Асық ойыны

ҚАРАҒАНДЫДА АСЫҚ АТУДАН ЧЕМПИОНАТ ӨТТІ

 

15-17 маусым күндері Қарағандыда асық атудан жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионат өтті. 8 команда арасында өткен елішілік чемпионатта астаналық жасөспірімдер бас жүлдені жеңіп алды.

         Қарағанды қаласындағы облыстық «Қайрат» ұлттық және ат спорты түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен жасөспірімдер чемпионатында 2002-2004 жылы туған жеткіншектер бақ сынады. Аталмыш жарыс туралы бізге Республикалық «Асық ату» федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржанов: «Асық ату спорты жыл сайын өркендеп келеді. Чемпионат өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сегіз өңірдің командасы қатысты. Жасөспірімдер чемпионаты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің, Республикалық «Асық ату»  федерациясының, Қарағанды облысы әкімдігі, Қарағанды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өтті. Барлығына рахмет айтамын. Сондай-ақ, осы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне  күш салған  «Қайрат» ұлттық және ат спорты түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Шаризат Қазтаевқа  айтар ризалығым шексіз. Қазтаев Шаризат қиыншылығы мен қызығы мол ұлттық спорттың жоғын жоқтап, оның кең етек жаюына зор үлес қосып келе жатқан Қарағанды өңіріндегі елімжан азаматтардың бірі.

Ал, жарысқа келсек, барлық өңірдің спортшылары жақсы дайындықпен келген. Үш күн бойы «Қайрат» мектебінің «С.Қайрат» атындағы жаңа спортзалында  өте тартысты бәсеке өтті. Нәтижесінде, бірінші орынды асық атудан Астана қаласының аға жаттықтырушысы Ескендір Рахметовтің шәкірттері жеңіп алды. Екінші орын Жамбыл облысының жеткіншектеріне, үшінші орын алматылық жасөспірімдерге бұйырды. Қарағанды жастары төртінші орынды иеленді» деген мәліметтерді айтып берді.

Еске салып өтсек, сәуірдің 19-22 күндері Петропавл қаласында асық атудан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру iстері комитетi ұйымдастырған ересектер арасындағы IV ҚР чемпионаты өткен болатын.  Ерлер мен әйелдер арасындағы елішілік чемпионаттың жүлделерін Астана қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қызылорда облысы, Ақмола облысы, Қостанай облысы және Солтүстік Қазақстан облысының командалары сарапқа салған еді.

Алдағы уақытта Астана қаласында асық атудан тағы екі ірі жарыс ұйымдастырылмақшы. Оның бірі – «Астана сақасы» атты қалалық ашық турнир болса, екіншісі – «Алтын сақа» атты халықаралық жарыс.

Баспасөз қызметі

Қауымдастықтың желідегі парақшалары