарыстардан сырт қалған-ды. Осы жолы 80 келі салмақта бақ сынаған Ермек балуан арадағы үзілісте спорттық бабын біршама жоғалтқан  сыңайлы. Бас жүлдені иеленіп қалар деген Ермек Жәпішевке бұйырғаны қола жүлде болды.

Сондай-ақ, 90 келі салмақта республикалық жарысқа алғаш қатысқанына қарамай қарсыластарын қидай сырыпырып ұтқан ақтөбелік жас балуан Алтай Сүйеубаев, аса ауыр салмақта ақмолалық Виктор Тимофеевтің екпіні де жанкүйер ықыласын аудармай қоймады. Бірақ, жартылай финалдағы айқаста қапы кеткен Алтай Сүйеубаев қола жүлдені қанағат тұтты. Ал, тақымы тастай көрінген Виктор Тимофеевті қола жүлде үшін айқаста алматылық Мұратәлі Тезекбаев атынан аударып тастады.

Алпысқа жуық аударыспақ балуандары арасынан екі айналымда кілең үздіктері іріктеліп шыға келді. Ширек финалға жеткенде ІІІ Азия чемпионатында топ жарған бес балуанымыздың бабында екені айқын байқала бастады. Маусым айының басында ғана ІІІ Азия чемпионатының жеңімпаздары атанған аса ауыр салмақтағы Біржан Қосалиев, 90 келі салмақтағы  Сырым Ізбасаров, 80 келі салмақтағы  Есімхан Рахматілла, 70 келі салмақтағы Шыңғысхан Ержанов, 60 келі салмақтағы  Азамат Серғазиндер қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтып, ақтық сайысқа талассыз шықты. Финалдық жекпе-жекте де бұл балуандар жеңісі ешқандай дау тудырған жоқ.

Суретте: 90 келі салмақта Азияның үш дүркін чемпионы, Азияның абсолютті салмақтағы чемпионы, Халықаралық жарыстар жеңімпазы, ҚР чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы Сырым Ізбасаров.  

Сонымен, аударыспақтан  биыл  XIIIV рет өткізілген елішілік бәсеке де аяқталды. Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай облысының аударыспақшыларына биылғы чемпионат жүлдесі бұйырмады.  Бас жүлденің үшеуін шымкенттіктер,  екеуін ақтөбеліктер олжалады. Күміс, қола жүлделерге Алматы қаласының, Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысы балуандарының ғана қолы жетті. 2018 жылғы ҚР чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің аты-жөнін біле жүріңіздер.

 

Аударыспақтан  XVІІІ ҚР  чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

60 келі салмақта:

1 орын –  Азамат Серғазин (Ақтөбе облысы)

2  орын –  Бейбіт Арон  (Батыс Қазақстан  облысы)

3  орын –  Азат Жұмаділов  (Жамбыл  облысы)

70 келі салмақта:

1 орын –  Шыңғысхан Ержанов  (Ақтөбе облысы)

2  орын –  Дәулет Ережепбаев   (Жамбыл  облысы)

3  орын –  Ерназар Байғонов   (Оңтүстік Қазақстан  облысы)

80 келі салмақта:

1 орын –  Есімхан Рахматілла  (Оңтүстік Қазақстан  облысы)

2  орын –  Нұржігіт Әмзеев    (Жамбыл  облысы)

3  орын –  Ермек Жәпішев  (Шығыс Қазақстан  облысы)

90 келі салмақта:

1 орын –  Сырым Ізбасаров  (Оңтүстік Қазақстан  облысы)

2  орын –  Ерлан Тойымбетов     (Алматы қаласы)

3  орын –  Алтай Сүйеубаев   (Ақтөбе  облысы)

+ 90 келі салмақта:

1 орын –  Біржан Қосалиев  (Оңтүстік Қазақстан  облысы)

2  орын –  Марғұлан Ескендіров     (Қарағанды облысы)

3  орын –  Мұратәлі Тезекбаев   (Алматы қаласы)

Ертең, яғни, 1 шілде күні  «Қазанат» атшабарында көкпардан ҚР XVІІІ чемпионатының  кезекті кездесулері жалғасады. 4 шілде күні Теңге ілу мен Жамбы ату чемпионаты өткізіледі. Ұлттық спортттың тартысты бәсекелерін тамашалаңыздар, қадірлі жанкүйер!

 

Төлеген ЖӘКІТАЙ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары