Аударыспақ

АУДАРЫСПАҚ СПОРТЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ

  1. Жалпы ережелер 

1.1. Қазақстан Республикасында өткізілетін барлық ресми жарыстар (чемпионат, турнир, кубок, кешенді жарыстар) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы бекіткен Ережеге сәйкес өткізіледі.

1.2. «Аударыспақ» спорты –жеке және командалық спорт.

1.3. Жарысты өткізу ережесі мен есебін жүргізу регламентпен белгіленеді, оны жарысты өткізетін ұйым әзірлейді.

1.4. Жарыс регламенті мынадай тараулардан тұрады:

– атауы

– мақсаттары мен міндеттері;

– өткізілетін орны мен уақыты;

– жарысты өткізу жүйесі, жарысты басқару;

– қатысатын ұйымдар мен жарысқа спортшылардың міндеті;

– спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және басқа да жарысқа спортшылардың тіркелген құрамы;

– жарысқа спортшылардың жасы мен жынысы;

– допингтік бақылаудан өткізу тәртібі;

– өтінім берудің мерзімі мен тәртібі;

– спортшы мен жылқыны жарысқа жіберу тәртібі;

– нәтижелерді бағалау тәртібі мен жеңімпаздарды анықтау;

– наразылықтарды қарау мен шешім шығару тәртібі;

– медициналық көмек, қоғамдық тәртіп және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

– жарысқа қатысуға байланысты спортшылардың шығыны;

– жарыстың бағдарламасы;

– қаржылық шығыны;

– жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау;

1.5. Жарыс ережесі жарысқа қатысуға шақырылатын ұйымдарға жарыстың өткізілу күніне дейін жолдануға тиіс уақыт:

– дене шынықтыру және спорт ұжымдарының жарыстары кемінде 2 ай бұрын;

– аудандық және қалалық жарыстар кемінде 3 ай бұрын;

– облыстық жарыстар 6 ай бұрын;

– республикалық жарыстар 6 ай бұрын;

– халықаралық жарыстар кемінде 1 жыл бұрын.

  1. Төрешілер

2.1. Төрешілер құрамы

  1. Бас төреші
  2. Алаңдағы төрешілер
  3. Хатшы
  4. Уақыт төрешісі
  5. Хабарлаушы төреші

Бас төреші алаң жетекшісін тағайындайды. Даулы жағдай туындағанда, бас төреші төрешілер алқасын шақырып, даулы мәселені дауыс беру арқылы шешеді.

  1. Төрешінің жалпы міндеттері

3.1. Алаң жетекшісі, алаңдағы төреші және қапталдағы төрешілер әрбір қолданылған әдіске жеке баға бере отырып, шешім қабылдайды.

3.2. Төрешілердің міндетіне жарыс ережесінде қаралған айыптау шаралары да кіреді.

3.3. Төреші шешіміне наразылық туындаған жағдайда, жарыстың бейнежазбасы спортшылардың әдіс-айласына берілген бағаның нақты көрінісі болады.

3.4. Бас төреші.

Бас төреші жарысқа басшылық жасайды және сайыстың Ережеге сәйкес өтуін қадағалайды.

Бас төрешінің міндеттері:

  • жарысты өткізетін алаңның дайындығын және қажетті құрал-жабдықтардың талапқа сай болуын қадағалау;
  • жарыс орнын қабылдау туралы құжат жасау;
  • салмақ өлшейтін төрешілерді белгілеу;
  • жеребе тартуды ұйымдастыру;
  • төрешілерді топқа бөліп, әр айналымның жұп құрамын тексеріп, бекіту;
  • наразылықтар бойынша шешім қабылдау;
  • төрешілер алқасының мәжілісін күнделікті жарыс күндері өткізіп отыру;
  • белдесудің қорытынды шешімін келесі айналым белдесулер басталғанша шығару;
  • іс-қағаздар мен хаттамаларды белгіленген уақытта жарысты өткізген ұйымға тапсыру.

Бас төрешінің құқықтары:

  • жарыс өтетін орын бәсеке басталғанға дейін даяр болмаса, жарысты тоқтата алады;
  • жарыс барысында кедергілер орын алса, жарысты уақытша тоқтатады немесе үзіліс жариялауға құқылы;
  • қажетті жағдайда жарыс бағдарламасына өзгеріс енгізе алады;
  • өрескел қателік жіберген немесе өздеріне жүктелген міндеттерді атқара алмаған төрешілерді міндетінен босата алады;
  • жарыс кезінде төрешілерге бағынбаған немесе жарысқа спортшыларға дөрекілік көрсетіп, жұмысына кедергі жасасаған команда басшысына ескерту жасай алады не ойыннан шеттете алады;
  • моральдық тұрғыда жат қылықтар көрсетіп, дөрекілік танытқандарды жарыстан шеттетуге құқылы;
  • балуандардың әрекетін бағалауда төрешілердің пікірі сәйкес келмесе, қорытынды шығаруды тоқтата тұрып, қосымша талқылаудан кейін (талқылауға тек сол белдесуге қазылық еткен төрешілер қатысады) келісімді шешім шығарады.

Бас төрешінің өкімдерін жарысқа спортшылар, төрешілер, команда өкілдері мен бапкерлері бұлжытпай орындауға тиіс.

3.5. Хатшы.

Хатшының міндеттері:

  • төрешілер алқасы мәжілісінің хаттамасын жүргізеді;
  • жарыс айналымы бойынша кездесулердің реттілігі мен жарыс тізбесін жасайды;
  • бас төрешінің өкімдері мен шешімдерін әзірлейді;
  • өтініш-тілек хаттарды тіркеп, оны бас төрешіге табыс етеді;
  • барлық төрешіге қатысты іс-қағаздарды реттейді;
  • жарыс хатшылығының жұмысын басқарады;
  • бас төрешінің рұқсатымен хабарлаушы төрешіге, команда өкілдері мен БАҚ өкілдеріне ақпарат береді.

3.6. Алаң жетекшісі

Алаң жетекшісінің міндеттері:

  • алаңдағы төрешілер мен қапталдағы төрешілердің жұмысын үйлестіреді;
  • белдесу барысын жіті бақылайды, Ережеге сәйкес белдесу барысында өз бағасын береді.

Алаң жетекшісінің құқықтары:

– егер алаң жетекшісі алаңдағы төреші мен қапталдағы төрешілердің қабылдаған шешіміне келіспесе, кездесуді шұғыл тоқтатады. Бұл мәселе олардың қатысуымен талқыланғаннан кейін (үш төрешінің бірінің келісімін алған жағдайда) ол бұрынғы шешімді өзгерте алады;

– егер алаңдағы төреші мен қапталдағы төрешілердің арасында түсініспеушілік туса, онда алаң жетекшісі түпкілікті шешім қабылдау үшін жарыстың бас төрешісін шақырады.

3.7. Алаңдағы төреші

Алаңдағы төреші белдесудің Ережеге сәйкес өтуіне жауапты және қапталдағы төрешілермен тығыз байланыста болады.

Ысқырық белгісімен белдесуді бастайды, тоқтатады және аяқтайды. Белдесу ережесінің сақталуын қатаң қадағалайды, балуандардан өзінің нұсқауын орындауды талап етеді. Сырттан ешкімнің жөнсіз араласуына жол бермей, белдесудің әділетті өтуіне жауапты болады.

Алаңдағы төрешінің міндеттері:

– сылбырлық танытқан балуанды немесе екеуін де белсенді күресуге шақырады;

– оқыс жағдай орын алған кезде белдесуді дер кезінде тоқтатады;

– балуандар атпен шектеулі сызықтан сыртқа шығып кетсе, оларды алаң ортасына шақырып, бәсекені жалғастырады;

– төреші алаң жетекшісінің талап етуімен бәсекені тоқтатып, айқын басымдыққа ие болған балуанды «жеңіске жетті» деп жария етуге міндетті;

– жеңімпаз белгісі ретінде ойыншының қолын көтереді.

3.8. Қапталдағы төрешілер

Қапталдағы төрешілердің міндеттері;

белдесу барысын мұқият қадағалап, сондай-ақ, әдіс қолданған балуанға ұпай беруде және барлық жағдайда өз пікірін ашық айтуға тиіс;

– сылбырлық танытқан балуанды ширақ күресуге шақырады және ескерту беруге белгі береді;

– таза жеңісті белгілейді;

– белдесу кезінде алаңдағы төреші аңғармай қалған немесе басқа да әрекетті (рұқсат етілмейтін әдіс, теріс әрекет) айту керек деп тапса, ол балуанның белбеу түсін көрсетіп, назарын аударуға тиіс;

– белдесуді мұқият бақылау кезінде, әсіресе айрықша жағдайда өзіне белгіленген аумақта жүріп-тұруына болады;

– қапталдағы төрешілердің пікірі бір жерден шықса, олардың шешімі «нақты» деп саналады.

3.9. Төрешілерге қатысты шаралар

Бас төреші ережеде көрсетілген тәртіп бойынша қателіктер жіберген төрешілер алқасына мынадай шаралар қолдануға құқылы:

  • ескерту жасауға;
  • жарыстан аластатуға;
  • уақытша шеттетуге;
  • төрешіліктен мүлдем босатуға.

3.10. Дәрігерлік қызмет

Дәрігер жарыстың өту орнын, жарысқа спортшы балуандардың салмақ өлшеуі мен белдесу барысын қадағалап отырады.

Салмақ өлшеудің алдында дәрігерлер балуандардың денсаулығын тексереді. Егер балуанның денсаулығы дәрігердің сараптамасы бойынша қалыпты болмай шықса, жарысқа қатыстырылмайды. Бақылап тексеру кезінде, әсіресе, жұқпалы ауруларға айрықша мән беріледі.

Жарыс барысында кез келген уақытта жазатайым жағдай орын алса, дәрігер оны тексеріп, белдесуді жалғастыруға немесе тоқтатуға шешім қабылдауға әзір болуға тиіс.

Егер дәрігер белдесуді жалғастыруды балуанның біріне қауіпті деп тапса, жарысты кез келген уақытта тоқтатуға құқылы.

Балуандар жарақат алған жағдайда алаңнан шығып кете алмайды. Егер әлдебір сәтсіздікке душар болса, дәрігермен кеңескен төреші белдесуді 3 (үш) минутқа ғана тоқтатады. Әрбір минут сайын хабарлаушы төреші жағдайды хабарлап отыруға тиіс.

Жарысқа спортшы командалардың дәрігерлері өз спортшылары жарақаттанған жағдайда оларға алғашқы дәрігерлік көмек жасауға, көмектесуге толық құқылы.

  1. Өткізу орны мен тәртібі

4.1. Спортшылардың құжаттары;

Жарысқа қатысатын спортшылардың жеке куәлігі және сақтандыру куәлігі болуы шарт.

4.2. Команда құрамы: спортшылар – 8; жаттықтырушы – 1, жетекші – 1, ат күтуші – 2, мал дәрігері – 1, көлік жүргізуші – 2. Аттардың саны 8-ден аспауы керек.

Таразыға түскен кезде спортшы төрешілер алқасына жеке куәлігін көрсетуге міндетті.

4.3. Жасына қарай топқа бөлу, салмақ дәрежелері;

Жасөспірімдер, 14-17 жас.

  1. 42 келі
  2. 48 келі
  3. 54 келі
  4. 59 келі
  5. 65 келі
  6. 71 келі
  7. 77 келі

8 +77 келі

Белдесу уақыты 4 мин.

Жастар, 18-23 жас.

  1. 52 келі
  2. 57 келі
  3. 62 келі
  4. 68 келі
  5. 74 келі
  6. 82 келі
  7. 91 келі

8 +91 келі

Белдесу уақыты 5 мин.

Ересектер, 24 жастан жоғары

  1. 57 келі
  2. 62 келі
  3. 68 келі
  4. 74 келі
  5. 82 келі
  6. 91 келі
  7. 100 келі
  8. +100 келі.

Белдесу уақыты 5 мин.

Абсолюттік салмақ дәрежесіне 80 келіден жоғары салмақтағы кез келген балуан қатыса алады.

4.4. Жарысты өткізу жүйесі:

– салмақ кестесі бойынша балуандар екі топқа бөлінеді.

– әрқайсысының реттік нөмірі жеребе арқылы анықталып, нөмірі жарыс біткенше сақталады;

– жеңіске жеткен балуан жарыстың келесі айналымына өтеді;

– финалдық жұпта белдесетін екі балуан анықталғаннан кейін үшінші орынға қосымша жұбаныш белдесулер өткізіледі, оған финалға шыққан екі балуаннан жеңілгендер жіберіледі;

– финалға шыққан екі балуан бірінші орынға белдеседі.

– қосымша балуандар 3-орынға таласады;

– жарыс қорытындысы бойынша 2 үшінші орын анықталады.

– айналым жүйесінде 5 немесе одан да аз балуан қатысса, әрқайсысы бір-бірімен белдеседі.

4.5. Шет елден көшіп келген спортшылар жарысқа қатысу үшін Қазақстан азаматтығын алғанына кемінде 3 жыл болуы тиіс.

4.6. Өткізу орны:

Жарыс жабдықталған арнайы алаңда өткізіледі. Аударыспақ алаңы шеңбер түрінде көлемі – 15 м.

Аударыспақ алаңына бірінші аталған балуан қызыл белбеумен, екінші аталған балуан көк белбеумен шығады. Аты-жөні аталған балуан халыққа қарап «сәлемдесу рәсімін», яғни қамшысын оң қолына ұстап, кеудесіне қойып сәлемдесуі тиіс. Балуандар белбеудің түсіне сәйкес шапан киіп шығады. Төрешінің белгісімен екі балуан бір-бірімен қол алысады.

4.7. Белдесу нәтижелері мен ұпай белгілері:

– балуан қарсыласын ерден көтерген жағдайда (қарсыласының аяғын ердің деңгейінен жоғары көтерсе) 1 ұпай беріледі;

– балуан ат бауырына салбырап, ерден ауып түссе, қарсыласына таза жеңіс беріледі;

– балуан ат қапталында қарсыластың белбеуінен ұстап еш қимылсыз жатып алса, 15 секундтан кейін ескерту беріледі, екінші рет қайталанса, қарсыласына 1 ұпай беріледі;

– спортшының аты қарсыластың атын тістесе бірінші ретте –ескерту, екінші ретте қарсыласына – 1 ұпай беріледі,  үшінші рет тістеген аттың үстіндегі балуан жеңілген болып саналады, тістеген ат жарыстан мүлде шығарылады;

– балуан атымен қарсыласын шеңберден итеріп немесе сүйреп шығарса, шығарған балуанға 1 ұпай беріледі.

– белдесу нәтижесінде балуан 6 ұпай айырмашылығымен жеңіске жетсе, айқын басымдықпен «жеңді» деп есептеледі.

4.8. Таза жеңіс:

– балуан қарсыласын аттан толық жұлып алса;

– балуан қарсыласын ерден аударып жерге түсіргенде;

– қорғанушы балуан өз ерінен ұстап немесе аттың жалын құшып, ат мойнынан ұстаса;

– балуан қарсыласының артына шығып алып, белдігінен тартқанда қарсыласы құлап қалмас үшін ердің басынан ұстап қалса «таза жеңіс» беріледі.

– белдесу кезінде балуан өзі әдіс қолданып, қарсыласын көтере тартып, қарсыласымен бірге құласа, балуандардың қайсысы ат үстінен бірінші кетсе «таза жеңіс» қарсыласына беріледі.

Ескертулер:

Балуандардың белдесуі кезінде тыйым салынатын әрекеттер:

– қарсыласының қолын қайыруға;

– қарсыласына ат салуға, қарсыласының атын үркітуге, қарсыласын аттың басымен соғуға және итеруге, қарсыласының атын ұруға, тізгінінен ұстауға, таралғыдан, ерден, үзеңгіден ұстауға, қарсыласының бетінен итеруге тыйым салынады, орын алған жағдайда ескерту жасалып, қарсыласына 1 ұпай беріледі.

Егер балуан атының мойынын бір рет қолымен тіресе, ат сулығын ұстауда иығын тіресе ескерту жасалып, қарсыласына 1 ұпай беріледі, екінші рет иығын ат мойнына тіреген жағдайда қарсыласына «таза жеңіс» беріледі.

Балуан аударыспақ алаңына шақырылғаннан кейін 3 минутқа кешігіп шықса, ескерту беріледі. Егер 3 минуттан көп кешіксе, «жеңіс» қарсыласына беріледі.

Белдесу барысында команда жетекшісі төрешілердің шешіміне келіспеген жағдайда, шеңберге қамшы лақтырады, төрешінің шешімі дұрыс еместігі дәлелденбесе, қарсыласына 1 ұпай беріледі.

Команда жетекшісі наразылық білдіргенде арнайы камерадан бейне қайталауды тек қана бас төреші және төрешілер алқасы көріп, шешім қабылдауға құқылы, бейне қайталауды команда жетекшілеріне көруге тыйым салынады.

Рұқсат берілетін тәсіл:

  • Атпен жылдам айналып, қарсыласын шаршатуға рұқсат беріледі.

4.9. Балуандардың белдесуі

Балуандар өздеріне берілген уақытта (4 және 5 минут) белдесіп, тең түскен жағдайда, қай балуанда ескерту көп болса, сол жеңіледі. Егерде ескертулер тең болса, төрешілер балуандарды белбеудің арқа тұсынан ұстатып белдестіреді (белбеуден бір қолымен ұстайды, екінші қолы тек тізгінде болуы керек). Белдесу уақыты 3 минут. Белдесу барысында төрешінің белгісіне дейін бірінші бұрып қойса «ескерту» беріледі және екінші рет қайталаса қарсыласына «таза жеңіс» беріледі.

Белдескен кезде балуан белдікті немесе тізгінді жіберіп қойса, жеңіледі.

Балуан әдіс қолданып, қарсыласын ерден көтерсе, «жеңіс» беріледі.

Егерде белдіктен ұстап белдесу кезінде балуандар тең түссе, екі балуанды салмақ өлшетуге жібереді (салмақ жарысқа қатысқан киіммен, қамшысымен өлшенеді). Жеңіс салмағы жеңіл балуанға беріледі.

  1. Аттарға қойылатын талаптар

5.1. Ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға жылқының барлық тұқымы қатыстырылады.

5.2. Жарысқа спортшы әрбір атқа ветеринариялық мекеме мен жіберуші ұйымның қолы қойылып, мөрі басылған анықтамасы төрешілер алқасына тапсырылуға тиіс.

Анықтамада аттың фотосуреті, тұқымы, жынысы, туған жылы, түсі, жылқының есімі, мал дәрігерінің аттың жарыстарға қатысуына берген рұқсаты болуы керек.

– Жарысқа қатысатын аттарда жұқпалы ауру (лифонгайт) болмауын қатаң қадағалау шарт, егер де жұқпалы аурулары бар аттар анықталса, жарысқа қатыстырылмайды.

5.3. Қауіпсіздік шараларын ескере келе, аударыспақ спортына қатысатын аттардың ат-әбзелдеріне қойылатын талаптар:

– Ер-тоқым – екі қасы доғал темірден жасалған зауыттық ертоқым, (халық арасында «кавалерский» деп аталады) және ер-тоқым бос болуы керек, яғни ер-тоқымға жабу жабылған немесе қапталған болмауы тиіс;

– Үзеңгі – оралған көкпар үзеңгісіне рұқсат етіледі;

– Жүген – қайыстан, өрме болу шарт, металдан жасалмауы тиіс;

– Аударыспақ атына темір әшекейлі өмілдірік-құйысқан тағуға рұқсат жоқ.

– Аттың барлық аяғын спорттық тағамен (бұдыры мен үшкірі жоқ, тегіс таға) тағалауға рұқсат етіледі. Егер аттың тағасы үшкір металдан жасалған болса, жарысқа қатысуға рұқсат берілмейді.

5.4. Аударыспақ жарысына қатысқан аттар басқа спорт түрлеріне қатыстырылмайды.

5.5. Белдесу кезеңінде қарсыластың атын көлденең қоюға тыйым салынады.

5.6. Тұмылдырығы (намордник) бар аттар жарысқа қатыстырылмайды.

Қауымдастықтың желідегі парақшалары