«АЛТЫН ТҰҒЫРҒА» ҮШ КҮН ҚАЛДЫ

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен, «Nur-Otan» партиясының қолдауымен  Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа» орталығының концерт залын «Алтын Тұғыр-2019» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау салтанаты  өтеді.

«Алтын тұғыр» – жастарымызды ерлікке, батылдыққа, ептілікке, өжеттікке, жүректілікке тәрбиелейтін, рухын шыңдайтын ұлттық спорттың дәстүрлі жиыны. «Алтын тұғыр» –  Ұлттық спорт бәсекелерінде ел намысын асқақтатып жүрген азаматтарымыздың есімін ардақтайтын  думанды кеш. «Алтын тұғырда» елімізге танымал әншілер сахна төрінде өнер көрсетеді.

«Алтын тұғыр» салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова,  «Nur-Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының Құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлы,  ҚР Мәжіліс депутаты, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан және басқа да есімдері елімізге кеңінен танымал лауазым иелері қатысады деп күтілуде.

Ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін көтеруді мақсат тұтқан бұл дәстүрлі марапаттау биыл жетінші мәрте ұйымдастырылады. «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері – 2019 жылғы ұлттық спорттың республикалық, халықаралық бәсекесінде дара шыққан жеңімпаздар болмақ.  Аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан, көкпардан Алматыда өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионатында, Елорда төрінде өткен «Алтын жебе» І Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған, бәйге мен құсбегілік бәсекелерінде топ жарған және тоғызқұмалақтан, асық атудан, қазақ күресінен халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленген көптеген спортшылар  «Алтын тұғыр» сыйлығына лайық деп танылады.

«Алтын Тұғыр-2019» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау 5 желтоқсан күні Елордадағы «Қазмедиа» ғимаратының концерт залында өтеді. Басталуы сағат 19-00-де.  Кіру тегін.

Ұлттық спорт ақпараты

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары