ҚАРКЕН АХМЕТОВ ҚАЛДЫРҒАН ІЗ  

                           Ұлттық спорттың шынайы жанашыры болған, 1959-1971 жылдар аралығында Қазақстан спортын басқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ спортының дамуына зор үлес қосқан Қаркен Ахметоллаұлы Ахметовтың  кітаптарындағы ұлттық спорт деректеріне  қысқаша шолу
           Біз бұған дейін ұлттық спорттың ардагерлері туралы біршама жазба жарияладық. Сол жарияланымдардағы деректердің бастау-бұлағы 1960 жылы және 1969 жылы жарыққа шыққан  Қаркен Ахметов кітаптарынан алынған-тын. Бүгін осы екі кітапты және Қаркен ағаны оқырманға кеңірек таныстырып қоюды жөн көрдік.                                                  Назарларыңызға ұсынғанымыз, ұлттың намысы үшін қажыр-қайратын аямаған дүлділ басшы атқарған ұшан-теңіз еңбектің бір ширегі ғана.   Қаркен Ахметұлы    жиырма тоғыз жасында, 1959 жылы  республика спорт комитетінің төрағасы болған. Қазақ спорт басшысының Одақ көлеміндегі беделін айтар болсақ, 1963 жылдың аяғында Индонезияның Жакарто қаласында Еуропа, Азия, Африка елдері спортшыларының қатысуымен «ГАНЕФО» ойындары өтті. Осы «ГАНЕФО» ойындарына совет делегациясын Қаркен Ахметов бастап барды. «ГАНЕФО-ның» бірінші вице-президенті болды. Бұл оның совет спортындағы жоғары беделінің айқын дәлелі.
Ал, енді Қаркен Ахметұлының сол тұста ұлттық спортқа қамқорлығы қандай болды? Біз бұл сұрақтың жауабын мұрағат қорындағы 1959 жыл мен 1971 жыл аралығында баспасөз бетінде жарық көрген Қаркен ағаның баяндамалары, мақалалары мен сұхбаттарынан және аталмыш екі кітабынан табамыз. Сәті түскенде осындай олжаға кезіктік. Жарты ғасыр бұрынғы спорттың тарихы тасқа басылғандай сайрап тұр. Бұл жазбалардың ішінде не жоқ дейсіз. Дене шынықтыру мен спорт қазақ топырағында қалай өркен жайды? Қалың бұқараны спортқа тартудың қандай амалдары бар? Алғашқы топжарған саңлақтар қай салада көп болды, олар кімдер? Спортты дамытудың кедергілері қандай? Бүкілодақтық спартакиадалар мен әлемдік жарыстар қарсаңындағы ой-толғаулары өз алдына бір төбе. Тіпті, ол кісі межелі жоспарлар мен әр қилы бәсекелердегі жетістіктер туралы мәліметтерді үзбей жариялап тұрыпты. Одан қалды, шет елдерге шыққан сапарлары туралы жазғандары бар. Қысқасы, біздің қолға түскендерінің өзі бір кітапқа жүк боларлық құнды дүние.   «Социалистік Қазақстан», «Казправда», «Қазақстан коммунисі», «Мәдениет және тұрмыс», «Простор», «Советский спорт», «Лениншіл жас», «Ленинская смена» сияқты сол тұстағы ең беделді басылымдар беттерінде Қаркен аға қаламының ізі жосылып жатыр. Сөз саптасына, қалам қарымына қарағанда оны спорт басшысы емес,  журналист дерсіз.
Мысал ретінде ұсынып өтелік,  «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1959 жылғы санында жарияланған «Сіз спортқа қалайсыз?» атты көлемді мақаланы «Ұлы мерекелерде, той-думандарда ат жарыстырып, балуан күрестіріп,  өнер қызығына бататын халқымыз спортты шын мәнінде сүйеді» деп бастайды. Содан соң, КСРО халықтарының екінші спартакиадасындағы (1959 жылғы) қазақстандық спортшылар жетістігін айта келіп: «Әсіресе, спорттың жеңіл атлетика, суда жүзу, гимнастика, бессайыс сияқты түрлері әлі де кенжелеп келеді. Спортшылар қатарында қазақ жігіттері мен қыздары әлі де болса аз екендігін қынжыла мойындауға мәжбүрміз. Неге бұлай? Себеп қайсы?» дейді. «Менің ұлтымның ұл-қыздары спортта неге жоқ?» деген талап қояды. «Бірақ, гәп спорттың әр түрінен ұлттық кадрлардың өте аздығында. Талай той-думандарда ат құлағында ойнайтын, балуандар күресінде жауырыны жерге тимейтін қазақ жастары спорттың басқа түрлерімен шұғылдана алмайды дегенге кім сенеді?» деп шыр-пыр болады.
«Қазақстанның физкультура  мен спорты 40 жылда» кітабы туралы
Қазақ спортының тізгінін ұстаған кезден-ақ Қаркен Ахметов көкейінде «Мен жасамағанда кім жасайды?» деген құлшыныс буырқанып тұрған сыңайлы. «Қазақстанның физкультура  мен спорты 40 жылда» атты кітапшаны парақтап отырып осындай ойға бекіндік. Бұл туынды 1960 жылы жарық көрген. Авторы – Қаркен Ахметов. 50 беттік көлеміне қарап кітапша десек те, қамтыған тақырыбы бүтін кітаптың жүгін көтеріп тұр. Әрине, кітап заман ыңғайына бейімделіп жазылған. Десек, те осы еңбектің өн бойында қазақ топырағында спорттың қалай дамығаны туралы тарихи деректер тұнып тұр. Мысалы, 1918 жылғы Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысы бойынша  «Всеобуч» атты басшылық органы құрылған. Мағынасы – жалпыға бірдей әскери оқу. Осы орган денешынықтыру мен спорттың дамуына ұйытқы болған алғашқы ұйым екен. Келер жылында «Всеобуч» ұйымдары Қазақстанға да орныға бастаған. Алғашқылары Орынборда, Оралда, Семейде, Павлодарда, Өскеменде ірге тепкен. 1920 жылы Орынборда Қазақтың өлкелік нұсқаушы-ұйымдастырушы спорт мамандарын даярлайтын курс ашылған. Бұл курс сол жылы мектепке айналады. «Бұл мектепте оқитын 200-ге жуық курсанттың басым көпшілігі қазақ жастары болды» дейді автор. Тағы бір тұста, «1923 жылы Орынборда Кәсіподақтар кеңесінің қарарымен физкультура нұсқаушыларын даярлайтын тұңғыш курс ашылды. Ол курс тек қазақ жастарынан ғана физкультура кадрларын даярлауға арналды» деп нақтылайды. Байқап отырған боларсыздар, Қаркен аға «қазақ жастарын» айрықша атайды. Жалпы, 1918 жыл мен 1960 жылдың арасындағы қазақ жерінде өткен алғашқы шағын спорттық бәсекелерден бастап, тұңғыш спартакиадалардың қашан, қайда ұйымдастырылғаны, қандай ерікті спорт қоғамдарының құрылып, жарыстарды қандай деңгейде өткізгені, алғашқы үздік спортшылар есімдерін осы кітапшадан табасыз. Бір ғажабы, Қаркен аға деректерді жіпке тізгендей баяндап отырып сол спорттық бәсекеге неше қазақтың қатысқанын нақтылап айтуды ұмытпайды. Осы тұста, барлығын  болмаса да, бірнешеуін мысалға алсақ дейміз. Мәселен, «1928 жылы июль айында Петропавлда   тұңғыш Бүкілқазақстандық спартакиада өткізілді. Оған таңдаулы деген 206 спортшы қатысты, оның 14-і қазақ жастары болды» десе, тағы бір тұстарда «1933 жылғы Алматыдағы спартакиадаға 256 спортшы қатысты, оның ішінде 120 қазақтың жігіттері мен қыздары», «1934 жылдың көктемінде Алматыда тұңғыш рет шахмат-дойбы біріншілігі өтті. Жарысқа қатысқан 31 спортшының 12-сі қазақ жігіттері», «1936 жылы өткен тұңғыш гимнастика  жарысында әсіресе, Әбдірахманов, Жайшыбаев, Әдішев, Исатов және басқалар сияқты қазақ жігіттері жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды», «1936 жылы Алматыда күрестен спорт мектебі ашылды, оның оқушыларының  тең жартысына жуығы қазақ жастары», дейді. Ұлттық ат спортының тарихы үшін таптырмас тың деректі те осы кітапшадан таптық. «1948 жылдың бір өзінде ғана екі қазақ жасы СССР спорт мастері атанды. Республика чемпиондары мен рекордшылары арасында қазақ жастарының есімдері көптеп естіле бастады. Олардың ішінде Ташматов, Төленғалиев, Рахметжанов ат спортынан СССР рекордшылары болды» делінеді. Осы уақытқа дейін ат спортынан сонау 1948 жылы Одақтың рекордын жаңартқан қазақ ұлдары болған дегенді кім біліпті?  Міне, қазақ жастарының спорттағы қадамын спорт басшысы осылайша өрген де отырған. Ұлтының мерейін өсіргісі келген ұлдың құлшынысын осыдан-ақ айқын аңғарсақ керек-ті.   Бұл еңбектегі Қаркен ағаның тағы бір терең ойын мына бір деректерді оқып шыққанда аңдадық. Автор спорттың, денешынықтырудың қаншалықты пайдалы екендігін нақты мысалдармен айта келіп Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Талғат Бигелдинов сынды Кеңес Одағы батырларының кешегі топжарған спортшылар екендігін атап айтады. Спорттың осындай қаһармандыққа бастайтын жол екендігін жас ұрпаққа өнеге етеді. Қандай керемет мысал. Аты аталған қазақ қаһармандарының ерлігіне, батырлығына қанша қанық болсақ та, ол кісілердің спортшы болғандығын біздің өзіміз Қаркен ағаның осы кітабын оқыған соң ғана біліп отырмыз.             Спорт басшылығы қызметін қолға алғаннан бастап тумысынан сұңғыла адам  сол саладағы ойсырап тұрған тұсты бірден аңдаса керек. «Бұқараны денешынықтыру мен спортқа жеделдетіп ұйымдастыру» ұранын жалаулатып тартып кетпей, оң-солына байыппен қарайды. Қазақ спорт тарихының жазылмай жатқанына көзі жетіп, соны бір түгендеп тастауға бекініп, соған күш салады. Ақырында, сол олқылықтың орнын толтырып, спорттың қырық жылдық тарихын қамтыған туындыны біздерге мұра етіпті.

«Казахстан спортивный» кітабы туралы
Енді 1969 жылы «Казахстан спортивный» атты кітапқа тоқталайық. Кітап орыс тілінде жарық көрген. Алғы сөзін жазған спорт төрағасы Қаркен Ахметов. Құрастырушысы Қ.Ахметов пен А.Царев. Қазақстан спортының даму кезеңін, өткен тарихын, жеткен жетістіктерін дәлел-дәйектермен тұжырымдаған көлемді дүние. Енді осы кітапты парақтап отырсаңыз да жүрегі тек қазақ деп соққан Қаркен ағаның қолтаңбасы көзге ұрып тұр. Ең алдымен алғысөзде «…біздің республикада спорттың дамуы тек кеңес одағы тұсында ғана белең алды» дей келіп, «ал, оған дейін той, мерекелерде қазақша күрес, қыз қуу, жамбы ату, жаяу жарыс сияқты ұлттық ойындар өткізіліп келді» дейді. Айтқаны елеусіздеу, бірақ, кіріспенің ең басында, оңтайлы тұста. Алғысөзден соң, «Спорт халықтан басталады» деген тақырыппен (авторы М.Рахымқұлов) қазақтың ұлттық спортының бүге-шігесін баяндайтын деректі еңбек тұр. Мұнда «Қазақша күрес», «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Жорға жарыс», «Сайыс», «Көкпар», «Қыз қуу», «Күміс алу» сияқты ұлттық ойындардың әрқайсысы жеке-жеке тақырыппен және көлемді фотосуреттермен безендіріліп берілген. Ұлттық ойындардың жиырмаға жуық түрінің аты аталады. Одан соң ғана спорт түрлері рет-ретімен баяндалады.
         Міне, Қаркен аға қазақ жұрты өз топырағында 28 пайызды зорға құраған алпысыншы жылдардың басында ұлтының намысын қуып, осындай құнды дүниелерді тасқа басып қалдырды. Біле білсек, бұл шаруа сол тұстағы нағыз ерлікпен пара-пар. Қазақ спорты тарихының бастау-бұлағы  Қаркен ағаның пышақ қырындай кітапшасынан жылға тартатынын айқындап айтып жатудың өзі артық.  Жоғарыда біз келтірген қысқа деректердің өзі қазақ спорт тарихын кімнің түзіп бергеніне нақты дәлел емес пе?            Сөз соңында айтпағымыз, соңғы бес-алты жылда қазақтың ұлттық спорт түрлерінің дамуы қатты қарқын алды. Көкпардан, аударыспақтан, теңге ілуден, жамбы атудан, құсбегіліктен, бәйгеден бір емес, бірнеше халықаралық жарыстар ұйымдастырылды.  Біздің міндет, ұлттық спорттың тарихын жүйелеуді қазіргі кезден қолға алу. Қаркен Ахметовтың жоғарыдағы кітаптары бізге үлкен үлгі. Сондықтан, әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттарға арқа сүйемей, ұлттық спорттың бүгінгі құнды деректерін жеке  кітаптардың бауырына топтастыра беруге тиіспіз…
Төлеген ЖӘКІТАЙ    
 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары