Бәйге

«АЛТЫН ТҰЛПАРДА» ЖҮЛДЕ АЛҒАН ЖҮЙРІКТЕР

«АЛТЫН ТҰЛПАРДА» – 2014 жы­лы 75 жүйрік, 2015 жылы 96 жүйрік, 2016 жылы 78 жүй­рік, 2017 жылы 37 жүйрік  бақ сынады.

                     «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің Қазақстанның ең үздік сәйгүліктері қатысатын, айтулы атбегілердің асыға күтетін қызықты мерекесіне айнала бастағанына бірнеше жыл. Нақты айтқанда, бұл ат жарысы ең алғаш 2014 жылы «Нұр-Отан» партиясының қолдауымен, партияның 15 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған болатын. Сондай-ақ,  «Алтын тұлпар» бәйгесі 2015 жылы «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай, 2016 жылы Қазақстан Респубикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне, ал, 2017 жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өтті. Барлық жарыс Нұр-Сұлтан қаласы аумағында тамашаланды.

«Алтын тұлпар» бәйгесін ұйымдастырудағы басты мақсат – қазақы қолтума жүйрік жылқылар тұқымының қалыптасуына ықпал жасау және ұзаққа шабатын бәйге аттарын баптайтын атбегілерді ынталандыру еді. Аз уақытта жұршылық көңілінен шыққан бұл ат жарысының кең қанат жаюына «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының Құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлының, Қауымдастық президенті Бекболат Тілеуханның сіңірген еңбегі   зор екенін атсүйер қауым жақсы біледі.

             Ең алғашқы «Алтын тұлпар» бәйгесінің қашықтығы 43 шақырым болғаны жанкүйерлер есінде. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей,  2014 жылғы аламанда Қарағанды облысының жүйрігі «Бақторы» алдына қара салмай дара келді.  Еліміздің атбегілері сол жолы бәйге қашықтығының 43 шақырымнан да көбірек болуын өтінген-ді.

2014 жыл. 43 шақырым.

Бас бәйге   «Бақторы», Қарағанды өңірінің жүйрігі

2 орын   «Рабат», Түркістан өңірінің жүйрігі

3 орын «Бекторы», Қарағанды өңірінің жүйрігі

 

 

2015 жылы «Алтын тұлпардың» бәйге жолы 51 шақырымға ұзартылды. Жаңа қашықтықта    Жамбыл облысының тұлпары «Cамалдан» озған қылқұйрықты болған жоқ.

2015 жыл. 51 шақырым.  

Бас бәйге – «Самал», Жамбыл өңірінің жүйрігі

2  орын – «Бейбарыс», Кереку өңірінің жүйрігі

3 орын – «Жаннұр» Алматы өңірінің жүйрігі

4 орын «Бақторы», Қарағанды өңірінің жүйрігі

 

2016 жылғы бәйгеде Жетісу өлкесінің жүйрігі «Жаннұр» мәреден жарқырап жалғыз өтті.  

2016 жыл. 51 шақырым.

Бас бәйге – «Жаннұр», Алматы өңірінің жүйрігі

2 орын – «Көкбастау», Қарағанды өңірінің жүйрігі

3 орын – «Көгершін»,  Жамбыл өңірінің жүйрігі

 

2017 жылы «Самал» сәйгүлік «Алтын тұлпардың» он миллион теңгелік бас бәйгесін екінші мәрте қанжығасына байлады.

2017 жыл. 51 шақырым.

Бас бәйге «Самал»,   Жамбыл өңірінің жүйрігі

2 орын – «Қоянқасқа», Алматы өңірінің жүйрігі

3 орын – «Қара айғыр», Алматы өңірінің жүйрігі

 

              «Алтын тұлпарды» тек Елорда төңірегінде ғана емес,  еліміздің басқа өңірлерінде де өткізгенді жөн көрген ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы кезекті аламан бәйгені Атырау өңірінде ұйымдастыруда. Жарыстың ресми атауы –  «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» V республикалық турнир. Сонымен, биылғы жылдың басты бәйгесі 12 қазанда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Талдыкөл ауылының іргесінде тамашаланбақ. Бұл ретте, бесінші мәрте ұйымдастырылатын «Алтын тұлпардың» еліміздің батыс өңірінде өтуіне ықпалдастық жасаған Атырау облысының әкімі Ноғаев Нұрлан Асқарұлының азаматтық белсенділігін атап айтуға тиіспіз.

Жайық жағасында өтетін «Алтын тұлпар»   бәйгесіне барлық жүйрік жылқы тұқымдары жіберіледі.  Еліміздің 14 облысы және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әрқайсысынан 5 сәйгүліктен қатысады. Жүлде қоры – 22 миллион теңге. Бас жүлдесі – 10 миллион теңге. Алдыңғы келген тоғыз жүйрікке жүлде беріледі.

Атырау өлкесінде бесінші мәрте ұйымдастырылатын биылғы айтулы аламанға еліміздің ең таңдаулы жетпістен астам сәйгүліктері бақ сынайды деп күтілуде. Бір қызығы, 2015 жылы және 2017 жылы «Алтын тұлпарда» екі рет бас бәйге алған «Самал» сәйгүліктің, сондай-ақ, 2017 жылғы аламанда екінші орын алған жетісулық жүйрік «Қоянқасқаның» атбегілері бабы келіскен тұлпарларының бағын Атырау топырағында тағы бір сынап көрмекке бекініпті. Сондықтан, білікті мамандар пікірінше Жайық жағасында өтетін «Алтын тұлпар»   бәйгесінің бұл жолғы бәсекесі тіпті ерекше болмақшы.

Төлеген Жәкітай

 

 

 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары