АРДАГЕР КӨКПАРШЫ ӨМІРДЕН ОЗДЫ

 

Оңтүстік өңірге есімі мәшһүр ардагер көкпаршы Саттархан АБДАЛИЕВ жетпіс жасқа қараған шағында қайтыс болды. Саналы ғұмырын командалық спорттың дамуына арнаған қарт көкпаршының қысқаша өмір-дерегі төмендегідей өріледі.

 

        Саттархан Абдалыұлы –  1950 жылы 10 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Бейнеткеш ауылында дүниеге келген. Командалық көкпардан ат спорты ойындарынан КСРО чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы. Ардагер көкпаршы.

Саттархан көкпаршы  Қазақ ССР-інің құрама командасының тұрақты ойыншысы болып,  ат спорты ойындарынан Алматы, Краснодар, Пятигорск, Тибилиси, Киев қалаларында өткен КСРО чемпионаттарына қатысып, жеңімпаз атанды.

Саттархан Абдалыұлы командалық көкпар спортының дамуы жолында көп тер төкті. 1993 жылы Алматыдағы спортшылар даярлау жоғары мектебі жанынан құрылған «Тайлақ батыр» көкпар командасының бас жаттықтырушысы болды. «Тайлақ батыр» командасы  1993 жылы Шымкент қаласында өткен «Көкпар тойы – Тайбурыл» атты алғашқы республикалық көкпар бәсекесінде екінші орынды иеленді.

Саттархан Абдалыұлының ұйымдастыруымен 2013 жылдан командалық пен жаппай көкпардың тарихын,  қазіргі жетістіктерін насихаттаған «KOKPAR central asia» журналы жарыққа шыға бастады. Ардагер көкпаршы Қазығұрт ауданының ауылшаруашылық саласын дамытудағы мол үлесі үшін «Еңбек даңқы» медалімен марапатталды.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ардагер көкпаршының шаңырағына, әулетіне орны толмас қазаға байланысты көңіл айтады. Саттархан ағамыздың топырағы торқа,  жаны жаннатта болғай!

 Ұлттық спорт қауымдастығы

 

 

 

 

а

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары