«АСТАНА САҚАСЫ» МЕН «АЛТЫН САҚА»

 

Астанада шілде айының 1-4 күндері  асық атудан қос бірдей жарыс жалауын көтереді

        Жыл басынан бастап бірнеше республикалық жарыстың жүлделерін сарапқа салған асық ату ойынпаздары жуырда Елорда төрінде тағы екі бәсекеде бақ сынап көрмекші. Атап айтқанда, 1 шілде күні «Қазанат» атшабары аумағындағы «Этно-ауылда» асық атудан «Астана сақасы» атты қалалық ашық чемпионат өткізіледі. Асық атудан Астана қаласының аға жаттықтырушысы, республикалық жарыстарда топ жарған үздік шәкірттері мол бапкер Ескендір Рахметовтың айтуынша, бұл қалалық чемпионат биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Ашық чемпионат болғандықтан бұл бәсекеге барлық өңірдің жекелеген ойыншылары қатыса  алады. Жарысқа 13 жасқа дейінгі жасөспірімдер  бір топ және 14 жастан жоғарғы ересектер бір топқа бөлініп қатысады. «Астана сақасы» чемпионаты 1 шілде күні өтеді.

Ал, 1-4 шілде күндері Елордадағы «Сарыарқа» велотрегі ғимаратында Астананың 20 жылдығына орай ту көтеретін  «Алтын сақа» халықаралық асық ату жарысына бірнеше мемлекеттің ойыншылары қатысады. Қазіргі кезде биылғы жылы оныншы рет ұйымдастырылып отырған «Алтын сақа» халықаралық  турниріне Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Саха республикаларының таңдаулы асық атушыларының келетіні анықталған.

Баспасөз қызметі

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары