«АСТАНА КУБОГЫ» ҚАЙ ӨҢІРДІҢ ЖҮЙРІГІНЕ БҰЙЫРДЫ

 

Бүгін Елордадағы «Қазанат» атшабарында  «Астана кубогы» үшін еліміздегі барлық өңірдің жүйрігі бақ сынаған ат жарысы аяқталды. Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған сәйгүліктер сайысында 25 шақырымдық аламан бәйгеге тігілген «Астана кубогы» мен 20 мың доллар оралдық атбегі Мақсат Бекқайыровтың «Қаракөз» есімді жүйрігінің қанжығасына байланды. Ал, 16 шақырымдық бәйгенің кубогы мен 10 мың доллар «Мұрагер» атты жүйріктің иесі жетісулық Мерхат Бұлғыновқа бұйырды. Қос бәйгеде де алдығы келген бес жүйріктің иелері қомақты қаржымен марапатталды.

            Бұл күн «Қазанат» атшабарының алаңынан қара кешке дейін ұлттық спорттың думанды дүбірі үзілмеді. Күні бойы мұнда чемпионат бәсекесінде үздік шыққан төрт көкпар командаларының ақтық ойындары тамашаланды. Екінті уақытына таяу мезгілде биыл  XVIII мәрте ұйымдастырылған ҚР Чемпионатының салтанатты жабылуы өтті.

Іле-шала көкейінен көкпар додасының қызығы тарқап үлгермеген қалың  жанкүйер аламан бәйгенің дуына қиқу қосып отырды. «Астана  кубогының» ашылу салтанаты соңында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының Құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлының бәйге бастар дабыл соғуынан соң жарыс жолына шыққан жиырма  сәйгүлік тұяғынан дауыл соқтырып кете барды. Біздің халық  үшін бұдан артық ғажап, бұдан артық сұлу көрініс бар ма? Атшабардың екі мыңдық орынын артығымен толтырған жанкүйердің әрбірі өз тұлпарын бәйгеге қосқандай дуылдасады.

16 шақырымдық қашықтыққа кілең шашасына шаң жұқпас кіл сәйгүлік сайланып шыққандай. Шабыстарының екпіні сұмдық. Әр айналымды көзді ашып-жұмғандай уақытта артқа тастайды. Соңғы тоғызыншы айналымға дейін бір-бірімен үзеңгі қағысып, құйрық тістесіп отырған жүйріктердің шабысы ақырғы айналымда тіпті үдеп сала берді. Жанкүйердің дегбірін әбден алған бұл аламан шабыста мәреден бірінші өткен ағылшын тұқымды көк дөнен шығар –  «Мұрагер» Алматы облысы, Талғар қаласынан келген Мерхат Бұлғыновтың жүйрігі болып шықты. «Мұрагерді» баптаған атбегі – Айдын Үтбаев, шабандозы – Жұматай Ақжол. «Астана кубогы» мен 3 300 000 теңге осы «Мұрагер» есімді сәйгүліктің  иесіне тарту етілді.

Мәреден екінші болып өткен сұлу күрең қарағандылық атбегі Шаризат Қазтаев баптаған жүйрік. Есімі – «Лайт Энджл». Шабандозы – Рахман Әлішер. Ат иесі – Дулат Баешевке 1 850 000 теңге табыс етілді.

Үшінші орынға тігілген жүлде – 1 200 000 теңге жирен жүйрік иесі, астаналық Қуаныш Әкімжановқа, төртінші орынға тігілген жүлде – 550 000 теңге Семей өңірінің Таскескен ауылында бапталған жиренқасқаның иесі Ерасыл Сүлейменовке, бесінші орынға тігілген жүлде – 400 000 мың теңге  Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданынан келген Серік Бекқайыровқа бұйырды.

          25 шақырымдық аламан бәйге жолында құйғыта шапқан жиырмаға жуық жүйріктің екпіні де қатты басталды. Бірақ, бірнеше айналымнан соң-ақ көп аттың қарқыны бәсеңдей бастады. «Бақ шаба ма, бақ шаба ма?» деген сауалды мәтел осындайда айтылса кетек. Он айналым бойы алдына қара салмаған қылаң жүйрік ақырғы айналымдарда болдырып, кейінгі топтың қатарын көбейтті. Соңғы он төртінші айналымның ортасынан аса шабандоздар аттың басын жіберді. Бағы жанған тағы да батысқазақстандық бапкер болды.  16 шақырымға қосқан жүйрігі бесінші жүлдеге іліккен Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданынан келген Серік Бекқайыровтың аламан бәйгеге қосқан «Қаракөз» атты торы байталы мәреден дара өтті. Сөйтіп, «Астана кубогы» ат жарысының бас бәйгесі – 6 600 000 теңге мен үлкен кубок Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданынан келген Серік Бекқайыровқа бұйырды. Алдыңғы бәйгеде мінген сәйгүлігі бас жүлде алған Ақжол Жұматайдың аламан бәйгеде жолы болмады. Бұл бәсекеде Ақжол мінген қарағандылық Нұрлыбек Мұхамедияровтың «Бұйражал» атты сәйгүлігі мәреден екінші болып өтті. «Бұйражалға»  берілген жүлде – 3 300 000 теңге. Үшінші орынға тігілген жүлде – 1 650 000 теңге күрең бестіні келістіре баптаған алматылық атбегі Айдын Үтбаевқа, төртінші орынға тігілген жүлде – 650 000 теңге жіңішке торы құнан иесі, тараздық  Диас Мырзаханға, бесінші орынға тігілген жүлде – 500 000 теңге торы бие иесі, астаналық Қуаныш Әкімжановқа бұйырды.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары