АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

 

Бүгін Астанадағы «Думан» қонақ үйінің «Дипломат» залында   Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт Қауымдастығының алқа мәжілісі өтті.

     Алқа мәжілісіне еліміздің барлық өңірінен федерация өкілдері, спорт мектептері мен клубтарының мүшелері қатысты. Күн тәртібінде биылғы жылға арналған күнтізбелік жоспардағы іс-шаралар талқыланып, ат спортының 4 түрі бойынша төрешілер алқасы құрылды. Осылайша, Аударыспақтың Бас төрешісі – Жаныс Саев, Теңге ілудің бас төрешісі – Рамазан Махатов, Көкпардың бас төрешісі – Нұрдәулет Момынов, Жамбы атудың бас төрешісі – Елдос Бадашев сайланды. Сондай-ақ, тәртіптік кеңестің жұмысы мен құрамын бекіту, көкпардан клубтық ойындардың ережесін таныстыру сынды мәселелер қаралды.

Сонымен қатар Ұлттық спорт Қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай «Жастар жылы» аясында сәуір айында Алматыда жастар арасында 8 елдің спортшыларының қатысуымен Азия Чемпионаты өтетінін мәлімдеді. Аударыспақ, теңге ілу, көкпар, жамбы ату, секілді ұлттық спорттың төрт түрінен өтетін сайысқа 21 жасқа дейінгі жастар  қатысады.

Наурыз айының 14-22 күндері  Қызылорданың Жаңақорған қаласында   1998-2001 жылы туған  жастар арасындағы Көкпардан – Х, Аударыспақтан – Х, Теңге ілуден – ХІІI, Жамбы атудан–V рет өтетін Қазақстан  Республикасының чемпионаты ұйымдастырылады. Бұл чемпионат – Алматыда өтетін Жастар арасындағы Азия чемпионатына іріктеу болмақ.

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары