«АЛТЫН ЖЕБЕ» БАСТАЛДЫ!!!

Бүгін Елордадағы «Қазанат» атшабарында ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирі басталды.

            Жарыс бағдарламасы бойынша түске дейін «Азиялық стиль» бойынша бәсекеге түскен 25 мергеннің өнері қалың жанкүйерді тәнті етумен болды. Әсіресе, румыниялық, венгриялық, германиялық, оңтүстік африкалық садақшылар жанкүйерге  ат үстінен садақ атудың сан қилы шеберлігін көрсеткендей болды. Құйғыта шапқан бойы қас қаққанша бірнеше жебені бір   нысанаға дәл қадаған саңлақ садақшылар керемет ептілігі көрерменді таңдандырмай қоймады.

Қазақ елінің намысын қорғауға бел буған жеті мергеніміз бүгінгі бәсекеде жанкүйерді жерге қаратқан жоқ. Талғат Омарбаев, Елдос Бадашев, Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз, Айтбек Сарыбай және қос мерген қыздарымыз Әлия Камалова мен Рамиша Дидарова атқан жебелердің нысанаға дарымай қалғаны некен-саяқ. Қос кезеңде де ұпай санынан ешкімге  есе жібермей, ел көңілін өсірумен болды.

Қазақтың мерген қызы Рамиша Дидарова

Ресейлік мерген Павел Поляков

Моңғолиялық мерген Эрдэнэсувд Эрдэнэ

Тараздық сұрмерген Абзал Тулыбеков

Суретте: Оңтүстік Корея Республикасындағы Дүниежүзілік ат үстінен садақ ату федерациясының президенті Ким Юнг Суп мырза мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирінің салтанатты ашылуын ұлттық садақпен нысана атудан бастады.

Түскі үзілістен соң басталған І «Алтын жебе» халықаралық турнирінің салтанатты ашылуына қатысқан ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан өз сөзінде ұлттық спортқа құрмет көрсетіп, жанкүйер бола келген жұртшылыққа  шынайы алғысын айта келіп, ару Астананың 20 жылдығына орай өткізілген халықаралық турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі. Бүгінгі Конституция мерекесіне тұспа-тұс келген жарыстың салтанатты ашылуына қатысқан Қазақстандағы Түркия, Жапон, Румыния, Оңтүстік Корея елшіліктерінің өкілдері де қалың көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, спортшыларға табыс тіледі.

Жарысқа қатысушы мергендердің салтанатты шеруі, ұлттық ойын көріністерінен соң турнирдің екінші кезеңі жалғасты. Түстен кейін «Түрік стилі» бойынша мергендік сынасқан садақшылар бұл кезеңде де бірінен-бірі шеберлік асырумен болды. Мергендер екі кезеңде де тең дәрежеде өнер көрсетті.

Шешуші кезең «Қазақ стилі», яғни, Жамбы атуда байқалатын сыңайлы. Бұл бәсеке, бұйыртса, ертең түстен кейін басталмақ. Елорда төрінде өтіп жатқан халықаралық ұлттық спорттың жанкүйері болыңыз, ағайын!

Төлеген Жәкітай

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары