«АЛТЫН ТҰҒЫР» ЖЕТІНШІ РЕТ ТАМАШАЛАНДЫ

Бүгін ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен, «Nur Otan» партиясының қолдауымен  «Қазмедиа» орталығының концерт залында «Алтын Тұғыр-2019» атты ұлттық спорт үздіктерін марапаттау жиыны өтті.

               Ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін көтеруді мақсат тұтқан «Алтын тұғыр» салтанатты жиыны биыл жетінші мәрте ұйымдастырылды. Дәстүрлі марапаттау жиынына «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сапиев, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы, ҚР Мәжіліс депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Б.Тілеухан және басқа да есімдері елімізге кеңінен танымал лауазым иелері қатысып, ұлттық спорттың жыл үздіктеріне сыйлықтар тапсырып, құттықтау сөз сөйледі. «Алтын тұғыр» салтанатына қатысқан көпшілік елімізге танымал сахна өнерпаздарының  сазды әуендерін тамашалады.

«Алтын тұғыр» – жастарымызды ерлікке, батылдыққа, ептілікке, өжеттікке, жүректілікке тәрбиелейтін, рухын шыңдайтын ұлттық спорттың дәстүрлі жиыны. «Алтын тұғыр» –  Ұлттық спорт бәсекелерінде ел намысын асқақтатып жүрген азаматтарымыздың есімін жыл сайын ардақтайтын  думанды кеш. Сол күні саңлақ спортшылар мен құрметті қонақтарға арналып қызыл кілем төселіп, арнайы қошамет жасалды. Құрметтеп қарсы алып, үздіктердің атақ-даңқын асыра таныстырып, мерейін тасытты.

«Алтын тұғыр-2019» марапатына «Үздік мергендер» санаты бойынша –  Айкөз Ералхан мен Бабажан Бақдәулет,  «Үздік бәйге аттары» –  «Қоянқасқа», «Үшқоңыр», «Қызжирен», «Үздік аударыспақшылар» – Аманжол Нұрбек,  Құралбай Ермек, Нармағанбет Иманғазыұлы, Ағабек Ғабит, «Қазақ күресінің үздік балуаны» – Нариман Тұтқышев, «Үздік тоғызқұмалақшы» –  Ғалымжан Темірбаев, «Үздік бүркітші» – Серікболсын Жалғасұлы, «Үздік теңге ілуші» –  Ғалымжан Ізжанов, «Үздік көкпар командасы» –  Жастар құрама командасы,  «Үздік көкпаршы» –  Құрманбек Тұрғанбек,  «Үздік төрешісі» – Ерлан Жүсіпов,  «Үздік жаттықтырушы» – Арслан Қабжанов,  «Үздік ұлттық спорт клубы» – «Әулие ата» спорт клубы, «Жаппай көкпар үздіктері» –  Ғалымжан Мырзабаев пен  Жомарт Кеңесбек ие болды.

Сондай-ақ, ұлттық спортқа еңбек сіңірген тұлғаларға берілетін  «Елімжан» медалі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Сәкен Мұсайбековке табыс етіліп, , ұзақ жылдар осы салаға еңбек сіңірген көптеген ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Елімізге танымал дәстүрлі әншілердің өнерімен өрілген «Алтын тұғыр» салтанатында Ұлттық спорт қауымдастығының басшылары мен құрметті қонақтар  жиналған көпшілікке мемлекетіміздің қарқынды қолдауы арқасында ұлттық спорттың қандай деңгейде көтерілгенін тарқата айтып өтті.

Мысалы, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өз сөзінде  жастарды бұқаралық спортқа баулуда ұлттық спорттың маңызы зор екендігін айтты. «Тәуелсіздік алғалы бері Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ең басты құндылығымыз – тілімізге, мәдениетімізге, руханиятымызға басымдық берді. Соның арқасында тіл мәртебесі көтеріліп келеді. Ендігі уақытта жастарды бұқаралық спортқа баулуымыз қажет. Оның ең маңыздысы – ұлттық спорт. Өйткені ол – халықтың рухын көтеретін маңызды шара. Көпшілік қолдаған халық партиясы ретінде «Nur Otan» осы бастаманы қолдап келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ұлттық спорт түрлерін жаңғыртуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Осыған орай партияның саяси доктринасында көзделген құндылықтар – қазақ тілі, руханиятымыз бен діліміз басым бағыттарымыздың бірі болып қала береді», – деді Бауыржан Байбек.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы: «Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің идеологиялық  басты бағытымыз. Ал, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамыту туралы нақты тапсырмаларды айтты. Халық денсаулығын жақсартуға арналған  бұл тапсырмалар бойынша елімізде ауқымды шаралар атқарылу үстінде.

Біз Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бұқаралық спортты дамыту» туралы айтқан нақты тапсырмаларын орындауды өзімізге үлкен міндет деп санаймыз. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай: «Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту өте маңызды». Сондықтан мен алдағы 2020 жылы Ұлттық спорт қауымдастығына жыл сайын өткізіліп жүрген республикалық, халықаралық жарыстардан басқа  көкпардан «Президент атындағы Кубок», аударыспақтан «Қазақстан Қабыланы»  жарыстарын және Жамбы атудан, Теңге ілуден, Құсбегіліктен,  Көкпардан Әлем чемпионаттарын жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырамын. Сондай-ақ, келер жылы біздің алдымызда 2021 жылы Қазақстанда өтетін І Бүкіләлемдік этноспорт ойындарына даярлық жұмыстары тұр. Шын мәнінде, жоғарыда аталған дүниежүзілік жарыстардың барлығы осы 2021 жылғы І Бүкіләлемдік этноспорт ойындарына даярлықтың бастамасы.

2021 жыл – Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын мерекелі жыл. Біздер сол мерекелі жылмен тұспа-тұс келетін І Бүкіләлемдік этноспорт ойындарын Нұр-Сұлтан қаласында жоғары деңгейде өткізуге күш саламыз.

Сөз соңында, ұлттық спорттың дамуы мен насихатына үлкен қолдау білдіріп келген ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, «Нұр Отан» партиясына, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына, Алматы облысы мен Атырау облысы әкімдеріне, Түркі ынтымақтастық және үйлестіру агенттігіне және ұлттық спорттың кәсіби мамандары мен қалың жанкүйеріне Ұлттық спорт қауымдастығы атынан шын ниетіммен  рахметімді айтамын.

Спортшыларымызға айтарым, «Алтын тұғыр» мерекесі құтты болсын!  Әлемдік жарыстардағы жеңістерің жалғасты бола берсін! Әр күндеріміз жеңіске толы болсын!» деп түйіндеді.

               ҚР Мәжіліс депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Б.Тілеухан: «Дана бабаларымыз «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді. Бүгінгі жиын ең алдымен биылғы жылдың дүбірлі додаларында дара шыққан үздік спортшыларымызды марапаттауға арналған.  Барлығын болмаса да, қысқаша айтып өтейін, Тұңғыш Президентіміз,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Жастар жылы» аясында, сәуір айында Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастырумен Алматыда тұңғыш рет Жастар арасындағы Азия чемпионаты өткізілді. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сияқты төрт спорттың түрінен өткен бұл І Азия чемпионатында 8 мемлекеттің жастары бақ сынады. Көзімізбен көріп қайттық, біздің жастар төрт спорттың түрінен де бас жүлдені иеленіп, көк байрағымызды көкте желбіретті. Сондай-ақ, осы Елорда төрінде мамыр айында ат үстінен садақ атудан «Алтын жебе» І Әлем  чемпионаты өтті. Дүниежүзінің оннан астам елінің айтулы мергендері қатысқан осы Әлем чемпионатының бас жүлдесін де қазақтың мерген ұлдары жеңіп алды. Атап айтсам, Ералхан Айкөз Әлем чемпионы, Абзал Тулыбеков Әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Сонымен бірге, құсбегіліктен, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық атудан өткен халықаралық жарыстарда қаншама спортшыларымыз топ жарды.

Осының барлығы біз үшін үлкен қуаныш. Ел Тәуелсіздігінің арқасында спортшыларымыз осындай  жетістіктерге жетуде. Сондықтан, ұлттық құндылықтарымызды әспеттеген мемлекетіміздің қадірін білу, тыныштықтың, бейбітшіліктің қадірін сезіну біздің әрқайсымыздың көкейімізде тұруға тиіс. Өткенді ұлықтай білейік, дәстүрді бағалай білейік.  Ақсақалдың қадірін азаматтар,азаматтың қадірін жастар білуге, ақсақалдар жастарға қамқор бола білуге тиіс. Сондықтан біз бүгін көпке үлгі болсын деген ниетпен қазір марапаттың басын осы жиында отырған ұлттық спорттың ардагер ақсақалдарына сый ұсынып, иықтарына шапан жауып құрметтеуден бастамақпыз. Бұл қариялар кезінде асаудың құлағында ойнаған, темір тақым көкпаршы болған кісілер. Бұл ақсақалдарды біздер кешегі батыр бабаларымыздың  сарқытындай көріп, құрметтейміз» дей келе, бір топ ардагер көкпаршыларды ортаға шақырды. Жас спортшылар ақсақалдардың иықтарына шапан жауып, қошамет көрсетті. Сондай-ақ, Қауымдастық президенті бұл күнде ұлттық спорттың даму қарқынын, халықаралық деңгейге көтерілгенін айта келіп, осы салаға қолдау көрсетіп келген барша азаматтарға деген шынайы  ризашылығын шешен тілмен, көркем оймен өрнектей жеткізді.

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары