«АЛТЫН ТҰҒЫР» ИЕГЕРЛЕРІ

Сонымен, жуырда ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы  ұлттық спорттың жыл үздіктерін марапаттады. Әрине, 2018 жылғы «Алтын тұғыр» кешінде марапатқа ие болғандардың қатары қалың. Бірақ, «Алтын тұғырдың» иегері атанған  саңлақтар санаулы ғана. Сондықтан, біз бүгін   «Алтын тұғыр» иегерлерінің фото-суреттерін спорттық жетістіктерімен бірге назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.  

«Үздік төреші» – Гүлнар Базарханова. Шығыс Қазақстан облысы ұлттық спорт саласының төрешісі. Өскемен қаласы әкімдігінің ат спорты бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәжірибелі қызметкері.

Гүлнар ханым 2009 жылдан бері ұлттық спорт саласында төрешілік қызмет атқарумен келеді. Осы саладағы еңбегі жоғары  бағаланып,  2013 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті Гүлнар Әскербекқызына ҚР Ұлттық жоғары дәрежедегі төреші атағын берді.

Гүлнар Базарханова Ұлттық спорт түрлерінен өткізілген көптеген республикалық,  халықаралық жарыстардың, атап айтқанда, бірнеше Азия чемпионаттарының, көкпардан Әлем чемпионатының бас хатшысы болды. Гүлнар Әскербекқызының ұлттық спорт түрлерінің бас хатшылық қызметін атқара бастағанына биыл тұп-тура 10 жыл толыпты. Әзірге, Гүлнар Әскербекқызы ұлттық спорт саласында Ұлттық жоғары дәрежедегі төреші атағын иеленген жалғыз қазақ қызы.

* * *

«Үздік көкпаршы»Асланбек Сайдулланы «Алтын тұғырда»  марапаттаған Республикалық «Көкпар» федерациясының президенті, кезіндегі даңқты боксшы, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдабеков.

        Асланбек Сайдулла – Түркістан облысының спортшысы. Еліміздің оңтүстік өңіріне есімі мәлім,  атақты Сайдулла көкпаршының немересі.

Көкпардан Еңбек сіңірген спорт шебері, Ұлттық құрама командасының белді ойыншысы. Асланбек 2007 жылдан бастап осы уақытқа дейін Көкпардан жастар арасында 4 дүркін, ересектер арасында 6 дүркін Қазақстан чемпионы атанды. 2017 жылы көкпардан Әлем чемпионы атағын иеленді.

***

          «Үздік аударыспақшы»СЕРҒАЗИН Азаматты «Алтын тұғырда» марапаттаған Респубикалық «Аударыспақ» федерациясының президенті, кәсіпкер Данияр Қобыландин. 

 СЕРҒАЗИН Азамат  – Ақтөбе облысының спортшысы. Аударыспақтан ҚР спорт шебері. Спорттық жетістіктері – 2012 жылы жастар  арасындағы  ҚР  чемпионатында, 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР  чемпионатында  ІІ орынды иеленді.  2017 жылы жастар арасындағы ҚР чемпионатында  ІІ орын алды. 2017 жылы ересектер арасындағы «Ақбидай» республикалық ауыл спорттық ойындарында 60 келі салмақта  чемпион атанды.  60 келі салмақта 2018 жылғы Қазақстан чемпионы және Астанада өткен ІІІ Азия чемпионатының чемпионы болды. Аударыспақтан ҚР Ұлттық құрама командасының негізгі мүшесі.

 ***

«Үздік жетекші» – Ербол Еділбаев. Ресей Федерациясы Алтай  Республикасы Қосағаш ауданында тұрады. Аудандық «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының» президенті.

Ербол Бердімұратұлы кезінде Самбо күресінен Әлем чемпионы, Дзюдо күресінен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған балуан.  Қазақ күресінен және ұлттық спорттан халықаралық дәрежедегі төреші.

Ербол Бердімұратұлы 2005 жылдан Ресейдің Алтай республикасында ұлттық спорт саласының дамуына белсене үлес қосумен келеді. 2013 жылы Қазақстанда ұйымдастырылған көкпардан Азия чемпионатына, 2014 жылы және  2018 жылы өткен Аударыспақтан Азия чемпионатына, 2015 жылы және  2018 жылы өткен Теңге ілуден Азия чемпионатына, 2017 жылы өткен көкпардан Әлем чемпионатына  Ресей құрама командасын Ербол Еділбаев бастап келді. Сондай-ақ, Ресей құрама командасы ұлттық спорттан Қытайда, Монғолияда, Қырғызстанда өткен халықаралық жарыстарға Ербол бапкердің жетекшілігімен   қатысты.

Еділбаев Ербол бапкердің бірнеше шәкірттері Аударыспақтан, Теңге ілуден Азия чемпионатының жүлдегері атанды.

***

         «Үздік тоғызқұмалақ ойыншысы» – Әсел Далиева. Қызылорда облысының спортшысы. Тоғызқұмалақтан «Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері».

Әсел  тоғызқұмалақ ойынының классика, блиц түрлерінен 2010-2017 жылдар аралығында 8 дүркін Әлем чемпионы атанды. 2013, 2016, 2018 жылдары үш мәрте Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Қазақстан Республикасы әйелдер арасындағы жекелей чемпионатының 13 дүркін жеңімпазы!

***

«Үздік құсбегі» –  Бабажан Берікболсын – Жамбыл облысының спортшысы. Берікболсын еліміздегі ең жас құсбегілердің бірі. Әрі ол кішкентайынан құсбегілер әулетінде тәрбиеленген спортшы. Берікболсынның бапкері – әкесі Жалғас. Берікболсынның туған ағалары Серікболсын мен Бақдәулет те бүркіт, қаршыға баптап, құсбегіліктен елішілік жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері атанды.

Бұған дейін Берікболсын Құсбегіліктен Қазақстан чемпионатының қаршығалар бәсекесінде төрт дүркін чемпион атағын иеленді. Жақында Алматыда өткен Құсбегіліктен ІІ Ашық Азия чемпионатында Берікболсын Бабажан қаршыға бәсекесінде Азия чемпионы атанды.

***

«Үздік теңге ілуші» – Сапарбек Мағжан – Түркістан облысының спортшысы. ҚР спорт шебері.

Теңге ілуден 2016 жылы  Ақтөбе қаласында өткен Жастар арасындағы ҚР чемпионатында – 1 орынды, 2017 жылы өткен Жастар арасындағы ҚР чемпионатында  2 орынды иеленді. 2017 жылы Алматы қаласында өткен ересектер арасындағы ҚР чемпионатында -1 орын алды. 2018 жылғы ҚР чемпионатының жеңімпазы және Астанада  өткен   ІІ Азия чемпионатының жеңімпазы.    Теңге ілуден ҚР Ұлттық құрама командасының негізгі мүшесі.

***

«Үздік шабандоз» –  Бауыржан Мырзабаев. Шабандоздық өнерді Алматы облысында бастаған. Бұл күнде Еуропаға есімі танымал азамат. Бауыржан шабандоз соңғы алты жылда 2000-ға жуық бәйгеге қатысып, соның 350-ге жуығында жүлделі орынды иеленген. Биылғы жылғы қыркүйек айында ол жокейлер арасында «Еуропа чемпионы» атағын жеңіп алды.

***

«Үздік қазақ күресінің балуаны»  – Ерсұлтан Мұзаппаров. Түркістан облысының спортшысы. Ерсұлтан балуан 2017 жылы Қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан чемпионы және «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды.  2016 жылы және 2018 жылы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы болды. Ал, 2018 жылы «Әлем Барысы» абсолюттік әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген балуан.

***

«Үздік аударыспақшы» – Ержанов Шыңғысхан  – Ақтөбе облысының спортшысы. Аударыспақтан ҚР спорт шебері. Спорттық жетістіктері – 2013 жылы 60 келі салмақта жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында және  2015 жылы 70 келі салмақта жастар арасындағы ҚР чемпионатында  І орынды иеленді. 2016 жылы  70 келіде жастар арасындағы ҚР чемпионатында чемпион атанды. 2017 жылы ересектер арасындағы «Ақбидай» республикалық ауыл спорттық ойындарының күміс жүлдегері болды. 2018 жылғы Қазақстан чемпионы және Астанада өткен ІІІ Азия чемпионатында 70 келі салмақта чемпион атанды. Аударыспақтан ҚР Ұлттық құрама командасының негізгі мүшесі.

***

«Үздік жаттықтырушы» – Нұрлан Додай. Ақтөбе облысының бапкері. Аударыспақтан ҚР спорт шебері. Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы.

Нұрлан Додай 2008 жылдан бастап 2017 жылға дейін «Ақтөбе қаласының дене тәрбиесі және спорт бөліміне» қарасты  «№3 Ақтөбе қаласының ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде»  ат спортынан  жаттықтырушы қызметін атқарды.  Оның шәкірттері  Бәшембаев Әліхан  Теңге ілуден ҚР чемпионатының 9 дүркін чемпионы, І Ашық Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Жамбы атудан Кеңесбаев Дәурен спорт шеберлігіне үміткер.

Сондай-ақ, Нұрлан Додай Аударыспақтан Азия чемпиондары Серғазин Азамат пен Ержанов Шыңғысханның алғашқы жаттықтырушысы.

Қазіргі кезде Нұрлан Додай Астанадағы Ұлттық және ат спорты түрлері орталығында жастардың ҚР Ұлттық құрама командасының теңге ілуден аға жаттықтырушысы.

***

     «Үздік мерген» Абзал Тулыбеков! Жамбыл облысының спортшысы. Жамбы атудан Спорт шебері.           Жамбы атудан жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері. «Алтын жебе» халықаралық турнирінің күміс және қола жүлдегері. Ересектер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері.

Биылғы жылы Оңтүстік Кореяның Каңвондо провинциясындағы Сокхчо қаласында ат үстінен садақ атудан өткен Әлем чемпионатында 23 мемлекеттің мергендері арасында командалық есепте жеңімпаз атанды және рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

***

        «Үздік асық атушы» – Ахметов Мұхтар. Қостанай облысы. Асық атудан «Алтын сақа» халықаралық жарысының үш дүркін жеңімпазы. Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының қола жүлдегері. Биылғы жылғы «Алтын сақа » халықаралық турнирінің Гран-при иегері.

***

«Үздік көкпар командасы» номинациясы бойынша – Түркістан облысының «Құлагер» командасы.  «Құлагер» командасы соңғы жылдары Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Команда спортшыларының басым бөлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық көкпар командасының негізгі мүшелері.

«Құлагер» командасының капитаны көкпардан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия, Әлем чемпионы  Бақтыбай Шырынқұлов. Команданың жетекшісі және бас бапкері Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғани Ахметбаев.

***

        «Үздік бәйге аты» –  «Қаракөз» атты Алматы облысының жүйрігі. Сәйгүліктің иесі – Артығали Миразов. «Қаракөз» жүйрік биылғы жылы Астана қаласының 20 жылдығындағы және Президент Кубогындағы аламан бәйгелерде 25 шақырым қашықтықта бас жүлдені иеленді. Шабандозы  – Бекзат Сәдуақас.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары