Жамбы ату

АДАҚ МЕРГЕН – ЕРАЛХАН

Ат үстінен садақ атудан жуырда Елорда төрінде өткен І Әлем чемпионатында дүниежүзінің саңлақ садақшыларынан үстем шығып, Әлем чемпионы атанған Ералхан мергенді қалай мақтасақ та жарасады. Қазақтан шыққан қазіргі адақ мерген – Ералхан Айкөз. Бәзбір оқырманымыздың «Адақ мерген» теңеуі қайдан шықты?» деуі әбден мүмкін. Сондықтан түсіндіре өтейік, «Адақ» – озық, дара деген сөз. «Ши үстінен шіркей атқан» сұрмергені көп заманда қазақ халқы мергендік сайысында үздік шыққан жігітті «Адақ мерген» атандырып, мерейін өсіреді екен. Сол ата дәстүрмен, біз де тұңғыш Әлем чемпионы  атағын иеленген Ералхандай аймаңдай ұлымызға «Адақ мерген» теңеуін лайық көрдік.

              Атап айту керек, ұлттық спорттың тарихында ат спорты бойынша қазақ ұлтынан тұңғыш Әлем чемпионы атанған спортшы – Ералхан Айкөз. Әрине, бұған дейін командалық көкпардан 2017 жылы 12 көкпаршымыздың, ат үстінен садақ атудан 2018 жылы Оңтүстік Кореяда қос мергеніміздің Әлем чемпионы атанғаны рас. Бірақ, олар Әлем чемпиондығына командалық есепте қол жеткізді. Ал, жеке-дара сайыста Әлем чемпионы атағын иеленген тұңғышымыздың Ералхан мерген екенін есте ұстауға тиіспіз.

          Суретте:  Ералхан Айкөз. 1999 жылы дүниеге келген. Жамбы ату спортымен шұғылдануды ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғани Ахметбаев басқаратын  Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінде 2014 жылы бастаған. Спорттық жетістіктері:  Жасөспірімдер және Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, «Алтын жебе» халықаралық турнирінің екі дүркін жүлдегері (2017, 2018), Жастар арасындағы І Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2019), Ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері (2019), «Алтын жебе» І Әлем чемпионатының чемпионы (2019).

Хош, деңіз. Ендігі айтпағымыз Михай мерген. Әрине, біздің адақ мергенімізге қатысты болған соң айтамыз. Ал, ол кім? Қысқа да болса таныстыра өтелік, Михай Козмей  ат үстінен садақ атудан әлемдік жарыстарда даңқы жайылған румыниялық мерген. 2014 жылы Сеул қаласында ат үстінен садақ атудан өткен  дүниежүзілік жарыстың чемпионы. 16 жасынан әскери жекпе-жек өнерімен шұғылданған Михай Козмейдің спортшылық даңқының өзі бір төбе. 1993-2004 жылдар аралығында Румынияның Варта Дорней қаласында Айки-до спортынан ұстаз болған. 2004 жылдан бастап «Жебе сапары» атты мектептің негізін қалап,  ат үстінен садақ атудан дәріс бере бастаған. 2013 жылдан  әлемдік жарыстарға қатысып, Түркия, Корея, Малайзия, Венгрия мемлекеттерінде өзінің теңдессіз мергендігін дәлелдеген әккі спортшы.

Осы Михай мергенді біз 2017 жылы Елордада тұңғыш ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турнирінде көрдік. Әрине, І «Алтын жебе» турниріне жалғыз Михай мерген емес, Малайзия, Польша, Финляндия, Түркия, Венгрия, Монғолия сынды мемлекеттердің айтулы мергендері қатысты. Нақты айтсақ, 11 мемлекеттен бас-аяғы 19 мерген бақ сынады. Сонда румын мергенінің теңдесіз өнеріне біз де алғаш тәнті болған едік. Әсіресе, шапшаңдығы сұмдық. «Қалқан ату» сайысында он секундта басқалар екі-үш оқтан ғана атып үлгерсе, ол нысанаға қарай жебені қарша боратады. Он секундта тоғыз оқ атыпты. Қалайша таң қалмайсыз? Құйғыта шапқан ат үстінен әр нысанаға қос жебеден қадаған тағы да осы Михай болды. Ақырында, ол І «Алтын жебе» турнирінің чемпионы атанды.

Суретте: «Алтын жебе» халықаралық турнирінің  чемпионы, румыниялық мерген Михай Козмей мен қола жүлдегер Ералхан Айкөз. 2017 жыл, 12 тамыз.

Сол жолы жарыс соңында бас жүлдеге тігілген миллион теңгені олжалап, көңілі көтерілген Михай Козмеймен біршама тілдескен едік. Сонда  Михай мерген не айтты деңіз? Әрине, біздің елге, халыққа деген ризалық пен құрмет, садақшыларымыз ойға түйе жүретін пайдалы кеңестер туралы біршама айтты. Алайда, Михайдың сол жолғы сөз түйіні – қазақ жастарының аз жылда Әлем чемпионы болатынын мойындауы еді. Ғажап. Венгрияның, Түркияның, Малайзияның әйгілі мергендерінің емес, біздің жастардың өнеріне жоғары баға бергені таңдандырған. Сөйтсек, әккі мерген өзінен озар сұрмергендердің өкше басып тұрғанын сол кезде-ақ тап басып таныған екен ғой. Негізінде, М.Козмеймен көлемді сұхбат сол 2017 жылы жарияланған. Енді соны ықшамдай ұсынып көрелік. Михайдың сондағы түйіндей айтқаны: «Алтын жебе» турнирінің чемпионы атанып, бас жүлдесін алғаныма ризамын. Ең алдымен барлық жетістіктерім үшін Құдайға шүкірлік деймін. Әрине, мен керемет діндар адам емеспін. Бірақ, сөзімді Құдайға ризашылығымды білдірумен бастаймын. Себебі, мен Құдайдан «Алтын жебеде» жеңімпаз атануымды шын ниетіммен жалбарынып сұрадым. Бір қызығы, дұғамның қабыл болғанын да сезіп жүрдім.

Аттың үстінен садақ ату – ол тек қана нысанаға дәл тигізу емес. Ол барлығына дайын болу. Мен ат үстінен садақ ату жарысына өте көп қатыстым. Алғашқыда менің нәтижелерім нөл болатын. Ылғи ұтылам. Ұтылыстан көз ашпадым. Ұтылыстардың да көмегі бар. Неге ұтылдым? Себебі не? Өзіңнен өзің сұрайсың. Ойланасың, зерттейсің, қателігіңді табасың. Рас, ұзақ жаттығу, шебер техникалық дайындықсыз нәтиже жоқ. Онымен бірге сенімге арқа сүйеуді, жаратушының қолдауын сұрауды естен шығармауға тиіссің.

Жастарға айтарым, нысана атар кезде ғана емес, жалпы жарыс жолына шыққаннан бастап қажетсіз нәрселердің бәрін ойдан шығару керек. Ешқайда көз тігіп қарама, ештеңені ойлап алаңдама.  Мысал үшін айтсам, мен жаттығуды күн сайын жасаймын. Садақ атпай жүретін кезім сирек. Үнемі ат үстінен садақ атуға әдеттену керек. Атқа тез үйренуге, аттың шабыстағы қозғалысына тез бейімделіп атуға машықтану қажет. Көрдіңіздер, біз турнирге еш дайындықсыз қатыстық. Атты да, Жамбы ату нысаналарын да сол жарыс басталатын күні ғана көрдік. Бірақ, міне, бас жүлдені ұтып алдық. Бұл, бұған дейінгі төгілген өлшеусіз тердің, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Мерген болу – үлкен еңбекті талап етеді.

Сіздердің жастарыңыз өте талантты, дарынды екен. Турнирде екінші, үшінші орын алған жігіттерді айтамын (2017 жылғы турнирдегі күміс жүлдегер Айтбек Сарыбай мен қола жүлдегер Ералхан Айкөзді айтады.Т.Ж.). Олардың мұндай ірі жарысқа қатысқан тәжірибесі жоқ, жаттығып-шыныққандарына да аса көп уақыт болмағаны көрініп тұр. Ал, ат үстінен садақ атудағы мергендіктері қатты таң қалдырады. Бұл олардың бойындағы туа бітті табиғи таланттың барын аңғартады. Егер    сол жастарды ұлттық садақ атуға жақсылап дайындаса, олар әлемдік жарыстардың бас жүлдесін әлі оп-оңай ұтып алатын болады».

2017  жылы  біздің Ералхан мерген он сегізге енді аяқ басқан, ұлттық садақты тиіп-қашып ұстағанына  үш жылдан жаңа асқан бозбала еді. Сөйте тұра, І «Алтын жебе» турнирінің қола жүлдесіне қол жеткізді.  Ал, арада екі жыл өткенде Михай мергеннің жоғарыдағы айтқаны шындыққа айналды.

2018 жылы екінші мәрте өткізілген «Алтын жебе» халықаралық турниріндегі Ералханның шеберлігі әлі жадымызда. ІІ «Алтын жебе» турниріне  әлемнің 11 елінің 27 сұрмергені қатысты. Жарыс басталғаннан румыниялық Михай мерген әдеттегідей суырылып  алға шықты. Сонда Михаймен үш кезеңде де үзеңгі қағыстыра алған жалғыз Ералхан ғана болды. Тіпті, «Түрік стилі» бойынша өткен бәсекеде Ералхан ат үстінен садақ атудан әлем чемпионы, Еуропаның бірнеше дүркін жеңімпазы Михай Козмей мен түріктің атақты мергені Алкан Ибрахим Алпереннен ұпай оздырып, бірінші орынды иеленді. «Қазақ стилінде» үшінші орынға табан тіреді. Алайда, «Азиялық стиль» бәсекесінде бірнеше мәрте мүлт кеткен Ералхан қорытынды нәтижеде ІІ «Алтын жебе» турнирінің күміс жүлдесін қанжығасына байлады. Жиыны 169, 65 ұпай алған румындық сұрмерген Михай Козмей  сөйтіп, екінші мәрте «Алтын жебе» турнирінің бас жүлдесін иеленді. Егер салыстыра қарасақ, сол жолы екінші орын алған Ералханның жиыны 145,97 ұпайы, садақ атумен ширек ғасыр шұғылданған Михай мергеннен аса кем соғып тұрған жоқ. Мысалы, сол бәсекеде Халықаралық жарыстардың сан мәрте  чемпионы атанған, Венгрияда ат үстінен садақ ату мектебін ашқан ең тәжірибелі сұрмерген Немати Кристоф Арпад жинаған ұпай жүзден сәл ғана асты. Еске салып өтсек, Немати Кристоф Арпад 2017 жылғы  «Алтын жебе» турнирінде бесінші орынды иеленген еді.

Сонымен, 2017-2018 жылдары халықаралық турнир ретінде дүниежүзі мергендеріне мәлім болған «Алтын жебе» бәсекесі биылғы жылы әлемдік деңгейге көтерілді. Елордада 1-2 маусым күндері «Алтын жебе» І Әлем чемпионаты өтті. Ат үстінен садақ атудан біздің елде тұңғыш ұйымдастырылған Әлем чемпионатына 12 мемлекеттен 24 мерген қатысты. Қазақ Елі бұл әлемдік додаға бес мергенін үкілеп қосты.  Атап айтсақ,   Ералхан Айкөз, Айтбек Сарыбай,  Абзал Тулыбеков,   Бақдәулет Бабажан, Ғалымжан Өміртай, Елдос Бадашев.

І Әлем чемпионатының екі күндік бәсекесі тым тартысты өтті.  Екі жыл қатарынан «Алтын жебе» турнирінің чемпионы болған Михай мерген І Әлем чемпионатында тағы да дара шығуға барын салып ұмтылды. Бірақ, оған Елорда төрінде үшінші мәрте чемпион атану бұйырмай тұр екен. Бұл жолы Михай мерген бесінші орынды қанағат тұтты. Айтпағымыз, Михай Козмей тек мерген ғана емес, қарсыластарының қарым-қабілетін  қапысыз танитын сұңғыла жан екен. Қазақтың болашақ адақ мергенінің дәл қасында жүргенін қалай тап басып айтқан десеңізші?  2017 жылы үшінші орынға, 2018 жылы екінші орынға табан тіреген Ералхан биылғы «Алтын жебе» І Әлем чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алып, ел мерейін бір тасытты. Олай болса, жасы елуді еңсерген Михай Козмей сынды  әлемдік доданың әйгілі сұрмергенінен  өнерін асырған жиырма жасар біздің Ералхан шын мәнінде «Адақ мерген» емес пе…

  Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары