АЙҚЫН БАСЫМДЫЛЫҚ ҚАЗАҚ  КӨКПАРШЫЛАРЫНДА

 

Жастар арасындағы І Азия чемпионатының бүгінгі күнгі үшінші кездесуі Қазақстан мен Өзбекстан командалары арасында өтті. Өзбек командасы – Азиядағы тегеуіріні мықты командалардың бірі. Өзбекстанның ересектер құрама командасы өткен Көшпенділер ойындарында күміс жүлдені иеленді.

Бірақ, көршілес мемлекеттерде  қазіргі кезге дейін жастар, жасөспірімдер командаларын даярлау біздің елдегідей бір  жүйеге түсе қойған жоқ. Мәселен, биылғы жылы Жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты ХІІІ рет ту көтерді. Елішілік чемпионатқа қатысқан 14 көкпар командасының ең үздік балуандарынан ҚР Жастар Ұлттық құрама командасы жасақталды. Ұлттық командамыз І Азия чемпионаты алдында Тараз қаласында арнайы оқу-жаттығу жиынынан өтті. Сөйтіп, бұл бәсекеге біздің жастар қапысыз даярлықпен келді. Осы І Азия чемпионатында Қазақстанға ең мықты қарсылас болуға тиіс Қырғызстан командасы еді. Бірақ,, қырғызстандықтар түсініксіз себептермен бұл чемпионатқа қатыспай қойды.  Сондықтан болар, біздің көкпаршылар алғашқы кездесулерінде өзбекстандық қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтып шықты.

Бір қызығы, бұл айқын басымдылық төреші ысқырығы шалынысымен-ақ байқалды. Команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек алғашқы салымды 8 секунд ішінде салып кетті. Іле-шала  екі салым салған тағы да Құрмаш балуан болды. Арада аса көп уақыт өтпей Мамыт Әділет, Жарылқасын Ернар, Асқаров Нұрлыбек ұпай санын еселеді. Ойынның алғашқы кезеңінде өзбекстандықтардан  Равшанов Хабибулло мен Абдукаримов Жахонгир ғана бір-бір реттен салым салды. Сөйтіп, ойынның бірінші кезеңі – 6:2 есебімен аяқталды. Алайда, ойынның екінші кезеңінде біздің көкпаршылар Өзбекстан командасына соқыр ұпай ұстатпады. Командалық көкпардың қыр-сырын шебер меңгерген   Ерсұлтан Әзімбаев, Ернұр Камелхан, Жасұлан Айтбай, Нұрислам Төлеп, Бақдәулет Серікжан қатарлы жас балуандар кездесу соңына дейін тағы 6 ұпайды олжалады. Сөйтіп, Қазақстан мен Өзбекстан командаларының ойыны – 13:2 есебімен аяқталды.

Еске салып өтсек,  соңғы Көшпенділер ойындарында   Қазақстан көкпар командасының жартылай финалда өзбекстандықтардан бір ұпай айырмашылығымен ұтылғаны біршама жанкүйердің таңданасын тудырғаны рас. Бірақ, қалың көпшілік қазіргі уақытқа дейін  Көшпенділер ойындарына қатысқан  кілең 21-22 жастағы Қазақстанның осы жастар құрамасы екендігін, ал, оларға қарсылас болған Өзбекстанның ересектер командасы  болғанын біле бермейді. Оның үстіне, біздің жастар Қырғызстанға атсыз және даярлықсыз барды. Ақиқаты осы. Ал, бүгінгі ойыннан біздің түйгеніміз, көкпардан  Қазақстанның  жастар құрама командасын дәл қазіргі кезде кез-келген елдің ересектер командасына қарсы салса, қаймықпай айқасуға  тас-түйін даяр екен.

Ұлттық спорт ақпараты       

Қауымдастықтың желідегі парақшалары