«АЛТЫН ТҰҒЫРДА»  ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен  «Қазмедиа» орталығының концерт залында «Алтын Тұғыр-2018» атты ұлттық спорт үздіктерін марапаттау жиыны өтті.

Ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін көтеруді мақсат тұтқан «Алтын тұғыр» салтанатты жиыны биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылды. Дәстүрлі марапаттау жиынына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы, ҚР Мәжіліс депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан қатысып,  ұлттық спорттың жыл үздіктеріне сыйлықтар тапсырып, құттықтау сөз сөйледі.

Елімізге танымал сахна саңлақтарының  сазды концертімен өрілген  биылғы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері – 2018 жылғы ұлттық спорттың халықаралық бәсекесінде дара шыққан жеңімпаздар болды.  Нақты айтқанда, Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатында, Теңге ілу мен Құсбегіліктен ІІ Азия чемпионатында, Жамбы атудан XIV Әлем чемпионатында, Көкпардан, Тоғызқұмалақтан, Асық атудан, Қазақ күресінен халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленген төмендегі спортшылар  «Алтын тұғыр» сыйлығын иеленді.

Ұлттық спорт түрлерінің үздіктер номинациясы бойынша «Үздік мерген» Абзал Тулыбеков,  «Үздік бәйге аты»  «Қаракөз» атты жүйріктің иесі Артығали Миразов, шабандозы Бекзат Сәдуақас,   «Үздік шабандоз»  Бауыржан Мырзабаев,  «Үздік көкпар командасы» – «Құлагер» командасы,  «Үздік көкпаршы»  Асланбек Сайдулла, «Үздік аударыспақшы» Шыңғысхан Ержанов пен  Азамат Серғазин,  «Үздік теңге ілуші» – Мағжан Сапарбек,  «Үздік құсбегі» Бабажан Берікболсын,  «Үздік қазақ күресінің балуаны» Ерсұлтан Музаппаров,  «Үздік тоғызқұмалақ ойыншысы» Әсел Далиева, «Үздік асық атушы» Мұхтар Ахметов деп танылды. Сондай-ақ,  Нұрлан Додай «Үздік жаттықтырушы»,  Қазақстанда өткен халықаралық ұлттық спорт чемпионаттарына Ресей ұлттық құрама командасын бірнеше жыл бастап келген   Ербол Еділбаев «Үздік жетекші»,  Гүлнар Базарханова «Үздік төреші» атағымен марапатталып, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Елімжан» медалі табыс етілді. Ал,  Дербіс Байділдаев, Бағдат Мүптекеқызы, Жомарт Сабыржанов, Өнербай Жанбала «Ұлттық спорт ардагері» медалімен марапатталды.

Сонымен бірге, ұлттық спорт саласының дамуына еңбек сіңірген көптеген азаматтар Ұлттық спорт қауымдастығының арнайы дипломы, алғыс хаты және қаржылай сыйлықтарына ие болды .

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары